Оразбекова Күләш Айтмолдақызы,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
профессоры, психология
ғылымдарының докторы
Тәртіп ‒ қарамағындағылардың барлық күш-қуатын ортақ парыз негізінде біріктіру. Жауынгерлік сезімді саналы түрде түсінуге сарбаздың бойында қызметтік міндеттерін өте жақсы орындап шығып көзге түссем деген ынталылықты ішкі жинақылықтың белгісі болып табылатын жайдарлығымен, сергектілігімен, күш-қуатының артуымен, ұқыптылығымен ар-намысты, абыройды жоғары ұстаудың белгісі болып табылатын сырттай мұнтаздайлығымен, парызға адалдықтың белгісі болып табылатын тәртіптілігімен, ілтипаттылықтың белгісі болып табылатын биязылығымен, шешімталдықтың белгісі болып табылатын қызбалығымен, батылдықтың белгісі болып табылатын албырттылығымен, ерік-жігерлігі мен табандылығының белгісі болып табылатын қайсарлығымен, сүйіспеншілік пен абыройлықтың белгісі болып табылатын намысқорлығымен үздік шығуға ұмтылушылыққа тәрбиелеу жолымен қалыптастырылады.
Тәрбие жұмысының мақсаты – адамның бойында жауынгерлік қасиетті қалыптастыру. Бұған адамды иландыру арқылы қол жеткізеді, отбасыңа, халқыңа, Отаныңа, мемлекетке берілгендік, үлкенді сыйлау, заңды, тәртіпті, салт-дәстүрлерді сақтау, жеке адамның игілігімен етене байланысты, қоғамдық игілік жөнінде қамқорлық жасау өмірлік әрі рухани қажеттілік болып табылады, қоғамдық қажеттіліктерге (әркімнің қабілетіне қарай) деген дұрыс көзқарас қоғамнан лайықты бағасын алады. Бұл ұғымдар тәрбиелеу арқылы сана-сезімге сіңіріледі де, адамның бойында саналы іс-әрекет жасау үшін дербес мінез-құлық қалыптастырады; жауынгердің адамгершілік келбетіне қорқыныш пен құлдық ұрушылық жат болуға тиіс, мұның өзі шексіз сүюшілік пен мемлекетке, халқыңа шын жүректен сенушіліктін мән-мағынасын білдіреді. Тәрбие тәсілін жүзеге асыру оны жоспарлаудан басталады. Тәрбие тәсілін іске асыру бойынша қызметінің негізгі бағыты бөлімше ұжымының тәрбие жұмысын үйлестіруі, бірыңғай психологиялық талаптардың нұсқауларын дайындауы болып табылады. Барлық тәрбиелік күш қуатты үйлестіру және келісіп шешу – бұл алға қойылған жоспарларды орындау, орындалуын бақылау және тексеру, тәрбие іс-шараларының сапасы мен тиімділігін бағалау, бар әскери-педагогикалық үрдісті түзету, тәрбиешілерге психологиялық көмек көрсету, оларды оқыту бойынша қызмет. Қажыр-қайрат, сабыр-тағат тәрбиесі, бұл адамдықтың негізі. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесінде, яғни, отбасы тәлімінде қажыр-қайрат, сабыр-тағат тәрбиесіне ерекше мән берген. Себебі, қажырды мұрат-мақсат пен арман тілекке жету жолындағы алтын тірек десе; қайратты сол көздеген мақсат мұрат пен арман-тілекке жеткізетін рухани күш; ал, сабыр тағатты ақыл ойдың алтын көпіріне балап, ұрпақтарын биік мұрат, асқақ арманға жету үшін қажыр-қайрат көрсетіп, әр қандай да қиындыққа бас имей, сабыр-тағат көрсетуге баулып отырған.
Командирге керекті басты қасиеттер мыналар болу керек, күшті қайрат, кейде үздік жетілген қайрат, өз бетімен ойлау, өздігінен істей білу, кейде кенеттен ұшыраған жұмысқа тез жол тауып, айла құрып, шыға білу. Оның үстіне осы қызметін пайдалы деген сана, өз қызметін шын сүю қажет. Мұндай сана болмаса өзге қасиеттері қандай күшті болса да жарытпайды. Қызметін сүю, жан-тәнінің барлық күшін дәуірлетіп, шабыттандырады, қыздырады, ерлікке, батырлыққа жетелейді. Өзгелерге бұйрық беріп бағындыруды білуде тағы да түрлі қасиеттер керек. Азды-көпті көсемдігі (инициатива), тапқырлығы, қызметке құнты, батылдығы, тәуекел шілдігі, ұстамдылығы, шыдамдылығы болмаса, жақсы басшы бола алмайды. Жұмыс өнімді болуға тағы бір керекті сипат: жан тәнімен түгел берілу, арманына жетуге бар талабын, ақыл-айласын, жігерін салған әскер басы өзгелерді де ұйытып соңынан ертіп, мұратына қарай жетектеу күші арта береді. Командир жалпының мүддесінен тыс жеке мүддені қорғамай, өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіне білгені жөн. Командир ессіз батыл да, парасатты батылсыз да болмауға тиіс, бір жақтылық ‒ офицердің міні, кемшілігі. Командир бұл қасиеттерді үйлестіре білгені жөн. Командир бір жақты, берекесіз, ұстамсыз адам болмауға тиіс, ол қызметтік намысқорлық пен менмендіктің не екенін терең түсіне білуі керек, ол қызметтік өзімшілдікті жеке бастың тоғышарлығынан ажырата білуі қажет. Оның жарағында қару-жарақпен бірге өзінің шынайылығымен, шын көңілден шыққан қарапайымдылығымен сарбаздың жан дүниесін баурайтын, оған әсер ететін қарапайым жауынгерлік сөз болуға тиіс.
Командир жауынгерге, оның адамгершілігін кемітпей, аласартпай, кайта сезіміне, ар-ожданына, жансезіміне әсер ете отырып, барлық ықпал ететін шараларды шебер қолдана білгені жөн, ал мұның өзі тұтас бір өнер болып табылады, бұл өнерді игеруге кез келген парасатты ойлай білетін командир ұмтылуға тиіс. Сарбаз оның басты назарында тұруға тиіс. Тәртіптің ең маңыздысы:
1. Егер сарбаздың басқарушымен жақын, достық қарым-қатынасы жоқ кезде жазаланса, сарбаз оны мүлтіксіз тыңдап, бағынатын болады. Ал егер қарама-қайшы қарым-қатынас болса, сарбаздың бағынуы қиындықтар туғызады.
2. Сондықтан қатаң тәртіп, адамгершілікті басқару да ең биік нәтижеге жеткізеді.
3. Егер оқу-тәрбие ісінде сарбаздар бұйрықты тез орындауға дағдыланған болса, мықты тәртіп орнайды, керісінше болса, тәртіп босаңсыйды.
4. Егер басқарушыда сарбаздарына деген сенім мықты болса, бұйрығы тапсырманы орындауда өзгермейтін, талабы бас кезіндей мықты болса, екі жақтың қарым-қатынасы біркелкі ойдағыдай болады.
Сарбаздарға қауіп тудыратын нәрсе:
1. Егер сарбаздар қарсыластары өзінен мықты болып шықса, қашады, жаппай қашу орын алады.
2. Егер сарбаздар өзін басқарушыдан мықты, ал басқарушы әлсіз болса, оған бағынбаушылық орын алады.
3. Егер бастығы мықты, ал сарбаздар өте әлсіз болса, көңіл-күй төмендейді.
4. Егер басқарушы себепсіз ашушаң болса, өзінің сарбаздарының мықты жағын бағаламаса, сарбаздардың ашуын, жеккөрушілігін тудырып, талабын жасамаушылық орын алады.
5. Қандай да қиын жағдай болмасын, егер басқарушы қабілетті, тез дұрыс шешім таба алатын болса, ісі алға басады.
6. Басшының пара алудан аулақ болуы қажет.
7. Өзінен басқаның қабілетін одан жоғары екеніне өте қызғанушылық көрсету.
8. Өсек-аяң айтатын адамдарға жақын болып, соларға сенушілік білдіруі.
9. Өз бойындағы кемшілігін білмей, басқаның кемшіліктеріне дұрыс баға бере алуы.
10. Өз бетімен шешім қабылдай алмауы.
11. Келеңсіздіктерге көз жұма қарауы.
12. Өтірік айтуға жаны құмар, екіжүзділік.
13. Арам, білімсіз, дұрыс тәртіп орнатуға немқұрайды қарауы.
14. Қулықпен өз дегеніне жететін басшы.
15. Сарбаздарға тапсырма бергенде, өз ойын оларға білдірмеу, айтпау.
16. Қарым-қатынаста өзін тым жоғары ұстау, сарбаздардың намысына тию.
Осы орайда Сократ «Адам өзінің борышы мен мұратын аяқасты етсе, бұл өлімнен де күшті» деп санаған. Ал қазақ перзенті Б. Момышұлы: «Адамның әр харакетінен оның жан дүниесінің сыры аңғарылады» деген.
Әскери тәрбие мәселесі ‒ бұл жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян-қолтық айқасқа дейінгі аралықта жүргізіле беретін тәрбие мәселесі болып табылады.
Ата-ана тәрбиесі ‒ мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне жатады. Мектеп тәрбиесі, коғамдық-жастар тәрбиесі - адамның қалыптасуындағы ең басты кезең. Адам қоғамдық тәрбиеге ақтық демі біткенше мұқтаж болады, қажет етеді. Ересек адамға тәрбие беруді жалғастырудың қажеті жоқ деушілік мүлдем қате.
Сарбаз ‒ ересек адам, бірақ оның қоғамдық жағдайы сарбазды төменгі дәрежеде болуға міндеттейді, ал әскерде бұл дәреже жасөспірімдерден кем емес қамқорлық қарым-қатынасты жасауды, қорғаншы болуды қажет етеді. Сарбаз жанының құнарсыз жерден нәр алуына жол беруге мүлдем болмайды. Майдандағы қазақ жауынгерлері өзінің ана тілінің, туған әдебиетінің, төл музыкасының сарқылмас қазынасынан тіпті болмашы, мардымсыз нәрсе болса да ала алмай отыруын мен қылмыс деп есептеймін дейді Бауыржан Момышұлы. Ол көбінесе аналар баласын жөргегінде жатқанда бүлдіріп алады. Бізге осындай жөргегінде жатып жөнді тәрбие алмаған адам кез келеді, ата-анасы 22 жыл бойы бұзып келген осындай адамды, мен екі жылдың ішінде қайтіп түзей алмақпын? Оның үстіне қырсыққандай командирлердің бәрі бірдей тәрбиеші бола алмайды. Біздің жастарымыздың жартысы бетімен кеткен, тәртіпсіз, олардың үлкендерді сыйламайтыны, дөрекілік көрсететіні құпия емес. Қазақ халқы: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер», - дейді. Егер бала жөргекте жатқан кезінен-ақ анасын тыңдамай, бес жасынан әкесімен тайталасып, тілін алмай, бұзақы болып өссе, онда өсе келе одан сөзсіз жаман адам, жаман сарбаз шығады. Мұндай жөргегінде ұрған адамды қайта тәрбиелеу, оның бойына жауынгерлік игі қасиеттерді дарыту командирдің ғана қиын да ауыр міндеті болмаса керек. Ұқыпсыз, жауапсыз ата-аналардың тәрбиелеп өсірген мұндай жүгенсіз балаларынан командирдің де жақсылық күтуі екіталай. Балаға адамның, азаматтың бойындағы барлық жақсы, асыл қасиеттер ананың ақ сүтімен бірге берілуі қажет, сонда ғана одан жауынгер шықпақ. Сонда ғана әскер өз қатарына өнегелі азаматты, жақсы жауынгерді қабылдай алмақ, ал қазір біздер кейде азап шегіп, қайта тәрбиелеу жұмысына көп уақытымызды, күш қуатымызды сарп етіп, жүйкемізді тоздырып келеміз.
Әскерге дейін жақсы азаматты тәрбиелеп өсіруіміз қажет. Бұл өте терең мәселе. Міне, менің сарбаз туралы арнайы жазуға мәжбүр болуым да сондықтан, «Сарбаз» деген сөзді соғысқа қатысты мағынада ғана ұғынбау қажет. Өйткені сіздер соғыста да, майданда да жүрген жоқсыздар, бірақ та сіздер де еңбек майданының сарбазысыздар. Барлық жерде адамға жас кезінен бастап сарбаз, нағыз күрескер деп қарау қажет. Мен үстіне сұр шинель киіп, қолына мылтық ұстаған адамды ғана айтып отырған жоқпын, сарбаз деп әртүрлі салалар мен қызметтерде жұмыс істеп жүргендердің бәрін айтып отырмын. Өйткені бұл да майдан. Сарбаз деген сөзді мен кең мағынада түсінемін. Отбасы, ошақ қасынан бастап - шабуылға дейін, ұрыс кезінде барлық жерде жауынгерлік қасиет, адамның табандылық көрсете білуі керек. Адамның әскери-жауынгерлік қызметі - біздің күресіміздің тек бір ғана түрі болып табылады. Сарбаз, әскери қызметші болу оңай емес. Біріншіден, себебі, сарбаз қызметі жағынан ешқандай да демократиялық құқықтарға ие бола алмайды, мен сайлау жүйесінде емес, қызметінде деп айтып отырмын. Сапта тұрған кезде, ол еркін қозғала алмайды, жеке күнделікті тіршілікте өз еркiнше жүруіне құқығы жоқ. Сарбаз мұның бәрінен айырылған ‒ қажеттілік осындай, сарбаздың жеке үлесі осындай. Бұл тәрбиенің де ғылыми мән-мағынасы мол.
Ол ұрпақтарды мәдениеттілікке, тәртіптілікке, әділдікке, тәрбиелікке, тектілікке баулып, озбырлықтан, менмендіктен, тойымсыздықтан, атаққұмарлықтан және өзімшілдік сияқты жаман қылықтардан шектеп, жастарды өзін де, өзгені де құрметтей білетін, өнер-білім мен үлгі-тағылымды қастерлейтін, халық үшін, отан үшін қызмет атқаруды даңқ санайтын саналы азамат болуға дағдыландырады. Бұлармен қатар сүйініш, қуаныш тәрбиесі де болған. Сүйініш, қуаныш тәрбиесі – қазақ отбасы тәрбиесінің маңызды құрамдас бөлімінің бірі, әрі қазақ отбасы тәрбиесінде назар аудармауға болмайтын тәрбие түрлерінің негізгі бөлімі. Сондықтан да тәрбиелі ата-аналар сүйініш, қуаныш тәрбиесінде ұрпақтарына: «игі істерге сүйініп, жақсылыққа қуану-ең тамаша адамдық қасиет», «сүйінуді білмеген қуануды білмейді, қуануды білмеген – езу тартып күлмейді» деп жақсылық атаулыны көргенде жатырқамай сүйініп, қуану, тіпті, өзгелердің табысы мен нәтижесіне де көрген кезде «Құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін», айтып, адам баласының қуанышына ортақтасып отыруды адамдық парыз деп ұғындырып, өзгелердің бақыт- байлығы мен қуанышын көре алмау, қызғаншақтық, ішiтарлық істеу, табыс-нәтижелеріне көз жұмушылық сияқтылар адамгершілікке жат жаман қылық саналатындығын ерекше ескертіп отырған. Сондай-ақ, әр қандай жерде жақсы қылық, игілікті істер мен табыс-нәтижелерді көргенде «бәрекелді» айтып, сүйініп, қуанып, ал, жаман іс-қимылдарды көргенде жиреніп отыратын, қуанышы, айқын, жақсылыққа жаны құштар, жамандық атаулыға қас азамат болып жетілуге жан-жақты баулыған.
Қуаныш, сүйініш тәрбиесі ұрпақтарды ашық-жарқын, қызу-мерейлі, әділ, ізгі ниетті, көреген, тәрбиелі, мәдениетті, саналы болуға баулыйды. Сана сезімі мен жек көрушілік сезімі айқын, жақсы-жаман, ақ-қара, дұрыс бұрыс көзқарасы айқын азамат болып жетілуге дағдыландырған. Сонымен қатар, алғыс, қарғыс, кек тәрбиесіне де өте көңіл бөлген. Алғыс, қарғыс, кек жөніндегі тәрбиеде қазақ халқы ұрпақтарына: «алғыспен – ер көгереді», «баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас», «қарғыс алма, алғыс ал», «кек қуған кемелді адам емес», «бұзық та бұзық, кекшіл де бұзық», «кекшіл болма, көпшіл бол» деп қай-қашан да ізгі ниетті болып, игі іс істеп ел алғысын алып отыруды, жамандық қуып, ел-жұртты қақсатып, жылатып, халықтың қарғысына жолығып қалудан аулақ болуды, сондай-ақ, өзіне біреу жамандық істесе де оған кектенбей, өш алмай, кешірімді болуды, тіпті «алдыңа келсе атаңның құнын кеш деп» қателігін танып, кешірім сұрағандардың күнәсін кешіп, достық ниет көрсетіп, ел бірлігін нығайтып, қоғам тыныштығын сақтауға бір кісілік үлес қосып отыруды өте iгi iс, ол жауды жылатып, досты қуантатын ерлікпен тең деген. Командирдің тәртіптілік қызметінде маңызды орынды оның қандай да бір жаман әрекеттерді жасаған және тәртіптіліктің жетілген толысқан құрылымына ие емес әскери қызметшілермен қызметтік әңгімесі алады. Осы кезде тәртіпсіздіктің көптеген психологиялық себептері мен түрлері бар екендігін ескеру керек. Бір әскери қызметшілер өздерінің кез келген ережеге қолапайсыздығына сәйкес жарғыларға сай әрекет етпейді, біреулері өздерінің тәртіптілік төзімшілдігін әлсіретіп үзетін ақылақтық-психологиялық күшті сезінеді, үшіншілерінің тәртіптілігі белгілі бір тұлғааралық әсерлермен басылып қалады, төртіншілері өздеріне адамдардың көңілін аудартқысы келеді, соның ішінде командирдің, бесіншілері белгілі бір әлсіздіктермен және әдеттерімен күресе алмайды, алтыншылары қорқыныштың, реніштің, қолайсыздықтың кесірінен қандай да бір жағдайларда өздерін қалай ұстау керектігін білмейді. Әскери өмірдегі тағы бір басты жағдай әскерилердің әртүрлі тектен шығуы (білім деңгейі бойынша, ұлттық белгілеріне қарай және т.б.). Сондықтан бөлімдегі ахуалды өз деңгейінде ұстап тұру үшін аталмыш қасиеттерді ескерген абзал. Оқу және жауынгерлік дайындықтар кезінде олардың арасындағы қарым-қатынастар олардың араласу ерекшеліктеріне, жанжалдарды дер кезінде шешу әрекеттеріне басты назар аударылады.
Психикалық салада жүргізілетін негізгі жұмыстар жеке басқа қатысты істерге, әскери қызметшілердің жеке тәртібін бақылауға бөлінеді. Бұндай шаралардың жемісі әскери бөлімдердегі жарғылық тәртіптің қатаң сақталуына, бөлім командирінің талабы мен атақ-абыройының биіктеуіне, әрбір тұлғаның өз міндетіне жауапты түрде қарауына негіз болады. Әсіресе, нашақорлықпен және ішімдікпен күресу барлық деңгейде жүргізілуі тиіс. Сонда ғана заңдық, әкімшілік-тәртіптік және медициналык шаралар психологиялық алдын алу шараларымен ұштаса отырып өз жемісін береді. Нашақорлық заттардың әскери өмірге енуіне оларды сырттан жеткізетін азаматтық тұлғалардың әрекеттері көп әсер етеді. Оған пошта арқылы жіберу, медициналық қоймаларды тонау, дәріханаларға ұрлықка түсу істерін де жатқызуға болады. Олармен күресудің түрлері әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, азаматтық тұлғалар арқылы әскери бөлімдерге енетін нашақорлық заттармен күресуде ішкі істер ұйымдарымен, нашақорлықпен күресу орталықтарымен бірлесе отырып қызмет ету керек. Медициналық бөлімдерді тонау әрекеттері орын алмас үшін, оларға есеп жүргізу және дұрыс сақтау істері атқарылуы тиіс. Бөлімде тіркелген әрбір нашақорлық әрекеттерге қатысты бөлім командирі олардың одан әрі қайталанбауы үшін дереу арада іздестіру және тексеру шараларын жүргізуі қажет. Бұндай шаралар іске асырылғанда кез-келген әскери қызметшінің әскери қызметті тиімді әрі қауіпсіз жағдайда өтуіне көп мүмкіндік жасайды, кепіл болады. Психологиялық ауытқуларға ұшыраған сарбаздар әскери қызметтің қай кезеңінде болмасын белгі береді, әсіресе ол әскери өмірге енген алғашқы 3-6 ай ішінде байқалады. Тәрбие ісі жөніндегі командирлер мен олардың орынбасарлары өзінің күнделікті қызметі барысында 18-20 жас аралығындағы жасөспірімдердің психофизиологиялық ерекшеліктерін, кез-келген құбылысқа тез еліктейтіндігін, әртүрлі жағдайларға жылдам бейімділігін, әлеуметтік өзгергіштігін, өмірлік тәжірибесінің аздығын, қиын мәселелерді шешу қабілетінің төмендігін ескеруі тиіс. Өйткені, әскери өмірдегі өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің орын алуы көптеп кездеседі. Олардың алдын алу ісі тәрбиешілердің, психологтар мен офицерлердің, медицина қызметкерлерінің басты міндеттері болып табылады.
Comments