Жуырда Алматыда көрнекті ақын, жыр жампозы Рахымжан Өтегеновтың 75 жылдығы аясында «Ақын болып жаратылған бұл жүрек» және «Қайта оралшы, аққуым» атты қос кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ол өткен ғасырдың 70-ші, 90-шы жылдарының арасында ақындық жыр додасында өзіндік қолтаңбасымен оқырман жадында қалған лирик ақын болатын. Балаң жырларынан бастап бүкіл шығармашылық ғұмырында Тұманбай Молдағалиевті өзіне ұстаз тұтып өтті. Рахымжанның нәзік те нәрлі шайырлық қуатын өзінің Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев, Тынышбай Рахимов, Дәуітәлі Стамбеков, Ибрагим Исаев сияқты қатарластары жоғары бағалады. Небары 44 жыл ғана ғұмыр кешкен ақын артында мол мұра қалдырды.
Жиында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, Төрағаның орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов, қарт қаламгер Сарбас Ақтаев, поэзия кеңесінің төрағасы Әділғазы Қайырбеков, бірге қызмет еткен Бейбіт Қойшыбаев, Жақыпжан Нұрғожаев, Марат Тоқашбаев, Талғат Айтбайұлы сынды әріптестері ақынның шығармашылық қарым-қабілеті мен мейірбандыққа толы мінез-құлқынан сыр шертті. Рахымжан Өтегеновтың артында оншақты жыр жинақтары қалды. Мұның бәрі лириктің келер ұрпаққа қалдырған мұрасы. Жиын соңында марқұмға арналып Ас берілді.
Жанерке МАРАТ
Comments