top of page

Дәстүрлі қазақ отбасы қандай?



Қазақ қоғамында отбасының патриархаттың формасы ежелден қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық, дәстүрлі отбасылық мәдениетінің күллі негізі осыған негізделген. Мыңдаған, жүздеген жылдардан бері қалыптасқан әдет-ғұрыптық, тәрбиелік жүйе мың жылдан астам уақыттан бері исламдық үлгі-өнегемен жымдасып, біртұтас қазақи мәдениетке айналды. Бұл уақыт сынынан өткен тарихтың тереңінен асыл маржандардай жинақталып қалыптасқан дәстүр. Осы дәстүрге соңғы екі ғасыр, оның ішінде қызыл империялық билік кезеңі өзінің орасан зиянын тигізді. Діни тәрбиенің бәсеңдеуі, орыстық мәдениеттің кірігуі, алкоголь, оның пайдаланыла бастауы қалыптасқан ұлттық мәдениеттің негіздерін шайқалтты. Көптеген қиғаштықтар туғызды. Қазақ қоғамында ертеден қалыптасқан отбасылық мәдениет, атап айтқанда, ер адамның асыраушылық, әйел адамның ұқсатушылық функцияларына ревизиялар жасалды, олар ескіліктің қалдығы ретінде бағаланатын болды. Әйелдің тең құқылығы туралы қолдан жасалған ұрандар отбасылық қалыптасқан үйлесімділіктерді бұзды. Адамдардың отбасы туралы ұғымдарын, психологиялық қабылдауын мүлде теріс арнаға бұрып жіберді. Мемлекеттің коммунистік идеологияға негізделген өзіндік ұстанымдары болды, алайда ол отбасының беріктігіне қызмет ете алмады. Қасым Аманжоловтың мына бір жолдарын есімізге түсірейікші:

Семья - шағын мемлекет, Мен -Президент, сен -Премьер, Премьер жолдас, бер пример! Өкінішке қарай «президенттің» өз міндетін атқаруына әлеуметтік мүмкіндік берілмеді. Яғни отбасының әр мүшесінің материалдық және моральдық жауапкершілігін көтеруге тиіс әке әлеуметтік тұрғыда бұл жауапкершіліктен тыс қалды. Отбасы табысының негізгі көзі әке «перзидент» түгілі «премьерлікке» де жарамай қалды. Осыдан мас күйеу, масыл еркек, жалқау жігіттер пайда болды. Ал мұндай азаматтар отбасындағы өздеріне тиесілі жауапкершіліктен бас тартып, тірліктің тізгінін әйелдерге ұстата салды. Тұрмыс тауқыметінен таусылған кейбір әйелдер табиғатына тән нәзіктіктігін жоғалтып, көп жағдайда ашу-ызаның жетегінде кетеді. Мұндай ахуалдың жас буынға әсері қандай?

Әкенің айбарын, қолдау-жауапкершілігін сезінбеген қыз бала ертеңгі күні өз жарын қолпаштап-қошаметтеуі екіталай. Қазақ атамыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» деп тегіннен-тегін айтпаса керекті. Ал қиғаш тәрбие бойына сіңген ер бала болса анасының ғана сөзіне жығылып өскендіктен, кейінгі күні өз бетімен шешім жасай алмайды. Ынжық, «аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен» күйеулер солардың қатарынан шығады. Ал мұндай құбылыс тек отбасыға ғана емес, қоғамның әлеуметтік бет-бейнесіне теріс ықпалын тигізеді. Отбасы адамның рухани ұясына емес, түрлі психологиялық егестің түйіндеріне айналып кетеді. Ал оның салдары отбасының әрбір мүшесіне аса жағымсыз әсер етеді. Ерлі-зайыптылардың қоғамға пайдалы еңбек етулеріне, бала тәрбиесіне өте зиянды таңбасын қалдырады. Қоғамдағы осындай дерттен құтылудың жолы қандай? Қалыпты қазақи отбасын қайтадан қалпына келтірудің мүмкіндіктері бар ма? Бұл туралы психолог Құбағұл Жарықбаев: «Қазақ отбасының дәстүрлі негіздерін қалпына келтіру үшін имандылық тұтқалары ұтымды пайдаланылуы қажет. Отбасында әкенің беделін қалпына келтірмей, отбасының төрт құбыласын түгендей алмаймыз» дегені бар еді. Ал жазушы Дулат Исабеков: «Әке беделі отбасындағы тәрбиенің қуатты құралы», - дейді. Шынында да жаһандастырудың жалыны шарпи бастаған сәтте ұлттың ұлттық ерекшелігін сақтап қаламыз десек, тіл мен діл мәселелері оңды шешімін тапсын десек, отбасындағы ұлттық дәстүрлерді тірілте білгеніміз жөн. Әжесі әлдиін жатқа айтатын, батагөй атасы ұлының үйінен қуанып қайтатын, еңбекқор әкесі жұмыссыз үйіне сыймайтын, анасы перзенттерін әкесінің маңына жинайтын шаңырақта ғана құт-береке орнайды.



379 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page