top of page
Фото автораМарат Тоқашбаев

АРАЛАС  НЕКЕДЕН  ҚАЗАҚ  ТІЛІ  ӨЛЕДІ

Аралас неке құбылысы көшпелі елдерде ежелден бар. Тарихқа қарап отырсаңыз мұның қаншама мысалын көресіз.

Бірін бірі ата жау көретін қазақ пен қалмақ арасында тіпті көп. Айталық, Шәкәрім Құдайбердіұлы «Әз-Тәуке Салқам Жәңгірдің қалмақ әйелінен туған баласы еді» деп жазады ғой.  Салқам Жәңгірдің бесінші ұрпағы Абылай ханның он екі әйелі болғаны, оның жетеуі  қалмақ қыздары болғаны белгілі.  Бұқар жырау Абылайға арнаған бір толғауында:

Қалмақтан алдың бір зайып,

Сүйегіңді жоғалтпас.

Абылайымсың алқатқан,

Отының болсын жантақтан,

Қатының болсын қалмақтан,

Қосының болсын қазақтан, – деп жырлайтыны есімізде.

Әйгілі Хан Кененің әкесі Қасым сұлтан қалмақ қызына үйленген. Сол Топыш ханымнан Кенесары туады. Қарға бойлы Қазтуған жыраудың шешесі Бозтуған  да қалмақ тайшысының қызы екен. Айта берсе бұл өзі ұзақ әңгіме.

   Бірақ орта ғасырлардағы жағдай басқа. Ол кезде тайпа, мемлекет билеушілерінің арасында қыз алысып, қыз берісу қарапайым дипломатияның көрінісі болған. «Судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді» деген мақал да сол кезден қалса керек. Ол тұста ұрпақтың қанын жаңарту мәселесі де осы тәсілмен шешімін тауып жатты.

Бүгінгі таңда ел мен ел арасында қыз алысып, қыз берісу яғни аралас неке дипломатияның құралы болудан қалды. Ресей бодандығы тұсында мұсылман діні мен христиан дінінің айырмашылықтары себебінен  аралас неке көп тарай қойған жоқ. Өйткені діні бөлек аралас неке жұптары бірінің дініне өтуі талп етілетін.

Кеңестік кезеңнің ілкі тұсында оқыған қазақ жастары өзіне тең оқыған қазақ қыздарын таппай татар қыздарына үйленген жағдайлар көп болды. Алаш қайраткерлерінің көбінің әйелдері татар қыздары болды. Татарларға үйленуі, біріншіден, тілі ұқсас, діні бір, мұсылман әрі оқыған, көзі ашық, білімді болатын да, ал сол кездегі қазақ қыздары арасында сауатты, мәдениетке жақындары аз болған. Тарихта қазақ оқымыстыларының бірен-саран орыс қыздарына үйленген мысалдары да белгілі.

Айталық, Ахмет Байтұрсыновтың әйелі Бәдрисафаның шын аты-жөні – Александра Иванова. Ол діни шарт бойынша мұсылманшылықпен қоса Бадрисафа Мұхамедсадыққызы деген ныспы қабылдаған. Мұстафа Шоқайдың әйелі Мария Горина деген орыс актрисасы. Екеуінен ұрпақ жоқ.

  Әлихан Бөкейханов 1901 жылы Елена Яковлевна Севостьянова деген орыс қызына үйленеді. Анасынан бата алуға барса: «Мойнына крест таққан келінімнің қалай маңдайынан сүйемін? Табалдырығымнан аттамасын!» депті. Екеуінен туған Оқтай (ресми Сергей) есімді ұлы болған, орысша тәрбиеленуінің салдарынан оның өзі де, баласы Петр де таза орыс болып кетті.

      «Өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кеш сезіп, сан соғып жүрміз» деп Мұхтар Әуезов айтпақшы бұл жаңсақтықтардың «сан соқтырар» тұстары көп. Парацельс: «әр нәрседе мөлшер болуға тиіс, дәрінің бір дозасы пайдалы болса, екінші бір дозасы уға айналады» депті ғой. Аралас некенің азғантай мөлшері қан жаңарту үшін пайдалы болса, оның жаппай теріс құбылысқа айналуы – ұлт ертеңіне зиян.   Бүгінгі таңда ұлтаралық неке ұлттық сана деңгейінің көрсеткішіне айналып тұр.  Біздің қоғамымызда, әсіресе, соңғы 20-30 жыл ішінде аралас неке секілді некен-саяқ фактілер құбылысқа айналып кетті.

Аралас некеге үш тұрғыдан қарау керек. Бірінші, жігіт жағынан, яғни ер азамат басқа ұлттың қызына жүрек қалауымен яғни ғашық болып қалып үйленеді. Бірақ, олар мұның салдары әрі қарай не нәрсеге апарып соқтыратынын болжай бермейді. Мұндай некеде өмірден опық жеп қалған ағаларымыз көп.

   Бір қасіретті оқиғаны айтайын. Совет-герман соғысына қатысқан, СМЕРШ-те істеген Ахметкәрім Болысов деген қария болды. Әйелі орыс болатын. Оның Евгенья деген жалғыз қызы, одан туған Катерина деген жиен немересі бар-тын. Қызы зоопаркте жұмыс істейтін.

Қызы хайуанаттар паркінен  әкеліп питон деген жыланның екі баласын асырайды. Олар тез өсіп, біреуі 3 метр, екіншісі 4,5 метр үлкен аждаһаға айналады.  Кейіннен біреуін зоопаркке қайтадан өткізіп, екіншісін туған баласындай мәпелеп бағады ғой. Ал қария жыланнан өлердей қатты қорқатын. Жасы алпыстан асқан кезде жылан себеп болып, әйелі «үстіңнен қазақтың иісі шығады, сенімен бірге тұрғым келмейді» деп ажырасып кетті. Үй жалдап тұратын майдангерге өкімет екі бөлмелелі пәтер берген.    Қателеспесем, үйі Тимирязев көшесі мен Есентай өзенінің қиылысында болатын.

Ана орыс кемпірі «егер мына қақпас  олай-бұлай болып кетсе, пәтер бізде қалуы керек» деген есеппен шалдың қасына немересін бірге тұрғызып қояды. Ақсақал өзі төргі бөлмеде, немересі дәу аждаһамен ауызғы бөлмеде ұйықтайтын болған. Бір күні әлгі немересі жыланды төргі бөлмеге кіргізіп жібереді. Ысылдаған жыланның дауысынан шошып оянған қария қашамын деп питонға аяғы шалынып, сүрініп құлайды да, сол жерде жүрегі жарылып, жан тапсырады. Үш-төрт күн атасы шықпаған соң, немересі біздің «Заң газетінің» редакциясындағы бұрын кәрия   туралы мақала жазған Марат Әбдіхалықов деген журналистке телефон шалып атасының шықпай қалғанын айтады. Журналист полиция шақырып, бөлмесіне кірсе Ахметкәрім ағамыз қайтыс болып кеткен екен. Тіпті арада үш-төрт күн салған  сияқты.

 Сонда орыс кемпірдің де, қызының да, немересінің де ақсақалмен ешқандай істері болған жоқ. Өйткені, олардың менталитеті бөлек, мұсылманшылықтан мүлде ада жандар еді. Қарияны біздің редакция жігіттері көлік жалдап, ТЭЦ жақтағы бір бейітке арулап жерледі. Редакция қызметкері Әбдрахман Асылбеков ағамыз құран бағыштады.

  Бір айдан кейін «Вечерняя Алма-Ата» газетінде марқұм майдангердің қызының атына «сүйікті питонының трупный запахтан» қайтыс болуына байланысты көңіл айту шықты. Әкесін ардақтамағандардың өлген жыланды ардақтағандарына таң қалдық.     

 Ендеше аралас неке ер азамат үшін қайырлы болуы екіталай. Әлгі «Таспен жапалақты ұрсаң да – жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да – жапалақ өледі» дегеннің кері.  Аралас некеде қалай болғанда да қазақ тілі өледі. Сондықтан қазақ жігіттерінің басқа ұлттан қыз алуы құптайтын да, қолдайтын да нәрсе емес. Мүмкіндігінше оған жол бермеген дұрыс.

Енді қыздарымызға қатысты екінші көзқарасты айтайын.  Қазір орыс, кәріс, қытай, түрік былай тұрсын, африкалық зәңгілермен көңіл жарастырып, шетел асып жатқан қыздарды көріп жүрміз. Біздің дінімізде қыз бала тұрмысқа шықса, оның күйеуі шариғат бойынша міндетті түрде мұсылман болғаны жөн.

Жалпы, қазақ қыздарының шетел азаматын таңдауындағы басты себеп, ол біздің қазақ жігіттерінің осалдығынан деп ойлаймын.  Екіншіден, демографиялық қиғаштықтар. Дүниеге келгенде ұл балалар сәл көптеу болғанымен біртіндеп кеми береді. Түрлі төбелес, қақтығыста жарақаттану, өндірісте мертігу, әскердегі әлімжеттік, түрмеге тоғытылу, арақ-шарап, темекі, құмар ойындар, ауру-сырқау салдарынан  отыздың төңірегінде жігіттер күрт азаяды. Сөйтіп үйленетін шақтағы жігіттердің саны тұрмысқа шығатын қыздардың санынан кеміп кетеді. Теңін таппаған соң, қыздардың шетел асатыны сондықтан. Стамбұлда түрлі сауда орындарында қожайынға қызметші болып немесе көңілдесі болып жүрген қаншама қазақ қыздарын көрдік. Жаның ашиды. Мәселенің бар екендігін мойындайсың.   

Бұл салада мемлекеттік саясат, ұлттық идеология болуы керек деп есептеймін. Ұлттық идеология бар жерде бағыт болады, бағдар болады, бірлік пен ынтымақ болады. Мүмкіндігінше қазақ жігіттері мен қазақ қыздарының үйленуіне жағдай жасалуы керек. Пайдасы тиер болса кешегі кеңестік тәсілдерді де кәдеге жаратқан жөн.

 Мәселен, 40  жылдай бұрын Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институты мен Қазақ қыздар институтының арасында тығыз байланыс болатын. Түрлі танысу кештері, кездесулер жиі   ұйымдастырылып тұратын. Екі оқу орнының мұғалімдері кездесе қалса бір-біріне «құда-құдағи» деп әзілдесіп сөйлесетін. Мұндағы мемлекеттің ұстанатыны – бір зоотехник пен мұғалима шаңырақ көтерсе, екеуі қол ұстасып ауылға барып, сол ауылдың мәдениетін көтеруге қызмет етеді деген саясат болатын. Алматыдағы Құрылыс комбинаты (АДК) мен Алматы мақта-мата тоқыма комбинатының арасында да осындай байланыс болды.  Сол АДК-ның жігіттері мен АХБК-ның қыздарынан  қандай тамаша жұптар шықты. Міне, осындай саясат болғанда, аралас неке болмас еді деп ойлаймын. Осындай идеямен қаншама жарасымды отбасылар дүниеге келді.

Ал бүгінгі таңда мемлекеттің демографиялық бағытта ұстанған ондай табанды саясаты жоқ. Әркім өз бетінше, бей-берекет өмір сүріп жатыр. Осыны назарда ұстаса деймін. Мәселе үштаған ғой. Енді үшінші тарапқа келейік. Бұл – ата-ана. Егер ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбиелеймін десе, ата-ана баласына кішкентайынан қазақтың ұлттық әдет-ғұрпы мен салт-санасын, ырым-тыйымдарын сіңіріп отырғаны абзал.  Бала қанша жерден орысшаға үйір болса да ол өз үйінде қазақша сөйлеуі тиіс. Мәселен, мен өз басым, балаларымның барлығын қазақ балабақшасына бердім. Сол балабақша, мектептер ашу үшін Жазушылар одағының жанындағы Шона Смаханұлы басқаратын мектеп кеңесінің жұмысына атсалыстық.  Сол күрестің нәтижесінде осы Алматыда 23 қазақ мектебін ашуға атсалыстық. Соның біреуіне №45 мектепке жасы әлі жете қоймаса да, үлкен қызым Айгүлді алты жасында 1 класқа бердім. Одан кейінгі  ұл-қыздарым да қазақ мектебінде оқыды. Балаларым даладан үйге кіргенде, «аяғыңды сүрт, орысшаңды осы табалдырықта қалдыр, бұл қазақтың үйі, сен қазақсың, қазақша сөйлеуің керек!» деп талап етіп отыратынбыз.

 Құдайға шүкір, қазір ұл-қыздардың бәрі балалы-шағалы. Бәрі қазақшаға жетік. Қазақша таза сөйлейді, орысша да біледі, ағылшын тілін де еркін меңгерген. Кенже қызым Жанеркенің өткен жылы «Мен әлемді сүйемін» атты кітабы жарық көрді. Өзі ағылшын тіліне қоса бүгінде түрік және жапон тілдерін үйреніп жүр. Бұл менің мақтанғаным емес, басқаларға үлгі болсын деген ниетпен айтып отырғаным.

   Егер ата-ана баласының болашағын ойлап, ертеңгі күні ұлы басқа ұлттан қыз алмауын, қызы шетелдікке тұрмысқа шықпауын қалайтын болса, отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлуі керек. Бұл қиғаштықтарға қарсы біз мемлекетті қосқанда төрт тарап болып күрескенде ғана тосқауыл қойылуы мүмкін.

Қазақтың ұлтжанды болуы елдің дамуына пайдасын тигізбесе, еш кедергісін келтірмейді. Қайта халықты біріктіре түседі. Бұл аңсаған ұлттық мемлекетімізді нығайтудың басты шарттарының бірі!

15 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page