top of page
Patriot Tulga

БАУКЕҢНІҢ АРТЫНДА АШЫЛМАЙ ҚАЛҒАН МҰРА КӨП


Филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы, бауыржантанушы Мекемтас Мырзахметұлымен болған сұхбатта ұлттық құндылықтар жайында

ой қозғалады.





– Мекемтас аға, сіз көп білетін, көпті көрген ғалым-қайраткерсіз. Ғалымдар «жаһандану дәуірінде майда ұлттар жойылып кетуі мүмкін» десе, енді біреулері қарама-қайшы пікірде. Жалпы, ұлттың ұлт болып қалыптасуы салт-дәстүрін берік ұстануында емес пе?

– Иә, дұрыс айтасың. Бір кездері Ресей миссионерлері орыс мектептері арқылы қазақтар арасында орыстандыру саясатын жүргізді. Тарихи жадын шайып мәңгүрттендірді, жер-су аттарын өзгертті. Содан кейін адам есімдеріне тиісе бастады. Мақсаты әу баста белгілі еді, санасы шатасқан ұрпақ өмірге келген сәбиіне мағынасыз, талғамсыз ат қоя бастады, қолындағы араб жазуын кириллицаға ауыстырды. Бұл бұл ма, ең сорақысы әрі маңыздысы ұлтты


ң тыныс-тіршілігін ұйытып отырған, ғасырлар сүзгісінен өткен қазақтың салт-санасын жойып, дәстүрін дәріптеуге мүмкіндік бермеді. Қай кезде болсын, қандай халықты бассын, отаршылдар мен миссионерлердің ең басты саясаты алдымен халықтың салт-дәстүрін жою болатын. Міне, орыстандыру саясаты қазақ даласында осылай жүрді.

Томас Джефферсон «Жақсы жазылған заңнан, жақсы салт-дәстүр артық» деген екен. Ең жақсы заң – ұлттық салт-сана. Шындығында, түп-тамырын тереңге жайып, жөн жоралғысы мен салтын, дәстүрін сақтаған ел рухани құлдыққа, тоқырауға түспейді. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы, халықтың мықты болуы дәстүрге байланысты.

Дұрыс ат қоя білудің өзі адамның тағдырына оң әсер етеді екен. Жадты шырмаудың соры одан өткен. Сіз ұзақ жылдар бойы Бауыржан Момышұлының үйінде тұрдыңыз, жанында жүрдіңіз. Сіздің көзқарасыңыздың қалыптасуына сол кісінің әсері болды ма?

– Егер мен қатарластарымнан оқ бойы озық тұрып, ертерек оянған болсам, онда сол Бәукеңнің тікелей әсері деп біліңіз. Бала кезден ұлт батырының есімін естіп, газет журналдардан оқып өстім. Оны көрсем, таныссам деген арман болды. Алматыдағы оқу орнын бітірген соң Өзбекстандағы Низами атындағы университетте сабақ бердім. Бәукеңмен сол кезде таныстым. Кейіннен ол кісі менің Алматыға қайта оралуыма, аспирантурада оқуыма көп көмегін тигізді. Аспирантурада оқып жүрген үш жылда мен Бәукеңнің үйінде тұрдым. Біз сая­сат жөнінде, ұлт мәселесі туралы көп сөйлесетін едік. Абайды зерттеу барысында Шығыспен рухани қатысын зерттетпей қойды. Ол кезде ақ пен қараны ажырата алмаймын, ненің не екенін білмейтін едім. Тек орыспен байланысын зерттедім, лажсыз көндім. Осылайша Абайдың Шығысы түрлі кедергілердің кесірінен зерттелінбей қалды. Бірде Ташкенде өткен конференцияда Мұхтар Әуезовты кезіктірдім. Абайдың Шығыспен байланысын зерттегім кел


етінін жеткіздім. Ол кісі де аса құптамады, жолым болмайтынын, тосқауылдың көп екенін ескертті. Ұлылар саясаттың қалай жүргенін сол кезде алдын-ала білген екен ғой.

– Қазақтың салт-дәстүрін сөз еткенде Абайға соқпай кету өте әбестік болар еді. Ұлы ақын дәстүрімізді білу, сақтау былай тұрсын, оларды ел жадында ұзақ қалдыру үшін, өлеңмен өрнектеген ғой.

«Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,

Қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржаңшыл.

Қынаменде, жар жар мен беташар бар,

Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?» –

дейді ақын. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген өлеңдегі «Қынаменде» дәстүріміздің қай түріне жатады? Жыр шумағындағы әр жолдың мағынасына үңілер болсақ, күйеу жігіт пен қалыңдыққа қатысты ұлттық ойын-сауыққа қаратып айтылған сияқты. Оқырманға түсіндіріп айтып бере аласыз ба?

– Бұл өлеңдегі «қынаменде» дегенді мен көп іздедім, не сөз екенін өзім де көпке дейін түсінбей жүрдім. Өзімнен жасы үлкен қазақтарға бардым. Бәрінен сұрап көрдім. Ешкім білмеді. Сонан кейін Зейнептен сұрадым. Зейнеп Қытайдан келген ғой, «Иә, біздің ауылда бұл сөзді айтады», – деді. Сөйтіп шет жағасын айтты. Ыбырай Алтынсарин «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі» атты этнографиялық еңбегінде қазақтың «Қынаменде» салтын әбден ашып жазады екен. Онда ұлы бар әке ел аралап, қызы ұнаған үйдің керегесіне қамшысын қыстырып кететін жоралғыдан басталатын құдалықты жақсы суреттейді. Бұл құдалықтың бастапқы белгісі екен. Сол қамшының ізін суытпай қыздың үйіне жаушы жіберіп, құдалыққа баратын кісіні қазақ қыздың әке-шешесінен, ауыл-аймағынан, туған-туыстарынан ризашылық сұрайтын болған. Егер екі жақ келісіп жатса, құдалар келіп қалың малға келісім жасайды. Қалың малдың мөлшері қыздың жасауы мен әке-шешесінің әл­ауқатына байланысты белгіленетін болған. Қазіргілер айтып жүргендей, қатып қалған мөлшер жоқ. Ол қырық жеті немесе отыз жеті қара мал болатынын, ал кедей адамдар құда болғанда, ірілі­уақты жиырма жеті, он жеті мал беретіні туралы сол этнографиялық очеркте жазылған екен. Сонымен бірге, «бас жақсы» туралы айтыпты. Бас жақсы дегеніміз – қыздың сәукелесі, алтын жүзік, сырға, мақпал шапан, жорға ат пен күміс ер­тоқым сияқты асыл дүниелер тұратын заттар екен.

– «Бес жақсы» деген де құдалыққа байланысты дәстүр бар. Бес жақсыны – «бас жақсы», «орта жақсы», «аяқ жақсы» деп үшке бөліп те жатады.

– Жоғарыда айтылған жақсылардың бәрі асыл тастармен, қымбат металдармен көмкерілгендігінен де қымбат бұйым болып отыр ғой. Күйеу жігіт те қайын жұртқа келе жатқанында ер-тұрманы таза күмістен жасалған, сән-салтанаты жарасқан оқалы тымақ, әдемі белдік таққан болуы керек екен. Күйеу жігіт осы келгенінде қайын жұртына ілуін ала келеді. Күйеу жігіттің әкелген ілуі қайын жұртқа ұнамаса немесе ілуге әкелген малдарының бас саны кем болса, жеңгелері күйеу жігітті кіргізбей, кері қайтарып жіберуі де мүмкін екен. «Қынаменде» дәстүрі, «Қызқашар» ойын-сауығы бәрі қыз ауылында болатын дәстүрлер. Жеңгелерінің күйеу жігіт пен қалыңдықты кезіктіруде беретін кәделер туралы да Ыбырай Алтынсариннің еңбегінен оқыдым. Олар – «желі аттар», «ит ырылдатар», «кемпір өлді», «отқа салар», «қол ұстатар», «шаш сипатар», «көрпе қимылдатар» деп аталады.

– Иә, сонымен «Қынаменде» қалай болады екен?

– Ол былай болады. Отырған жұртты күлдіру үшін бас құданы шаңыраққа екі қолтығынан асып қояды. Сосын «Құда, сусын ішіңіз, тамақ алыңыз» дейді. «Қораз болып шақырыңыз, ит болып үріңіз» деп неше түрлі өнер көрсетуін сұрайды. Сосын ауыл адамдары: «Ой, бас құда өгіз мінгенге лайықты екен», – деп, өгізге мінгізеді. Сөйтіп, тонды теріс айналдырып, құданың басына орамал байлап, өгізге міндіріп, екі аяғын шалып байлап өгізді жәй айдамай, мөңкітіп айдайды. Құда аяғы байлаулы болған соң, құламайды. Шын құдалар келгенде соларды сөйлету, жаңағыдай мазақтау, айтқанын істету, осындай шынайы істері арқылы жақындасу. Бір жағынан бұл тойдағы тамаша болады. Мәселе адамдарды күлкіге қарық қылуда жатыр. Сөйтіп, құдаларды тізеге басып отырып, күлдіреді екен. Осыны қазақ қынаменде дейді.

– Бұл сонда екі ауылды жақын қылу, достық рәуіш орнату мақсатынан туған, дала халқына тән әзіл-оспақ, көрген жұртты күлдіретін театрландырылған юмордың бір түрі сияқты ғой?

– Иә, жоғарыда айтқанымдай, құдалар қалыңдықты алып кетуге келген кезде жасалатын дәстүріміз екен. Оларға қалыңдық болған сенің қызың, ол сенің қимасың. Қимасыңды алып кететін адамдардан қайырым алу керек қой. Ол кезде ауыл арасы да алыс болды. Қыз жақта қимастық сезім көп. Сосын бір жағы қалжың болсын, екінші жағынан бір-бірлерімен жақыннан танысуларына жақсы, үшінші жағынан қимастарын алып бара жатқан құданы біраз қинап алады.

– Бұл сөздің мағынасы не болды сонда?

– Ойынның қызығына түсіп кеткендер бірден тоқтай қоя ма, ойынның бірінен соң бірін шығарып, күлкіге қарық болып жүре береді ғой. Осыны тоқтату үшін ауыл ақсақалы келіп, «Болды, қинамаңдар енді, тоқтаңдар!» дегеннен кейін барып, құданы қинау сап тиылады екен. Міне, осы «Қинамаңдар» деген сөзден «қынаменде» шығып тұр ғой.

– Осы дәстүрді қайта жаңғыртуға бола ма?

– Осындай көп дәстүрлер жоғалып кеткен. Қазіргі тойлардағы асабаларымыз елді күлдіреміз деп айтып жүрген арзанқол әзілдеріне қарағанда осы «Қынамендені» жаңғыртсақ, қандай жарасымды болар еді. Бұл дәстүрді қызды ұзату тойын­да жасаған дұрыс. Келген құдаларды қалай қинауға болады, қалай олармен тез тіл табысуға болады, олардан қызды алып кетіп бара жатқандары үшін қандай кәде алуға болады? Міне, осыларды асабалар этнограф ғалымдармен ақылдаса отырып, бір ізділікке түсіріп алса, жақсы болар еді. Дәстүрімізді заманымызға сай жаңғырту деген осы.

– Ұлы Абайдың ақыл-кеңесінің дені оқуға, білім-ғылымға, өнерге және еңбекке шақырудан, үндеуден тұрады. Сонымен қатар, ақын шығармашылығынан қазақтың салты мен ұлттық дәстүріне тереңнен зерделегенін көреміз. «...Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, тау­сылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды», – дейді төртінші «Қара сөзінде». Бұл өнерді, оқу-білімді тек мақсат етіп қана қоймай, дәстүрге айналдыр дегені ме?

Абай басқа елдердің мәдени-рухани өміріне үңіліп, өз заманындағы озық батыс пен шығыстың дүниетанымына көз жүгіртеді. Ақынның «Интернатта оқып жүр» атты өлеңінде «Қызмет қылма оязға» деген жолдары бар. Ояз – уездной начальник деген лауазымды қызметті білдіреді. Абай уез басшыларының қол астында жүрген қазақтарды кітап оқып, одан нәр алуға шақырады. Ал ақын «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінде өз сезімімен табиғат көріністерін, қазақтың аңшылық өнерінің қызықты тұстарын сипаттайды. Өлеңде аңшылық дәстүр айқын суреттеледі. «Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап, / Жасы үлкені жанына байланғанда» деген өлең жолдарындағы «үйірімен үш тоғыз» тіркесі этнографиялық ұғымды білдіреді. Аңшының бүркіті олжасын алып келіп, түлкінің терісін сыпырып алған соң, теріні қардың үстіне үш рет соғады. Салт бойынша олжа жасы үлкен аңшының қанжығасына байланады. «Үйірімен үш тоғыз» тіркесі бұл заттың құнын білдіреді екен. Абай қазақ даласында би сайлау дәстүрінің де болмағанын өлең жолдарында анық көрсетеді. Оған дәлел «Бөтен елде бар болса» деген шығармасындағы «Қу старшын, аш билер» деген өлең жолдарындағы аш билер бір ғана старшынның төрелігімен сайланған пәлеқор, парақор билер. Қазақ елі биді сайламаған, билік басына елдің салт-дәстүріне шын жаны ашып, ел дауының тамырын тереңнен білетін, дарынды адам ғана халық қалаулысы бола алатынын айтады. Мысалы, Төле, Әйтеке, Қазыбек билер.

Дала данышпанының: «...Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген даналық ойы да (төртінші «Қара сөзінде») жанды тебірентпей қоймайды. Адал еңбек, терең ой, таза ниет бұл адамның толық адам болып қалыптасуына, кемелденуіне әкеледі. Сонымен қатар, бұл дәстүрдің бір тармағы десе де болады. Осы ойды ары қарай толықтыра түссеңіз қалай болар еді?

– Ұлы ақын адам бойынан табылуы керек қасиетті, толық адам болудың жолдарын даналықпен, асқан көрегенділікпен айтқан еді. Өзіңіз айтпақшы, адам болу туралы ойларының желісі тек өлеңдерінде ғана емес, қара сөздерінде де жүйелі түрде, тарқатылып айтылады. Адам болу жолына түскен баланың алдымен әлеуметтік ортасы дұрыс болуы керек. Себебі, сол ортадан алған жаман жақсылы қасиет баланың мінез-құлқын қалыптастырады. Шындығында, баланың адамгершілік жолынан таюына надан орта, малға қанағатсыз ата-ана, кер кеткен нашар туыс әсер етеді. Ақыл мен еңбекті ізгілік жолына емес, қиянатшыл ниетке жұмсаған адамдарды Абай «жарым адамдар» деп сипаттайды. Алдамшы бақ пен арсыздықты көріп өскен бала кісіге кесірін тигізе беруден танбайды. Мұны қазақ: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Ал одан арылудың, емделудің жалғыз жолы – ғылымға ден қою, білмекке ұмтылу екен. Ұлы ойшыл Абайдың ғақылият насихатында адамшылықтың табылмақтығына себептер: «Жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп баланың қалыптасуына осылардың әсері барын басып айтады. Бауыржан Момышұлының мына сөзі еске оралады: «Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды есіме түсіріп, ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен ата-аналарымның бейнесі елес­тейді. Солардың уағызы басымырақ болады...» дейді.

Қалай тауып айтқан! Абай мен Бауыржанды рухани тағдырлас десек артық болмас. Бауыржан Момышұлы батыр, қолбасшы, жазушы ғана емес, сонымен қатар халқымыздың салт-дәстүрін ерекше сыйлаған, бойына сіңірген, өмір сүруде қолданған әрі басшылыққа алған, ұлттық әдет-ғұрпымыздың сақталуы мен жаңғыруына мол үлес қосқан азамат екені белгілі. «Ұшқан ұя» кітабында шілдехана, бесікке бөлеу, тұсау кесу, сүндетке отыр­ғызу, атқа міну, келін түсіру, қыз ұзату секілді дәстүр түрлерін аса көркем баяндайды. Этнография саласынан да аса хабардар ғалым ретінде осы тұрғыдағы ойыңызды ортаға салсаңыз.

– Мен ғылымға Абайтанумен келдім. Дұрыс айтып отырсыз. Енді Абай мен Бауыржан Момышұлының рухани жақындығына зер салайық. Абай қазақтың нағыз қалпы бұзылмаған дәуірде өмір сүрді. Абай дәуірінен бастап біздің халықтың психологиясы өзгерді, орыс тілін білсем деген талас өрши бастады. Абай айтпақшы, қазақтар арыз жазу дегенді білмейтін, болыстыққа таластан олардың мінез-құлқы өзгере бастады. Ал Бауыржан мүлде басқа заманның адамы. Ол біздің заманның кем-кетігін, жетістігін бар жанымен сезініп өскен. Туған халқының табиғатын, мінез-құлқын жан жақты білді әрі қазақ және орыс тілінде көркем суреттей алды. Ал жазушының Абай шығармаларымен таныстығы балалық шағында-ақ басталған. Ол «Ұшқан ұя» деген кітабында «Әкем бізге Абай жайлы көп айтушы еді...» дейді. Әркімнің қанат қағар ұшқан ұясы бар. Жазушы кітапта жақсы тәрбие отбасынан болатынын, әсіресе, өзіңіз айтқандай, қазақтың салт-дәстүрі, қалың мал, ескі дағды мен әдетке басымдық берілген еді. Бауыржан Момышұлы балалық шағындағы әже ертегілері, әкеден берілетін ұлттық тәрбие, қазақтың шабандоздық өнері, той-томалақтардағы ұлттық ойындар туралы кеңінен, үлкен сезіммен суреттейді. Тіпті, санаға сіңген тәрбиенің, үлгі-өнегенің тамаша құбылыс екенін жазушы былай деп жеткізеді: «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам... Бесікте жатқанда құлағына анасының әлдиі сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмасын деп қорқамын... балаларымның менікі сияқты ғұлама әжелері азайып бара жатқанына қатты өкінемін, қабырғам қайысады», – дейді. Автордың бұл тебіренісі бекер емес. Адам санасының қалыптасуына бала күнгі тәрбиенің мәні зор екенін осыдан аңғаруға болады. Айтпақшы, Бауыржанның «Ұшқан ұясы» алғаш рет әскери академияда оқып жүргенде 1956 жылдары жарық көрген. Жақсы жазылса да бұл кітаптың жолы жеңіл болмады. Бауыр­жанның «Ұшқан ұясына» қатты көңіл бөлген Вера Павловна деген кісі екен. Кітапты біршама редакциялаған да, ақыл-кеңес берген де сол еді. Бірақ Қазақстан баспалары «Ұшқан ұяны» ә дегеннен басып шығармады. Себебі, кітап 1911-1941 жылдарды қамтыды. Қазақтың дәстүрі мен салты, қалың мал, қыз кәдесі, ұлттық дүниетанымы ашық, кеңінен суреттелді. Мәңгүрт ұрпақ жасау мақсатында Орталық Комитеттің «Жас ұрпақты ескі әдет-ғұрыптан арылту керек» деген сыңаржақ қаулысы бұл кітаптың кеңінен таралуына, басылып шығуына біраз кедергі болды. «Ұшқан ұяға» байланысты кейіннен 80 беттей материал табылды. Меніңше, жазушы кітапты әрі қарай жалғастырғысы келген, бірақ түрлі жағдайлар түрткі болған сияқты.

– Сұрақтың төтесінен қойылып отыру себебі, «Мұсылмандық шарты» және «Бауыржан батыр», «Айналған аты аңызға Момышұлы» (2000), Қ.Өмірәлиев, және Б.Момышұлының «Психология войны» (екі рет) сияқты кітаптарды Сіз жинастырып, алғысөзі мен түсініктемесін жазып, жарыққа шығардыңыз. Сол секілді Сіз басқарған Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы «Бауыржан Момышұлы мұрасы ХХІ ғасыр көгінде» деп аталатын ғылыми топ жауынгер жазушының жүз жылдық мерейтойына отыз томдық толық шығармалар жинағы мен батырдың тұлғалық фотоальбомын, Мәскеу қаласынан «Легендарный батыр» атты кітабын, «Көз алдымда бәріңсің», «Баукең туралы толғаныстар» атты естелік пен күнделіктерін жарыққа шығарды. Жерлес, қаламдас ретінде Баукеңді, оның шығармашылығын, әсіресе, дәстүрге қатысты дүниелерін Сізден артық білетін, саралайтын ғалым да, қаламгер де, тіпті этнограф та жоқ десек, тым асыра айтқандық болмас, сірә.

– Дұрыс айтасың. Бәукеңмен 1959 жылы танысып, өмірінің соңына дейін жақсы сыйластым. 1961 жылы аспирантураға түстім, сол кезден бастап үйінде тұрдым. Бәукең туралы әркім әртүрлі пікірде. Бірі «қатал, суық» дейді. Ал шындығында Бауыржан бірден батыр болып туылған жоқ, оны тағдыр, өмір ағысы тәрбиеледі. Оның жүрегі жұмсақ, ұлт мәселесі, тарихы туралы әңгіме өрбітсек күйше төгіле түсетін, ардың адамы еді. Бәукеңнің артында ашылмай қалған мұра көп. Біз тек төрт, бес томымен ғана таныспыз.

Жазушы қағазға келгенде өте құнтты еді, архиві тап-тұйнақтай. Ол өз қолымен «Артымда архивный крысам, Мекемтас бар ғой» деп жазып кетіпті. Осыдан-ақ батырдың маған деген үлкен сенімін аңғаруға болады. Жазушыға қарап мен де қағазға тиянақты болдым. Біз шығарған көптомдыққа бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған ҚР Орталық архивіндегі, Мәскеудегі арнайы архивтегі, облыстық, қалалық архивтердегі және ұлы, марқұм Бақытжанның үйінде сақталып келе жатқан қолжазбалары енді. Сонымен қатар, жеке адамдардан жинап-тергендерім мен өзімнің қолымдағы құнды дүниелерді де кірістірдім. Ондағы естеліктер, күнделіктер, шежіре-әңгімелер мен өлеңдері, замандастары мен ресми орындарға жазған хаттары бір жүйеге келтіріліп, хронологиямен берілді. Қолжазбаның бәрі Бәукеңнің өз қолымен жазылған еді, ал хатқа түскен дүниелер 1928-82 жылдарды қамтиды. Бауыржан Момышұлының алғашқы туындысы Жуалы ауданының «Социалистік мал шаруашылығы» газетінде «Тау сағыз бен көк сағыз» деген атпен жарияланған екен.

Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұядан» бөлек «Музей апа» деген шығармасы да оқырманға қиын жолмен жеткен. Шығармада автордың Кеңес үкіметінің тіл туралы саясатына қарсылығы айқын сезіліп тұрады. Көркемдік тәсілмен жеткізілген әжуа әңгімені газет бетіне шығаруға біраз уақыт кеткен екен. Бауыржан Момышұлының шығармашылығынан өз ұлтын, оның дәстүрін сүйгендігін көре аламыз. Тағы да «Ұшқан ұяға» оралсақ, онда ол өзінің туған әпкесінің ұзатылуына байланысты қазақтың барлық салт-дәстүрлерін жан жақты сипаттайды. Үбианның өз елімен, ағайын-тумамен қоштасуы, сыңсу мен жұбату жырлары кеңінен көрсетілді. Ал келін боп түскен ауылдағы жар жар мен беташар тойы, той бастар үлгілері кітапта түгел келтіріледі. Бәукеңнің өзі салт-дәстүрді берік ұстанды. Бірде Бәукеңмен бір жерге қонаққа баратын болдық. Батыр үйінен кішкентай дорбасын ала шықты. Ішіне не салғанын білмеймін, бірақ келіні Зейнеп дайындап берген екен. Содан әлгі үйге барғанымызда Бәукең дорбаны өзі ала кіріп, үй иесіне өзі табыстады.

Менің ақымақтығым, күнделік жазбадым. Ал Бәукеңнің келіні Зейнеп батырдың әр айтқан сөзін қағазға түсіріп отырды. Кейін үлкен мұра болып қалды ғой. Кейде Бәукеңнің өзі айтып отыратын да, біз жазып отырушы едік. Сонда маған бір ескерткені бар: «Көркем шығармаларымды қалай жазсаң да өзің біл, ал әскери психологияма грамм тиіспе» деген. Кейін отыз томдығын шығаратын кезде Бәукеңнің ұлы Бақытжан мен келіні Зейнеп кейбір қатты айтылған жерлерді алып тас­тады. Ал мен Бәукеңнің келбетін ашатын сөздердің кітапта болғанын қаладым. Кейін жүз томдыққа міндетті түрде енгіземін.

– Бауыржан Момышұлы ұлттық ойындарға да көп көңіл бөлген. Қыз қуу, бәйге, көкпар, жамбы ату, күрес, алтыбақан, асық ойнау сияқты ойындарды қастерлеген. Жоғарыда аталған кітабында Баукең былай деп жазады: «Көкпар, бәйге, аударыспақ батылдыққа, ептілікке, бұлшық етті шынықтырып, құмарлықты оятар, ары мен атағы үшін өлімге бас тігуге дейін баратын дәстүрлі ұлттық ойындар. Бұл ойындардың игілікті екендігіне ешқандай күдік болмауы тиіс». Осыған қосып-аларыңыз бар ма? Мүмкін толықтыра түсерсіз?

– Бірде Сәбит Мұқанов Бәукеңнен «Әскер деген азапты өмір ғой, соның бір рахатын көрдің бе өзің?» деп сұрапты. Сонда Баукең: «Қиыр Шығыста Сібірде жүрген кезде дивизия болып жарыстық. Сол дивизияның атынан мен шықтым. Талап алдыңда тұрған ағаштардың бұтақтарын қылышпен шауып, қырқып өту керек еді. Қарсыластарым бұтақтың әр жерін шауып, дұрыс қырқа алмады. Ал мен бәрін осып өттім. Атты ойнақтатып, маршал М. Н. Тухачевскийдің алдына тұра қалдым. Ол риза болып қолындағы сағатын берді. Өмірімде мерейімнің үстем болған кезі осы еді.

Бірде дивизия болып мергендігімізді сынадық. Екі дивизия қатар келіп, әр дивизиядан үш адам алды. Біздің дивизияның атынан жарысқа мен шықтым. Сайыстың шарты бойынша бес минут уақыт беріледі. Мен мылтықты атарда шынтақты тіреп алып, қимылдатпай аттым және үшеуін қатар аттым. Екеуі ондыққа тиген де, біреуі ғана тоғыз бен онның арасында тұрып қалыпты» дейді. Осыдан-ақ батырдың мергендігін, аттың құлағында ойнайтынын білуге болады.

Бәукең атты керемет меңгерген. Аты өзі жатса жата қалады, тұрса тұра қалады. Атын ерттеп байлап кетсе, ат сол қалпында тұратын болған. Соғыста да сол атпен жүрген. Өзі батальондардың арасында шапқылап полкты басқарған. Сол ақ боз атынан түспеген. Мұның бәрі Баукеңнің жастайынан атқа құмарлығынан болса керек.

– Тараз қаласында ашылған ғылыми орталық Баукеңнің еңбектерін жинақтай отырып (басылғаны-басылмағаны бар), 80 том дайындағанын өзіңіз білесіз. Дегенмен бұл барлық дүниесі болмаса керек. 100 томға жетеді деген де дерек бар. Осы еңбектерінің ішінде ұлттық рух пен дәстүрге қатысты қанатты сөздері – бір төбе. Айтпағымыз да осы.

«Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ», «Опасызда Отан жоқ», «Әділдікті мойындау – адал кісінің ісі», «Намысты нанға сатпа», «Өршіл рухтан – өлмес ерлік туады». Осылай кете береді. Дәстүрге қатыстысын ғана тізбелеп отырмын. Өмір бойы ешкімге бас имей, намысы мен халқының ғана құлы болған Бәукеңнің ерлікке, елдікке шақырған тәмсілдері ұшан-теңіз. Мұның өзі салтымыздың өлеңмен өрнектелген, қастерлі сөзбен қанаттанған ерекше және өміршең түрі емес пе?

– Баукеңнің еңбектерін біраз жинақтадық. Оның ішінде басылғаны мен басылмағаны бар, жобалап есептегенде жүз томға жетеді деп отырмыз. Оның сексен томы қолымызда. Ал жиырма томы менің есебімде тұр, Мәскеуде жатқан еңбектері он екі мың бет. Тағы біраз еңбектері Кубада жатыр. Онда мың беттік материал бар.

Баукең туралы жазылған еңбектерді де жинадым. Мен осы шыққалы тұрған жүз томдыққа сол еңбектерді қосып беремін. Бұл жүз том көбінесе әскери адамдарға керек. Батырдың қолжазбасында әскери қадам, оның түрлері мен стратегиялары, тәртіптік мәселелер мен өзінің басынан өткергендері жазылған. Бұл томдар біздің Отан қорғау комитеті мен әскери академияның үстелінде жататын еңбектер болмақ. Бауыржан Момышұлы өз сөзінде: «Соғыста техника соғысып жатыр. Шындығында олай емес. Адамның психологиясы соғысып жатыр. Сондықтан басымдық психологияға берілуі керек» дейді.

Қазақ – батыр халық. Өмір бойы өз жерімізді қорғадық, өзгенікіне көз тікпедік. Шыбын жанымыз шырқырап ел мен жерді сақтап қалдық. Болмаса біздің жеріміз Ресейге де, Өзбекстанға да кетіп қалды. Соның барлығы үлкен қасіретті құбылыс. Сол жерлерімізді біз берейік деп бермедік қой. Түрлі жолдармен тартып алып, иеленді. Қазіргі үш миллион шаршы жерімізге шүкіршілік айтып отырмыз. Біздің жеріміз бұрын бес миллион шаршы болған. Біз сол жерді өмір бойы қорғаумен жүрдік. Бізді жеті рет жау басып өтті. Жетеуінің де қанды іздері қалған. Ең жақыны бірінші – қытайлар. Өмір бойы күрестік, татуластық. Біздің жердегі адам атын, жер атын өзгерткісі келді, бірақ оған бабалар көнген жоқ. Біздің түркі табиғаты тұтас өз қалпында қалған.

Содан кейін біз екінші әлемге ауысып кеттік. 751 жылдан кейін араб-парсы әлеміне кеттік қой. Мұсылман болдық, араластық, оған үлкен үлестер қостық. Олардан үлгі алдық. Содан кейін барып үшінші, тарихи иірімге кірдік. Бұл бізді сыртымыздан Ресей қоршап, отарлап алу үшін 150 жылда әрең меңгерді. Осыншама күрестердің барлығы халықтың санасында қалды. Өйткені біз енді ғана жаңа үшінші иірімге кеттік. Біз славян, еуропа, түркі халықтарының арасында тұрмыз. Бұл иірімнің де тарту күші қатты болды. Кейін Кеңес одағы тарағаннан кейін бұл иірім алдыңғы күшінен айырылып, азая бастады.

Біз енді төртінші тарихи иірімді күтіп отырмыз. Менің ойымша, бұл иірім Қытайға қарай кетеді-ау деп ойлаймын. Төртінші иірім сол жақта болады. Бұл алдағы мәселе. Ал менің болжамымның қандай болатынын тарих көрсетеді.

Осы иірімдер қазақтың мінезін әбден бұзды ғой. Қазір көп нәрседен айрылған, әбден тұншыққан халықтар қатарында емеспіз бе? Енді қалай өзгереміз, өзгере аламыз ба?

Патша үкіметі бізге жасырын түрде «Сексеуіл әдісін» қолданды. Сперанский: «Қазақтың даласында сексеуіл деген ағаш болады екен. Оны балтамен ұрса жарылмайды. Ал өзін-өзіне ұрса быт-шыты шығады. Осыны қазаққа қолданайық», – деп патшаға айтып, қолдау тауып, үндеместен мұны болыстық жүйеге енгізеді. Болыстық құрылым екі мың үйден, он екі ауылдан тұрды. Ал он екі ауыл он екі түрлі рудан тұрады. Төрт би, төрт ауылнай сайланады. Қырық елубасы сайланады. Екі жүз онбасы тағайындалады. Осы тағайын­даулардың бәрі қазақты құрту үшін жасалған саясаттан келіп шыққан. Бір-бірімен билікке таласады. Аш иттер қалай сүйек­ке таласатын болса, қазақтар соған таласып жүрді. Бұл туралы Сұлтанмахмұт Торайғыров:

«Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,

Қаралыққа айналып қызыл қаны…

Ақ пейіл бауырмалдық қалып кетіп,

Желбуаз «сұрқия» боп қызынғаны.

Мас болып партияға қызып алған,

Даланың табиғатын бұзып алған,

Елдігіне, жеріне әм дініне

Құрылды талай тұзақ, талай қақпан».

Тұзақ деп отырғаны, шоқындырып орыстандыру, қақпан деп отырғаны саяси қақпанға түсірді. Осылайша біздің біртұтас болып бірігіп келген қазақты Абайдан кейін быт-шытын шығарды. Осы күнге дейін біз арыз жазу, біреуді көре алмау, жала жабу деген қазақтың бойында бұрын болмаған жаман мінезден әлі арыла алмай келеміз. Бізді солай жаман ұрпаққа айналдырды. Енді сол ұрпақты жаңа ұлттық идеология арқылы бұрынғы құйма қалыпқа алып келуіміз керек. Ең үлкен күш ол – ұлттық идеология.

Бауыржан Момышұлы Куба еліне сапары кезінде жауынгерлік ұрыс туралы лекция оқиды, осыдан кейін оған Куба Революциялық қарулы күштері елу бірінші полкінің құрметті командирі атағы берілген. 1963 жылы Фидель Кастромен болған сұхбаты жарияланды. «Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры ретінде кімді атар едіңіз?» деген сұраққа Фидель Кастро былай деп жауап беріпті: «Александр Бектің «Волоколамское шоссе» кітабының қаһарманы – қазақ Момышұлы». «Ер жігіттің қадірін ағайын білмес, жат білер», – дейді қазақ. Біз Баукеңнің қадірін көп біле бермейміз. Мұны еврейлер, кубалықтар біліп отыр. Мәскеу бұл мәселені ішінде сақтап отыр.

Сексенінші жылдардың аяғында Кубаға іссапармен барғаным бар еді. Сонда қазақ екенімізді білген кубалықтар: «Момышұлының елінен екен. Қазақ батыр халық» дегенінде қуанып қалғанымыз бар еді. Батырды шын бағалайтын ел екенін осыдан-ақ танисың.

Баукеңнің осы Кубадағы жазбаларын алсақ, сонда түгелімен рухани қазына қолымызға түсетін болады. Баукең жай құбылыс емес – әлемдік құбылыс. Жастар Баукеңнің мұрасын терең меңгеруі керек. Орысша, қазақша екі тілде бірдей жазылған, тілі жеңіл, оқуға ыңғайлы. Өткен жылы Елбасымыз оңтүстіктің зиялыларымен кездесті. Кездесуде Елбасымыз: «Біздің рухани діліміз – Яссауи, ал гуманитарлық, адамгершілік іргеміз – Абай, ал халықты елді сүюге, жерді, Отанды сүюге баулитын бірден бір адам, патриоттық тірегіміз – Бауыржан Момышұлы. Осы үш ошақтың аяғын мықты ұстасақ, біз ешқайда айнымаймыз. Өз қалпымызды сақтаймыз» деген теориялы ой айтты.

Менің арманым – Баукеңнің қаламынан туған дүниелердің біреуін де қалдырмай халқына тапсыру. Сондықтан біз осындай ұлы тұлғаның барына халық болып мақтануымыз керек. Әрі ұлы тұлғаның барлық ой-санасында өзі жинақтаған құнды рухани қазынасын ұрпақтың қолына ұстатуымыз керек. Сонда біз мықты ұрпақ тәрбиелеп, маңдай алды елдердің бірі боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Қасымхан Бегманов,

ақын,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері




123 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page