Патриотизм, Отан қорғау туралы сөз қозғасақ, есімізге алдымен автомат асынған жауынгер жігіттер елестейді. Отан үшін отқа түсетін де, жанын аямайтын да шын мәнінде солар. Ал бүгінгі күні Отан қорғайтын азаматтар тәрбиелеу мемлекеттік мәселеге айналып барады.
Бүгінде ұлдарға азаматтық, еркектік, жігіттік тәрбие беру жетіспейтіндігі ащы шындық. Оған басты себеп отбасында ер балалардың тәрбиесіне әкелердің ықпалының кемдігі және орта білім беретін мектептерде ер мұғалімдердің жетіспеушілігінде дер едім.
Бауыржантанушы жазушы Мамытбек Қалдыбай «Бала Бауыржан» әңгімесінде мынадай бір эпизодты суреттейтіні бар. Бала Бауыржан интернаттан қашып келеді, cонда атасы немересіне ренжіп: «Үміт еткенім жалғыз сен едің. Елді қуанта ма десем, мені қуанта алмай жүрсің», – дегенінде Бауыржан атасынан кешірім сұрап, одан кейін тәртіп бұзбаған екен. Момыш ақсақалдың сөзінің төркініне үңілер болсақ, «тек бір әулетті емес, ұлттың үмітін ойла» деген астар жатыр.
Қазақта жас балаға адалдықты ту етіп ұстап, ешкімнің ала жібін аттамауды есін енді біле бастаған кезінен санасына мықтап сіңіреді. Ер балаға көбіне сырттың шаруасын тапсырған. Барып келу, тауып келу, мал қайыру, отын-су жеткізу, ат құлағында ойнау, үлкендерге құрмет сияқты шаруалар ұл балаларды ширатады. Бабаларымыз балаларын мергендіктің құпиясын үйретуге, бес қарудың қырсырын ұғындыруға күш салатын. Әсіресе «Асық ату», «Теңге алу», «Көкпар», «Бәйге», «Аударыспақ» сияқты ұлттық ойындар арқылы ер балаларды шымырлыққа, ептілікке, шабандоздыққа баулитын. «Көкпарды» тек білек күші мықтылар ғана ойнай алды. Мұның бәрі ары қарай ұл баланың кейін отбасының асыраушысы ғана емес, шынығып, шымырланып ел қорғаны, кесек тұлғалы азамат болып қалыптасуына жол ашатын.
Бабаларымыз «Баланы – жастан...» деп ұлдарды қатты еркелетпей, жауапты болуға, керек жерде сөзбен де, іспен де дұрыс шешім жасай білуге тәрбиеледі. Оны біз Абайдың 13 жасынан ел басқару ісіне араласуын, Қабанбайдың 16-сында, Райымбектің 15-інде батырлығымен ел аузына ілігуінен, Қазыбек би мен Абылай ханның 12-15 жасында-ақ даналығы жұртшылық арасында танылғандығынан көреміз. Міне, осындай ұлттық тәрбиенің арқасында қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған адал перзенттер ұлтымыздың ұлы тұлғаларына айналды.
Қазіргі таңда тәуелсіздігімізді сақтауда, ұлт мерейін ұлықтауда патриот ұрпақ тәрбиелеу – тек ата-ананың ғана емес, қоғамның, мемлекеттің маңызды шаруасына айналып отыр. Ата-баба салтымен ер балаларға лайықты тәрбие беру өзектілігі арта түсуде. Ынжық, намыссыз ер балалар қоғамға қалқан бола алмайды. Масқара болғанда, кей жігітсымақтар қыздарға қорған болудың орнына көшеде жалғыз-жарым жүрген әйел адамдарға күш көрсетіп, ақшасын тартып алу сияқты жағымсыз әрекеттер көрініс беріп жатқаны аса өкінішті.
Отбасында ұл баланың тәрбиесінде әкенің орны бөлек, өйткені, балабақша мен мектепте көретіні негізінен әйелдер. Әке ұлын шынықтырып, еркектік мінез қалыптасуына көмектеседі. Еркектік мінез әке мен баланың жиі араласуынан, бірлесіп ойнауынан, ортақ шешімдер жасауынан қалыптасады.
Тәрбиенің үлкені өтірік айтпаудан, шыншылдықтан басталады. Берген уәдеде тұру секілді қасиеттердің артықшылықтары көрсетіледі. Тек осындай жолдармен ғана нағыз шыншыл азамат тәрбиелеуге болады. Тіптен ата-анасының өзі баласына «мені үйде жоқ дей сал» деген сияқты өтірік айтқызуы арқылы баланы өтірікшілікке бастайтыны мүлде жол беруге болмайтын нәрсе. Мұны әсте естен шығармауымыз қажет.
Осы жерде өтірікшілікке байланысты бір тәмсіл еске түседі. Ертеде иманды ерлі-зайыптылардың баласы біреудің затын рұқсатсыз алып кететіндігіне қатты қынжылады. Баласына мұндай нашар дағды қайдан жабысқанын білмей бастары қатады. Сонда баланың анасы бұрынғы қателігі есіне түсіп, жұбайына айтқан екен: «Осы баламызға аяғым ауыр кезде жолай тоқтаған бір үйде дастархандағы жеміске қызығып, рұқсат сұраудан ұялып, бір шабдалының шырынын сорып, орнына қайта қоя салған едім. Міне, сол қателігім баламызға күнә болып жабысты», – деп тәубе дұғасын оқып, баласының бұл әдеттен арылуын Алладан тілеген екен.
Осыған қарап ой түйесің. Балаға тәрбие беруден бұрын үлкендер өзін тәрбиелеуі керек. Отбасы мүшелерінің өзі бір-біріне құрмет көрсетуі, дастарқан басында өзін лайықты ұстауы, бірінің затын бірі рұқсатсыз алмауы, үй шаруасына отбасы мүшелерінің түгел араласуы, тәртіпті, адамгершілік әрі гигиеналық ортақ нормаларды сақтауы ұсақ-түйек көрінгенімен ұл-қыздың өнегелі, жақсы азамат болып қалыптастуына көмектеседі.
Баланы ес біле бастаған сәттен жауапкершілікке үйрету керек. Әр ісіне жауаптылығын сезіндірген жөн. Екі жасқа дейін ұл бала мен қыз балаға берілетін тәрбие ұқсас. Ал екі жастан бастап ұл бала қыздар сияқты қуыршақпен емес, ойыншық машинаға жармаса бастайды. Бұл бойында ер балаға тән қызығушылық оянғанын байқатады. Ата-ана осы кезеңнен ойын түрлерін пайдалана отырып, баласын еңбекке бейімдей бастағаны жөн. Ол әрі ұқыптылыққа, икемділікке әрі шымырлыққа жәрдемдеседі.
Ертеректе үлкендер ұл балалар жыласа: «Сен, еркек емессің бе, нағыз еркек жыламайды», «Сен солдатсың», «Сен бізді бағасың» деген сөздерді айтып жататынын естуші едік. Ал бүгіндері ұл балаларды мектеп бітіргенше «макуся», «накуся» деп еркелетіп жатады. Ол ұл баланың мінезсіз, шолжаң, еркетотай болуына соқтыруы мүмкін. Ұл балаларды атымен толық атап, істеген істеріне лайықты бағасын беріп отыру қажет.
Және де осы кезеңде балаларда айналаны тануға деген қызығушылық оянып, неше түрлі сұрақтар қоя бастайды, сонда әр сұрағына салмақпен дұрыс жауап беруге тырысу керек. Әкенің салмақтылығын, әр іске деген ұқыптылығын сезінген бала әкесіне ұқсауға талпынады. Сондай-ақ отбасында ер адамды құрметтеу отанасынан бастау алуы тиіс. Жары ерін сыйламаған үйде ешкімді ешкім сыйламайды. Егер отанасы ерін сыйлап, сыртынан балаларына өнеге етіп отырса, ол үйдегі ер бала да дәл әкесіндей болуға талпынады. Идеалға ұмтылу осыдан басталады.
Бала күнімізде анамыз: «Әкеңнің киімін аттама, әкең отырмай асқа қол салма, әкеңнің атын байла, әкеңнің алдынан шық» деген сөздерді естіп өскендіктен, әкемізден ескерту естімеуге тырысып өстік. Өйткені анамыз әкеміздің алдында теріс қылық жасамауға туғанымыздан үйретті. Әкеміз ешқашан артық әңгіме айтқан емес. Майда тірлікке араласпады. Түздің кісісі болды. Әке деген ұғым санамызда мәңгілікке тек құрметпен қарауға лайықты тұлға ретінде сақталынып қалды.
Бүгінде мектептегі ер мұғалімдердің рөлі өте зор әрі ол өте өзекті тақырып. Өйткені, көптеген ұлдар шолжаңбай. Әйел мұғалімдерге бағынғысы келмейді, өз сөзіне өзі жауап бере алмайды. Ұстаздың алдында өзін қалай ұстауды білмейді. Міне, осындайда мысымен-ақ ұлдарды тәртіпке шақыратын ер мұғалімдер өте қажет. Тарих, география, дене шынықтыру, еңбек, АӘД сабақтарынан ер адамдардың сабақ бергені өте тиімді. Тарих сабағы патриотизммен тығыз байланысты. Елді, жерді қорғау, бабалар ерлігін паш ету ер адамның рухымен түсіндірілсе қандай ғанибет. Ал, еңбек сабағында ер мұғалімдердің ер адамдарға қажетті еңбек дағдыларына баулуы заман талабынан туындап отыр. Дене шынықтыруда да ер балаларды шымырлыққа тәрбиелеу өте орынды. Ал алғашқы әскери дайындық пәнінің маңыздылығын айтып жатудың өзі артық секілді.
Сондықтан мемлекет тарапынан педагогика саласына ер мұғалімдерді көбірек тартуға мән берілуі керек. Бұл үшін мұғалімдер жалақысын көбейту басты шарт. Бүгінгі ұлдарды, ертеңгі ер азаматтарды тәрбиелеу қоғамнан лайықты орнын алуға тиісті. Елдің қорғаушы күші еркектер екенін ескерсек, ұрпақты жастайынан тәрбиелеуге көп күш салуымыз аса маңызды.
Comments