top of page
Patriot Tulga

Жаһандық экологиялық проблемаларды шешу жолдары

Обновлено: 24 июн. 2023 г.





Жанерке МАРАТ,

Қазақстанның «Байтақ»

Жасылдар Партиясы»

қоғамдық

бірлестігінің мүшесі





Техникалық прогрестің алға жылжуы адамзат қауымын қаншалықты қуантқанымен, соншалықты зардаптарымен де алаңдатып отырғаны бүгінде барша әлемге аян.

Күннің ыстығында ауаны салқындататын желдеткіштің де, азықты сақтайтын тоңазытқыштың да табиғатқа тигізер зияны аз емес. Мәселен, тоңазытқыш фреоны көктегі озон қабатындағы тесікті ұлғайтуға өте белсенді екендігі талай жылдардан бері айтылып та, жазылып та келеді. Өкінішке қарай, бұған құлақ асып жатқан жан бар ма?!..

Озон қабаты жерге ультракүлгін сәулелерді жібермейтін перде қызметін атқарады. Озон молекулалары концентрациясының азаюы Жерді қорғау қабатының жұқаруына апарып соқтырады. Ультракүлгін сәулелердің тікелей өтуі адам баласының денсаулығына үлкен зардабын тигізеді. Мұның салдары тері онкологиясының туындауына апарып соқтыртады.

Фреон ауаға өндіріс кезінде және тоңазытқыштарды жөндеу кезінде де тарап кетеді. Мамандардың айтуынша, фреонды тоңазытқыштарды утилизациялау кезінде зиянды заттың 95 пайызы ауаға тарап кетеді екен. Ультракүлгін сәулелерінің әсерінен фреон молекулалары хлор атомдарына ыдырап, соның салдарынан озон молекулалары жойыла бастайды екен. Бұл процесс бір ғасырға дейін жалғасып, 100 мың озон молекуласын жоятындығын алға тартады мамандар. Сондай-ақ жылыжай эффектісінің де ғаламдық экологияға әсерін сезіп жатырмыз. Бірақ фреонның зияны көмірқышқыл газынан 1300-8500 есе белсенділігі жоғары. Фреонның адам тұрмысына қажеттілігін қай-қайсысымыз да жақсы білеміз, бірақ оның экологиялық үлкен зардаптарға алып келетінін ойласақ, ғалымдар осы мәселе төңірегінде көп ізденуі өте маңызды.

Адам баласы қоршаған ортаны сақтауда кешенді түрде жұмыла жұмыс жасауы керек. Еуроодақ елдерінің аймағында бір кәделік пластикті өндіруге және пайдалануға тыйым салу жөнінде заң қабылданып, ол 2021 жылдың 3 шілдесінде күшіне енді. Тыйым салынған тауарлар: бір кәделік басы мақта құлақ шұқығыштар, тамақ салатын ыдыстар, асханалық тұтыну құралдары /қасық, шанышқы, пышақ/, полистиролдан жасалынған контейнерлер, пластик ұстағыштары бар әуе шарлары, т.б. заттар.

Швейцарияда қоқыстың 50 пайызы утилизацияланады. Бұл елдің экологиялық сауаты әлемге үлгі. Егерде швейцариялық азамат қайта өңделетін немесе екінші рет пайдалануға болатын затты қоқысқа тастайтын болса, қазынаға салық төлейді.

Франция мерзімі өтіп кеткен сапалы заттарды утилизациялауға тыйым салды. 2016 жылдан бері сатылмаған азық-түлік қайырымдылық қорларына немесе мал өсіретін шаруашылықтарға жіберіледі. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап супермаркеттерде жеміс-жидектерді пластикпен сату тоқтатылды.

Италияда мектеп бағдарламасына тұрақты даму концепциясы бекітілді. Бұл бағдарламада болашақ буын үшін экологияның маңызы түсіндіріледі. Цивилизацияның, жаһандық жылынудың ғаламшарға әсерін, сондай-ақ заманауи экологиялық проблемаларды шешу жолдары оқытылады.

Экологияны сақтаудың алғы шарты – халықаралық келісімдер мен заңдар қабылдау.

1972 жылы БҰҰ қоршаған ортаны қорғауға байланысты Стокгольм декларациясын бекіткен болатын. Бұл құжатта 26 экологиялық принципті әлемдегі барлық мемлекеттер сақтауы туралы айтылды. Орны толмайтын ресурстарды сарқа пайдалануға және ауаны улы заттармен ластауға тыйым салынды. Жарты ғасырдан бері өзектілігін жоғалтпаған бұл құжаттағы мәселелер әлі де адамзат баласының экологияға жанашырлығы мен жауапкершілігін күшейтуді талап етіп отыр.

Экологияны сақтауға байланысты 2015 жылы 197 ел Париж келісіміне қол қойды. Мүшелердің міндеттері – парник газдарының лас шығарылымын 1,5-2°С температурадан асырмау. Еуроодақ елдері 2050 жылға дейін «жасыл» энергияға көшуді көздеп отыр.


Кез келген мәселені шешу қаражатқа келіп тірелетіндігін қай-қайсысымыз да жақсы білеміз. Сондықтан экологияны қалпына келтіруге қаражат бөлу халықаралық деңгейде көтерілді. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2021-2030 жылдарды экожүйені қалпына келтіру және климат өзгерістерімен күресу онжылдығы деп жариялады. Бұл көтерілген мәселенің ең маңыздысы топырақ құнарлылығын көтеру болып отыр. Мамандардың зерттеуі бойынша 2 млрд-тан аса қырқылған орман мен деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіріп, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға болатындығы баса айтылды.

Экологиялық проблемаларды болдырмас үшін жаңа технологиялық мүмкіндіктерді пайдалану да өте маңызды.

Ауаны тазартатын технологияларды пайдалану, электр қуатын күн, жел сияқты баламалы қуат көздерінен алу.

Ауаны тазарту, микроклиматты қалпына келтіру үшін елді мекендерді, қалаларды көгалдандыру қажет.

Әсіресе көше бойына, өндіріс орындарының жанына ағаш отырғызу – зиянды заттардың таралуын азайтады.

Экологиялық проблемаларға үңіле отырып, оны шешудің түрлі жолдарын қарастыруға болады. Мәселен, шикізатты бірнеше рет өңдей отырып, қайта пайдалану арқылы қоқыс көлемін 80 пайызға азайтуға болады екен. Оның басты бағыттары: қоқыстарды іріктеп, оны қайта өңдеу арқылы жаңа өнім өндіруге жол ашу;

Затты пайдалану мерзімін ұзарту және бірлесе пайдалану (шеринг);

Экологиялық тұрғыдан таза тауарларды өндіру;

Тұтыну жауапкершілігі – артық зат алудан бас тарту, азық-түлікті қажетіне қарай есептеп алу.

Сондай-ақ атмосфераны ластанудан көмір мен мұнай өнімдерінен бас тарту арқылы сақтауға болады. Бұған баламалы қуат ретінде судың /кіші ГЭС/, күннің, желдің қуатын, сонымен қатар Жер қойнауының қуатын пайдалануға болар еді.

Ауаны ластауда автокөліктердің де үлесі аз емес. 2035 жылдан бастап Еуроодақ елдерінде іштей жану қозғалтқышы бар автокөліктерді сатуға тыйым салынбақшы. Оларды электромобильдер алмастырмақшы. Бұларға арналған жанармай бекеттеріне €120 млрд көлемінде қаражат бөлу жоспарлануда. Халықаралық энергетикалық агенттігінің ұсынған тұрақты даму сценарийіне сәйкес 2025 жылға қарай әлем елдерінің жолдарында 70 млн-ға жуық автокөліктер аккумуляторлы батареймен жүреді деген болжам бар. Ал 2030 жылы электромобильдер саны 230 млн болады деп жоспарлануда.

Әлемдік экологиялық проблеманы шешу үшін әлемдік мұхиттардағы экожүйені: балдырларды, тұзды батпақтарды, мангр тоғайларын, коралл рифтерін, мегафаунаны /акулалардың, киттер мен басқа да ірі теңіз жануарларының өсуін/ қалпына келтіру өте өзекті. Сондай-ақ мұхиттарды қоқыстардан тазартып, балық аулауды шектеу қажет. Ғалымдардың зерттеуінше, әлем елдерінің бұл мақсатқа қол жеткізуі үшін жылына $20 млрд қаражат жұмсауы қажет.




6 874 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Commentaires


bottom of page