1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының ұйымдастыруымен Қарағанды облысы блім басқармасының Приозерск қалалық білім бөлімінің "Балақай" бөбекжай коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында "Балалар қуанышы" тақырыбымен мерекелік кең ауқымды іс-шара ұйымдастырылып өткізілді. Аталған іс-шара қонағы Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Тілек Кенжебековты "Балақай" бөбекжайының әдіскері Гүлжанат Исиркова күтіп алды. Алдымен бүлдіршіндер балғын балалық шақ тақырыбында тақпақтар айтып, өй-өрісті дамыту мақсатындағы берілген жұмбақтарды шешті. Сонымен қатар әр топқа бөлінген бөбекжай бүлдіршіндері "Бейбіт күн" тақырыбында түрлі-түсті суреттер салып, түрлі сұрақтарға жауап берді. Ардагер аға Т.Кенжебеков бөбекжай бүлдіршіндерін бір ортаға жинап, оларға балалық шақтың қызығы мен көп ұлтты Қазақстанның бейбітшілікті сақтаған ел болып табылатынын терең мағынада жеткізіп берді. "Бақытты балалық шақ - адам өмірінің естен кетпес ең қызықты сәттерінің бірі болып табылатыны анық. Келешегінен көп үміт күттіретін балғын бүлдіршіндеріміз тыныштық пен тұрақтылықты сақтаған Тәуелсіз Қазақстан елінде бақытты өмір сүріп келеді...." - деп, құттықтау сөз сөйлеген ардагер аға Тілек Алшымбекұлы "Балақай" бөбекжайы ұжымы мен бүлдіршіндеріне 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, олардың алдағы күндеріне зор табыстар тіледі.
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы
Думан Жұмашұлы
Comments