top of page
Patriot Tulga

Жаралы жылдар жаңғырығы



15 ақпан – Кеңес әскерінің

Ауғанстан жерінен

шығарылған күніне –

35 жыл!


15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасы елінен шығарылған күніне 35 жыл толуына орай, Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының ұйымдастыруымен «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың ауған соғысы ардагерлерімен жылы жүзді кездесуі болып өтті. Іс-шараның мақсаты – ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету, олардың жат елде Отан алдындағы интернационалдық борышын өтеу кезіндегі ерлік жолдарын дәріптеу және жанқиярлық ерліктерін үлгі тұту арқылы мерзімдік қызметтегі әскери қызметшілердің бойындағы отаншылдық сезімді одан әрі арттыру болып табылады.

Кездесу ауған соғысында ерлікпен опат болған интернационалист-жауынгерлердің рухына тағзым ету үшін, бір минуттық үнсіздікпен еске алу тұрғысында басталды.

Қазақтан шыққан хас батыр, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Ерсіз ел болмайды, елін ер таниды, ерлерін ел таниды» - деп, айтып кеткеніндей, кездесудің қадірлі қонақтары – ауған соғысының ардагерлері интернационалист-жауынгер Бердібек Ақмурзаев пен Валерий Крупский сарбаздармен бірге бас қосқан ортада Ауғанстан Демократиялық Республикасы жеріндегі әскери қызметтері туралы естеліктермен бөлісті.

Алдымен, сөз алған интернационалист-жауынгер Бердібек Тауасқанұлы сөзін: «Мен 1985 жылы өзім туып өскен ауылдағы орта білім беретін мектепті табысты аяқтап, сол жылдың күзінде Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеу үшін әскер қатарына шақырылдым. Берілген бұйрық пен тапсырманы орындау үшін, 18 жасқа енді толған шағымда, Кеңестер Одағының армиясының құрамында алыс Ауғанстан еліндегі тұтанған соғысқа тап болдым....» - деп бастаса, келесі кезекте мінберге көтерілген ардагер аға, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің запастағы подполковнигі Валерий Викторович сарбаздарға жат елдегі орын алған соғыстың тарихына тоқталып, өзі куә болған оқиғаларды баяндап берді.

Кездесу барысында оқушыларға ауған соғысының қаһармандары туралы жазылған ауған соғысының ардагері, қазіргі кезде запастағы полковник Амангелді Жантасовтың «Жартасты жастанған жасақ» атты еңбегі таныстырылды. Бұл кітапта кезінде «қара майор» деген атпен танылған қазақстандық Борис Төкенұлы Керімбаевтың1980 жылы Қазақстан жерінде жасақталған атақты «мұсылман батальоны» және олардың Ауғанстан Демократиялық Республикасындағы соғыста жасаған ерлік жолдары қамтылған. Кездесу барысында ауған соғысының ардагерлері Б.Ақмурзаев пен В.Крупский жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген 06708 әскери бөлімінің бірқатар мерзімдік қызмет әскери қызметшілеріне Мақтау қағаздарын салтанатты түрде табыс етті.

Аса қызықты да жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілген кездесуді қорытындылаған Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Тілек Алшымбекұлы Кенжебеков кездесуге келген ауған соғысының ардагерлері Б.Т. Ақмұрзаев пен В.В. Крупскийге Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген сарбаздардың атынан шексіз алғысын білдіріп, оларға зор денсаулық пен қажымас қайрат тіледі.

Іс-шара соңынан сарбаздар интернационалист-жауынгерлер, ауған соғысының ардагерлері Бердібек Тауасқанұлы мен Валерий Викторовичті ортаға алып, естелік суретке түсті.

Думан Жұмашұлы

Приозерск гарнизоныны

баспасөз хатшысы

110 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Комментарии


bottom of page