Өткеніңді білмесең ертеңің тұманды. Тарихымыз арқылы біз өзімізді танимыз. Қазақ халқының қаһарман ұлдарының ерлігі жүрегімізде батырлық рухын оятады. Қазақ халқының тарихында әділдігімен жұртты тамсантқан небір билер, қасарысқан жауына қан жұтқызған небір батырлар өткен ғой. Келдібек Бәйтерекұлы қазақ жұрты мақтан ететін сондай ерен тұлғаларының бірі болған. Төмендегі мақалада Келдібек баба туралы сыр шертіледі.
Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт өңірінде қасиетті Келдібек биге арналып құран бағышталып, ас берілді. Осы Келдібек баба кім? «Алаш» ғылыми зерттеу орталығының деректеріне қарағанда бүгінгі қазақ халқын ұзын ырғасы 45 тайпа құрайды екен. Солардың ішінде көне тарихты қаңлы тайпасының түп тегі Келдібек биден басталады деген деректер бар. Ол Иса Мәсіхтен (Исиус Христостан) алты-жеті ғасыр ертерек, яғни б.д.д. ҮІІ-ҮІ ғасырларда өмір сүрген. Ертеден жеткен деректерде Келдібек Майқы биден, кейбір шежірелерде Қоғам бидің ұрпақтарынан таратылады.
Қоғам бидің жетінші ұрпағы Бәйтерек асқан батыр, қаһарман қолбасшы болыпты. Келдібек би осы Бәйтерек батырдың бел баласы екен. Елі мен жерін жаудан қорғаймын деп жүріп бір шайқаста әкесі Бәйтерек қаза табады. Жастай жетім қалған Келдібек ширақ болып өседі. Ол әкесінің майдан даласындағы соғыс өнерін меңгереді. Бір ерекшелігі найзаласудың ерен шебері болыпты. Жекпе-жекте жаудың қандай батырын да түйреп кете береді екен. Батырлығы үшін жұрт арасында үлкен құрметке бөленген. Жауға шапқанда «Бәйтерек! Бәйтерек!!» деп ұрандап дұшпанның құтын қашырады екен. Осы ұранмен ел үнемі жеңіске жететін болған. Келдібек білімге де құштар болады. Ел арасындағы дауды да әділ шешетіндіктен отызға толмай би атанған.
Аспан әлеміндегі жұлдыздарға, күнделікті ауа райының құбылыстарына зер салып, тәжірибе жинақтайды. Алдағы жаз бен қысқа қатысты ауа райын болжап білетін дәрежеге жетеді. Айтқан болжамдары талай рет дәл келеді. Халық оның өнерін мойындап, болжамдарын «Келдібектің келісті кері есебі» деп атаған.
Kommentarer