Қазақстан Республикасына қызмет етемін!
Мен, Қазақстан Республикасының азаматы (тегі, аты, әкесінің аты), Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып ант қабылдаймын және Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзімнің егеменді мемлекетімнің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін....
(Қазақстан Республикасының Әскери анты мәтінінен үзінді)
Жуырда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінде салтанатты түрде Әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараны бөлім командирі полковник Н.Жунисалиев ашып берді. Дәл осы іс-шараның өтуіне жауапты, жас сарбаздар жиынының бастығы подполковник Қуандық Арыстанов бөлім командирі полковник Нүркен Жүнісалиевке Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында сап түзеген жас сарбаздардың салтанатты түрде Әскери ант қабылдағаны жөнінде баянатын жеткізді. Салтанатты жиынға «Астана» өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшылық басқармасының жауынгерлік дайындық бастығы – әскерлер қолбасшысының орынбасары полковник Китапбаев Аслан Аманжолович қатысты. Әскери ант қабылдау рәсіміне арналған салтанатты жиын соңынан жас сарбаздар өздерінің әскери өмірге бейімделудің алғашқы күндерінде жинақтаған тәжірибелерін көрсетіп, жиналған қонақтарға, ата-аналарға және туған-туыстарына дене шынықтыру дайындығындағы спорттық жаттығу түрлері, жауынгердің қарумен саптық тәсілдері және спорттық қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінің қимылдарын іс жүзінде көрсетті.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарын толықтырған жас сарбаздардың Әскери ант қабылдау рәсімінің салтанатты жиыны жоғары деңгейде асқан ұйымшылдықпен өтті.
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы
Думан Жұмашұлы
Comments