top of page

Елінің нағыз ержүрек ері

Patriot Tulga

Бір сәтке тынығып, Амангелді ағамыздың жазған «Жартасты жастанған жасақ» атты кітабын парақтап жатқан едім. Кітаптың басынан бастап, қырқыншы беттеріне жеткенімде мына бір жазылған, жан тебірентер сөздерден көздерімді ала алмай көп отырдым:

«Евразия kz» газетіне 2005 жылдың 21 қазан күні берген сұхбатында: «Қорқынышты болған кездер болды ма?» деген сұраққа Борис Төкенұлы: «Соғыста қорықпайтын адамдар болмайды, бірақ мен өзім үш нәрседен қатты қорықтым. Біріншісі, тұтқынға түсуден. Екіншісі, тұтқынға түскен жағдайда дәрі-дәрмектің әсерімен әскери құпияны айтып қоюым әбден мүмкін болғандықтан. Үшіншісі, және мен үшін ең қорқыныштысы, егер шайқас үстінде менің командир ретінде білімім, кәсіби шеберлігім немесе батылдығым мен табандылығым жетпегендігінен қоластымдағы сарбаздарым өліп жатқаны. Сондықтан да мен әр қақтығысты, кішкене ғана болсын әрбір әскери операцияны мұқият түрде жоспардап отырдым», - деп жауап беріпті.

Бұл жердегі берілген сұрақтарға орынды жауап беріп отырған Борис Төкенұлы дегенімізді кім екенін айтпаса да жазбай танимыз...... Өйткені, Ауған Демократиялық Республикасындағы 10 жылға созылған соғыстың басты қаһармандарының бірі, Панджер шатқалындағы шайқаста бас тартпаған, «қара майор» деген атпен танылған Борис Керімбаев деген әскери басшы осы адам. Ал, бүгінгі күнде мерейтойлық 70 жасқа толып отырған ауған соғысының ардагері, запастағы полковник Амангелді Теміржанұлы Жантасов әскери басшы Борис Төкенұлы басқарған Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Бас штабы Бас барлау басқармасының 177-ші арнайы мақсаттағы жеке жасағының құрамында, алыс Ауғанстан еліндегі ауыр да алып айқастарға қатысты.

Даңқты қолбасшы, халық батыры Бауыржан Момышұлы: «Батыр – батыр емес, батырларды бастаған батыр» - деп, бекер айтпаса керек. Қарамағында Амангелді Жантасов сияқты бірнеше батырлары бар ержүрек батыр Борис Керімбаев жауынгерлері ауған соғысында жан беріп, жан алысқандары анық. 1980 жылдың қысқы қаңтар айында Алматы облысының қазіргі Қонаев қаласында құрылған, «қара майор» - Борис Төкенұлы басқарған атақты «мұсылман батальоны» 1981 жылдың қазан айынан бастап, 1989 жылдың ақпанына дейін Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектелген контингенті құрамында түрлі шайқастарға қатысады.

«Жартасты жастанған жасақ» атты кітабында Амангелді Теміржанұлы соғысқа дайындалған күндерін былайша еске алады:

«Сержанттардың дайындығына көп көңіл бөлдік. Қол астындағы жеке құрамды оқыту формалары, прицптері, әдістерінен бастап асықпай, қадамдап, соғыс дайындығы пәндерін оқытуға кірістік. Тактикалық дайындық, барлау дайындығымен араласып-сабақтасып жатты. Торуылда жүру, жасырын тосқауылдау, ізденіске шығу, жаудың объектілерін құрту немесе басып алуға үйрету де тыс қалған жоқ. Атыс дайындығы кезеңінде нысаналарды барлау, оларды атып түсіру үшін керекті деректерді айқындауды білу, бөлімшенің атысын басқаруды да үйретіп шығардық. Маңызы мол пәндердің бірі инженерлік дайындық болды, мұнда жарылғыш жаттар, жарылыс жасайтын нәрселер мен зарядтар, шетелдік әскерлердің миналары, әртүрлі инженерлік тосқауылдарды орнықтыру және олардан өту әдістері үйретілді. Тұрған орныңды болар шайқас мақсатында дұрыс бағалау, жүрген жеріңді картадан мүдірмей табу, маңайыңның дұрыс сызбасын жасау, топографиялық картаны оқи білу үшін әскери топографияның да маңызы мол болатын. Жалықпай, сан рет қайталаумен, соғыс машиналарының механик-жүргізушілері және оператор-жөндеушілерімен де сабақтар болып жатты. Оларды соғыс даласында болуы ықтимал жағдайлардан шығуды үйретуге тырыстық».


Осылайша, жауынгерлік дайындықта шыңдалған «мұсылман батальонының» жауынгерлері қарсы келген дұшпанынан тайсалмайды. 177-ші арнайы мақсаттағы жасақтың жеке құрамы Ауғанстанның Панджер шатқалындағы Ахмад Шах Масуд бастаған моджахеттерге қарсы шайқастарда ерекше қарсылық танытады. Амангелді ағамыз соғыстың сол бір қиын күндерін бүгінгі күнде: « «Панджер арыстаны» деген атпен танымал Ахмад Шах Масуд қолына Құран кітабын ұстап тұрып, бір айдың ішінде бізді тау шатқалдарынан қуып шығуға уәде берген екен. Алайда, «мұсылман батальонының» жауынгерлері оның берген уәдесіне қарамастан, моджахедтерге асқан қарсылық білдіреді. Арнайы жасақ бөлімшелері биік шатқалға тиесілі биік жерлерді басып алып, жаудың емін-еркін қимылдауына ешбір мүмкіндік қалдырмайды. Моджахедтердің басшысы Ахмад Шах Масудтың өзі Кеңес әскерлері жауынгерлерінің қолына түсіп қалудан қауіптеніп, күн сайын жатар орнын өзгертіп тұруға мәжбүр болған екен» - деп еске алады.

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Бас штабы Бас барлау басқармасының 177-ші арнайы мақсаттағы жеке жасағының құрамында қызмет атқарған Амангелді Теміржанұлы Жантасов 1955 жылы 26 қаңтар күні қазіргі Ақмола облысының орталығы болып саналатын Көкшетау қаласында дүниеге келген. 1963 жылы Көкшетау қаласының № 9 орта мектебінің табалдырығын аттап, онжылдықты 1973 жылы тәмамдайды. 1974 жылдың көктемінде Көкшетау қалалық әскери комиссариатымен Қарулы Күштер қатарына шақырылады. Әскери қызметті қатардағы жауынгер ретінде Жамбыл облысына қарасты Отар станциясындағы оқыту мотоатқыштар полкінде бастайды. 1975-1979 жылдар аралығында Ресей Федерациясының Новосибирск қаласындағы жоғарғы жалпыәскерилік әскери-саяси училищеде өте жақсы оқып, аталған әскери оқу орнын Қызыл Дипломмен бітіріп шығады.

Училищеден кейін Орта Азиялық әскери округтің әскери бөлімдерінде қызмет етеді. 1981 жылдың қазан айында әскери қызметті одан әрі жалғастыруға Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Бас штабы Бас барлау басқармасының 177-ші арнайы мақсаттағы жеке жасағының құрамында Ауған Демократиялық Республикасына рота командирінің саяси жұмыстары бойынша орынбасары лауазымында аттанады. Ауғанстаннан елге аман-есен оралған соң, Амангелді Теміржанұлы Ресей Федерациясы жеріндегі Одесса әскери округіне қарасты Николаев пен Одесса қалаларындағы әскери бөлімдерде, Варшава Шарты ұйымына сәйкес, Кеңес әскерлерінің Польша еліндегі «Солтүстік әскерлер топтастығы» құрамында қызмет етеді. 1990-1997 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының бірқатар әскери комиссариаттарында түрлі қызмет атқарады. 1997 жылы Қарағанды облысы әскери комиссарының орынбасары лауазымынан Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында орналасқан 78-ші танк дивизиясы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалады. Одан кейін 1-ші армия корпусы командирінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарып шығады. 2002 жылы әскери қызметінің міндетті мерзімі аяқталуына байланысты, полковник Амангелді Теміржанұлы Жантасов запасқа шығады.


Әскери қызметтен запасқа шыққанымен, Амангелді Теміржанұлы күні бүгінге дейін түрлі салада еңбек етіп келеді. 2004 жылы Қарағанды қаласының Төтенше жағдайлар басқармасын басқарса, 2006 жылдың ақпанында Қарағанды облыстық Ішкі істер Департаментінің ақпараттық-қызметтің жүргізуші ммамны болып тағайындалады. 2006 жылдың мамырында «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік программалары» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары болып бекітілсе, 2006 жылдың шілдесінде Қарағанды облыстық жұмылдырыу дайындығы, азаматтық қорғаныс, ескерту ұйымдары мен апаттан құтқару және апаттық жағдайлар бойынша Басқарманың жұмылдыру дайындығы бойынша бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Ғылыми-экономикалық министрлігінің арнайы программалары Орталығыныңы директоры болып сайланса, 2019-2021 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің Қарағанды қаласындағы филиалының директоры болып қызмет атқарады. 2024 жылдың қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін Қарағанды облыстық Қорғаныс істері жөніндегі Департаментінде тексеруші қызметінде тынбай еңбек етіп келеді.

Үйленген, 2 баланың әкесі. Отбасында Амангелді ағамыз жұбайы Баян Зейнуллиновнамен бірге жұптары жарасып, тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Амангелді Теміржанұлы Жантасов Кеңес Одағының «Қызыл Жұлдыз» ордені мен Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденінің иегері. Ауғанстан Демократиялық Республикасының «Алғыс айтушы ауған халқынан» медалі табыс етілген. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл, 20 жыл, 25 жыл және 30 жыл, сондай-ақ «Астанаға 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің «Ел қорғаны» медалін кеудесіне тақса, бірнеше «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі мінсіз қызметі үшін» медальдарының иегері атанады.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрметті ардагері. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның әскери ғылым Академиясының Құрметті мүшесі,

«Ауылым – алтын бесігім!», «Отряд Қара майора», «Жартасты жастанған жасақ», «Второй мусылманский (спецназ из Казахстана)» кітаптарының авторы.

Ардагер ағаларымыз, әрине әр кез алдымыздағы ақылшымыз. Отан үшін қызмет етіп жүрген барлық санаттағы әсери қызметшілерге түзу жол көрсететін үлкендеріміз баршылық. Солардың бірі – ғұмырының басым көпшілігін әскери өмірге арнап келе жатқан Амангелді ағамыз. Жастайынан әскери адам болу арманына жеткенімен, жасындай жарқылдаған шағында алыс Ауғанстан еліндегі соғысқа тап болып, қанды қырғыннан аман-есен елге оралғаны көңілімізге қуаныш ұялатады. Бүгінгі күнде мерейтойлық 70 жасқа келіп жеткен ақылшымыз, ардагер аға, ауған соғысының ардагері Амангелді Теміржанұлы ағамызға айтарымыз өміріңіз ұзақ, денсаулығыңыз мықты болсын! Сізге өмірдегі бар жақсылықты тілейміз!

Тілек Кенжебеков,


Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы,

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері


Фотосуреттерді өңдеп дайындаған:

Думан Құрманғалиев

49 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


Байланыс:

+7 (775) 228-43-78

  • YouTube
  • 768px-Instagram_icon

Жіберілді! Рахмет!

bottom of page