Бүгін, шілденің 1-інде “Байтақ” партиясының кезекті жиыны болып өтті. Шараны қалалық төраға қызметін уақытша атқарушы Бастаубаев Жұмабек Әндешұлы ашып, таяу арада қала бойынша ұйымдастырылған экологиялық мәселелерді айтып өтті. «Біз, экологтар, ұлтқа, ұлысқа бөлінбейміз. Қай елде, қай жерде жүрсек те Табиғат-Ананы қорғап, тіршілік иесінің кең тыныстауына қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз табиғатқа қалай қарасақ, оның жауабы да сондай болмақ. Құрметті байтақтықтар, алтын бесігімізді адалдықпен тербетейік. Бізге тіршілік сыйлап отырған ғаламшарымызды экологиялық апаттан сақтау – әрқайсысымыздың міндетіміз!» – дей келе Жұмабек Әндешұлы жиынға қатысып отырған белгілі қоғам қайраткерлеріне алғысын білдіріп, партия жұмысына сәттілік тіледі. Жиында белгілі ел ағалары сөз сөйлеп, ұтымды пікірлерімен көпшіліктің көңілінен шықты.
Экология тақырыбында ғылыми тұжырымдарын ортаға салған
биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА-ның академигі Абай Оразұлы ағамыз табиғатты қорғауға байланысты бірнеше жоспарларын ортаға салды. «Қонаев атамыз әлемдегі теңдессіз жасыл қалаға айналдырған Алматыны қалпына келтіруіміз керек. Өсімдіктерді паразиттерден қорғайтын тамаша тәсілдер бар, соны жүзеге асыруымыз қажет. Қалаға кезінде қарағаштар көптеп отырғызылды, себебі қарағаш – суыққа төзімді, көп күтімді қажет етпейді әрі автокөліктерден шыққан көмірқышқыл газын залалсыздандырады. Бүгінде бұл өсімдіктер тозды, сондықтан осы мәселені қолға алуымыз керек. Экология айналасында атқарылатын шаруа көп. Тек бізге құзырлы органдар көмек қолын созса, бел шеше жасайтын жұмыстар тізбегі жетерлік», – деп сөзін аяқтады ғалым.
Елордадан партияның орталық аппаратынан онлайн форматында қосылған Владимир Мартель «Байтақ» партиясының жұмысына есеп беріп, алдағы уақытта да белсенді жұмыс жасауға шақырды.
Жиын соңында «Байтақ» партиясының Алматы қалалық филиалының жаңа төрағасы болып Иманалиев Асқар Мұратұлы бірауыздан сайланды. Жаңа төраға да Алматы қаласы бойынша атқарылатын жұмыстарды алға тартып, сайлаушыларға сенім көрсеткендері үшін алғысын білдірді.
Жанерке МАРАТ,
Қазақстанның «Байтақ»
Жасылдар Партиясы»
қоғамдық
бірлестігінің мүшесі
Kommentare