top of page

Діни сауаттылық қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі

Дін қоғам өмірінің рухани саласына жатады әрі күрделі қоғамдық құбылыс болып табылады. Ол қай кезеңде болсын саясатқа, экономикаға, әлеуметтік жүйеге, мәдениетке өз ықпалын тигізіп отырған. Сондықтан дін мәселесі қай қоғамда да өзектілігін жоғалтқан емес. Дінді дұрыс, жете түсінбеу түрлі ағымдардың жетегінде кетуге, қоғамда, адамдар арасында түрлі түсінбеушіліктерге, қарама-қайшылықтарға алып келеді.

Бүгінгі күні елімізде көп ұлттың өкілдері ынтымақты өмір сүріп жатыр десек, олардың ұстанатын діндері де сан алуан. Бір ғана елімізде діннің қаншама түрі кездеседі: ислам және оның шиитік және суниттік бағыттары, христиан діні мен православиелік, католиктік, т.б. бағыттары және лютерандық, иегов куәгерлері сынды бірнеше салалары бар. Буддизмнің ламаизм мен кришна сияқты түрлері де кездеседі. Осы діндердің қай түрі болса да бейбіт өмірді, үлкенге деген құрметті, кішіге қамқорлық көрсетуді, адамдар арасындағы жоғары адамгершілік қарым-қатынастарды мұрат тұтады. Әлемдік проблемалардың көкейтесті мәселелерін шешуде, бейбітшілікті сақтауда діндердің алатын орны аса маңызды екені рас. Алайда, әр ұлттың өзіне тән ұлттық дінін, сол арқылы ұлттық діни мұрасын, дүниетанымын, мәдениетін сақтап қалу да бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі. Сондықтан да бүгінгі таңда дінтану мамандығы мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлініп отырған қазіргі заманымыздың қажетті мамандықтарының біріне айналды. Бүгінде әлемдегі барлық діндерді ғылыми тұрғыдан зерттеп, діндер арасындағы түсіністікті қалыптастыруға қызмет ететін дінтанушы мамандар қоғамның сұранысына ие бола түсуде.

Осы тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасы дінтану саласының мамандарын даярлауда жетекші жоғары оқу орындарының бірі бола отырып, 1999 жылдан бері Дінтану және 2014 жылдан бастап Исламтану мамандықтары бойынша бакалавр, магистр және PhD докторларын даярлап келеді. Дінтану ғылымы қоғам мен мемлекеттің дүниетанымдық сұраныстары нәтижесінде қалыптасты десек, сол мемлекет пен қоғам арасында дұрыс идеологияны қалыптастыруға көмегін тигізетін білімді, білікті, жоғары деңгейдегі мамандарды даярлау өте маңызды. ҚазҰУ-дің аталған кафедрасында бұл ретте білікті оқытушылар мен профессорлар білім береді. Н.Ж.Байтенова, К.К.Бегалинова, Ш.С.Рысбекова, А.Д.Құрманалиева, К.М.Борбасова, Бишманов К.М. сынды білікті профессорлар Қазақстандағы дінтанулық білімді дамыту бағытына өз үлестерін қосып, жас мамандар даярлауда белсенді еңбек етіп келеді. «Дінтану» және «Исламтану» мамандықтары бойынша білім алған жастардың болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің де ауқымы кең. Атап айтқанда, Алматы қаласының жастар саясаты бойынша Басқармасы, Алматы қаласының дін істері бойынша Департаменті, Философия, саясаттану және дінтану институты, Әкімшіліктер, Қарулы құрылымдар (ҰҚК, ІІМ), БАҚ, ғылыми-зерттеу және мұражай орталықтары, діни ұйымдар (ҚМДБ, мешіттер және т.б.). ІІМ, ҰҚК және прокуратура органдарында дін істері бойынша маман, дінаралық және конфессияаралық қатынастар бойынша кеңесші, мемлекеттік, конфессионалдық және қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ Қазақстанның жоғары, арнайы орта және жалпы білім беретін оқу орындарында оқытушы қызметтері бойынша жұмысқа орналасуға болады.

Сонымен қатар дінтану магистранттары болашақта өндіріске жіберілетін бейіндік бағыт бойынша және ғылыми қызмет пен жоғары оқу орындарына оқытушылыққа жіберілетін ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша да даярланады. Дінтану мамандығы жас мамандық деп саналса да, кафедрада уақыт талабынан қалыспай халықаралық ғылыми байланыстарды жандандыруда, әлемдік пікір алмасу және ғылыми зерттеу нәтижелерімен бөлісуде де қомақты жұмыстар жүргізілуде.

Халық арасындағы діни сауаттылық қоғамдағы тұрақтылыққа ықпал етері сөзсіз. Олай болса, дінтану білімінің, дінтану мамандығының болашағы мен маңызы жоғары деп үлкен сеніммен айта аламыз.


Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,

философия және саясаттану факультетінің

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының

аға оқытушысы, PhD доктор

Каупенбаева Самал Мухаметалиевна

75 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page