Қазіргідей нарықтық кезеңде бəсекелестікке төтеп бере алатын ең қуатты құрал білім екенін қайқайсысымыз да жақсы түсінеміз. Атааналар ұрпағының білімді болуына сергек қарап, жетістігімен танылған мектеп, жақсы дайындайтын оқу орталықтарын таңдайтын болды. Мұндай орталықтардың көбейіп келе жатқандығы сұраныстан туындап отыр. Мектепте 45 минутта түсіне қоймаған сабақтарын, оқу орталықтарында санасына сіңіреді, шығармашылықпен айналысып, алға ұмтылуына мотивациялық көмек көрсетіледі. Меніңше, балаға жан-жақты білім беру ешқашан артықтық етпейді. Əрі мектеп бағдарламасы да өте күрделі. Осындай жағдайда ата-ананың талабына жауап бере отырып, оқу орталықтары шəкірттерге көмек қолын созады.
Өзім басшылық ететін «Болашақ» атты оқу орталығымыздың жұмыс жасап келе жатқанына 10 жылға тарта уақыт болды. Алғашқыда «Репетитор» деген атпен жұмыс жасадым.
Кəсібімнің ашылу тарихынан бұрын бала кезімдегі мынадай бір жағдайлар еске түседі. Жеткіншек шағымда əр үйдің кіреберістеріне жарнамалар іліп, кішкентай балаларды кешкілік концерттерге, түрлі ойындарға шақырып, сол шараны ұйымдастыратын едім. Бұл салаға келуімнің басында сол бала күнгі арман жатқан секілді. Менің бұл талантыма қызыққан бір журналист мен туралы «Ұлан» газетіне «Аула балаларының бизнесі» деген мақала жариялаған болатын. Қарап отырсам, қазақтың «баланың ойнағанына, қазанның қайнағанына қара» деген сөзі рас па деймін бүгінде.
Талдықорған қаласына 2000 жылдардың басында қоныс аудардық. Көршілермен аралас-құралас болып жатамыз. Сонда ол кісілердің балаларына үй тапсырмасын жасауға көмектесетінмін. Бір күні инстаграмнан Зарина Ивантер деген журналист əрі кəсіпкер əйелдің постына көңілім ауды. Өзі де оқу орталығын ашқан екен. Осы кəсіп жайында тəптіштеп өте жақсы жазыпты. Көңілімдегі ой тасқындап, жұбайыма лəм-мим деместен кеңсе іздей бастадым. 80 шаршы метрлік кеңсе де тауып қойдым. Енді оған жиһаз, қажетті жабдықтар керек қой. Ойымды пісіріп алғасын, жоспарымды жұмсартып жұбайым Саматқа жеткізіп едім, ол қуана келісіп, барлық жиһаздарды өз қолымен жасап берді. Кеңсе дайын болғасын, бір математик, екі ағылшын тілінің маманымен жұмысымызды бастап кеттік. Осыдан 8 жыл бұрын инстаграмм желісі бүгінгідей танымал емес еді. Бірақ осы желінің мүмкіншіліктерін пайдалана отырып өзіме керекті ақпараттар алдым, жарнамалар бердім.
Талдықорғанда халық саны ол кезде аздау болатын. «Ұзынқұлақ радиосы» арқылы біздің жұмысымыз көпшілікке тез танылып, ата-аналар балаларын алып өздері ағылып келе бастады. Жұмысымызды бастаған жылдың өзінде біз балаларды Назарбаев зияткерлік мектебіне жəне БИЛ-ға дайындай бастадық. Бағымызға орай он баланың алтауы Назарбаев зияткерлік мектебіне түсті. Алғашқы жылдағы нəтижемізден соң-ақ ата-аналар ризашылықпен табалдырығымызды аттай бастады.
2016 жылы ұлыма аяғым ауыр кезде бөбектерге арналған даму орталықтарын ашу туралы ой келді. Мамандарымызбен, жұбайыммен, бала-шағаммен ақылдаса отырып, орталығымызда тек ақыл-ойды дамыту бағдарламасымен қатар, бөбектерді дамыту жəне салт-дəстүрімізді дəріптеуді қолға алдық. Міне, осы кезден бастап орталығымызды «Болашақ» деп атадық. Содан жаңа бағдарламалар енгіздік. Оған: 1 жастан бастап балаларды дамыту; қазақ тілі курсы; ағылшын тілі курсы; ағылшынша сөйлеу клубы; Назарбаев зияткерлік мектебіне дайындау; шетел ЖОО-ларына түлектерді дайындау; жас аналарға арналған тренингтер; хореография; актерлік шеберлік; мерекелерді ұйымдастыру кіреді.
Біздің ұстаздар өте талантты. Жаңа жылдық кештерде жəне басқа да мəдени шараларда əн салып, би билеп, аяз ата, ақша қар болып бүлдіршіндерді шаттыққа бөлейді. Өзім де аяғымның ауыр екендігіне қарамастан үнділік Раджиді ойнаған болатынмын. Көпшілікке ұнап, ішексілесе қата мəз-мəйрам болғанын əлі күнге дейін айтып жүреді.
Мамандарды таңдағанда бірінші кезекте, балаларды қаншалықты жақсы көреді, сол қасиетіне қараймын. Бұл – төменгі топтағы мамандарға қойылатын талап. Содан соң дикциясына, сыртқы пішініне, педагогтық қарым-қабілетіне қараймын. Балаларды өзіне қарата ала ма, сол қасиетін басты назарда ұстаймын. Балалардың тілін таба алмаса, өзіне қарата алмаса, онда ары қарай əңгіме қысқа.
Ал математика, ағылшын тілінің мамандарына жəне Назарбаев зияткерлік мектебіне дайындайтын мұғалімдердің біліктілік категориясына қарамаса болмайды. Жоғары сынып оқушыларына тек біліктілігі жоғары мамандарды таңдаймын. Орталығымызға осы уақытқа дейін мыңдаған адам келіп, біздің көмегімізге жүгінді. Жыл сайын 1-сыныпқа 2-3 топ даярлаймыз. Сегіз жылдың ішінде 100 шəкірттің Назарбаев зияткерлік мектебіне жəне БИЛ-ге түсуіне ықпал еттік.
Біздің орталығымыздың артықшылығы – оқуды үш тілде тереңдетілген форматта жүргізетіндігі. Шəкірттеріміздің арасында математикадан, мəнерлеп оқудан, ағылшын тілінен түрлі пəн олимпиадаларын өткіземіз. Спорттық жарыстар ұйымдастырамыз.
Мектепке дейінгі дайындық курсына келген бүлдіршіндер мектепке спорттық жағынан да, интеллектуалдық жағынан да, шығармашылық жағынан да толық дайын болып барады. Сондай-ақ біздерде домбырада ойнау, ұлттық би үйірмелері жұмыс жасайды. Шəкірттеріміз ұлттық өнерді меңгеруге талпынып шығады.
Мектепке дейінгі бағдарламамыз авторлық əдістемелікке жатады. Логикалық ойлау жүйесін дамытуға, сараптама жасай білуге, сыни көзқарас қалыптастыруға көңіл бөлеміз. Қазіргі таңда орталығымызда ондаған ұстаз қызмет етеді. Жүздеген шəкірт білімін шыңдауда.
Заман талабына жауап беру үшін үнемі ізденіс үстіндеміз. Өткен жылдан бері көп шара онлайн жүйеде өткізілгендіктен, онлайн жұмыс жасаудың тиімділігіне бет бұрдық. Мүмкіндікті пайдаланып Елена Карусевичтің басшыларға арналған екі күндік Fresh Mind курсына қатыстым. Өзіме өте көп пайдалы ақпарат алдым. Шешендік өнерді дамытуға байланысты өте жақсы ойлар айтылды. Ағылшын тілі əлем тіліне айналғандықтан, ағылшынымды да жетілдіру үстіндемін. Болашақта халықаралық орталық ашу да жоспарымызда бар. Ондағы мақсат – салт-дəстүрімізді, мəдениетімізді, тарихымызды əлемге насихаттау. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді ғой халқымыз, Алла қаласа ол да жүзеге асады деп ойлаймын.
Əйгілі педагог Шалва Аманошвилидің «Шуақты балалар» тренингіне жазылдым. «Бизнесті жүйелендіру» курсынан да өтсем бе деген ойым бар. Өз кəсібімді дамыту үшін əрі сапалы қызмет көрсету үшін үнемі ізденіс үстіндемін. Мұның бəрі ұлт болашағы жолында атқарылып жатқан шаруалар екені анық.
Кəсібімді дамытуға жұбайым Саматтың көмегі өте зор. Əрдайым қолұшын беріп, қолдап, қолпаштап отырады. Ұл-қыздарым да ортақ іске əрдайым жанашыр. Ұжым қызметкерлері де өз ісіне адал берілген, баршасына айтар алғысым шексіз. Биік мақсаттарға бірге жетейік, менің асыл жандарым!
Comments