top of page
Ерзат Мұхтарұлы  Рахимов

Талант пен тапқырлық

Қылқаламнан туатын сан-алуан ғажайып туындылар бала қиялын самғау биіктерге жетелейтіні белгілі. Ерзат мектеп қабырғасында жүріп “суретші бала” атанады. Қабырға газеттеріне салған суреттері, мектепішілік, аудандық суретшілер байқауына бола салған суреттері бала қиялының ұшқыр екенін аңғартты. Көрермен назарын өзіне аударды. Сол арман мен талап Ерзатты Алматы қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне жетелеп келді. Осынау сүрлеуден басталған жол біртіндеп оны суретшілік өнердің даңғыл жолына шығарды. Көптеген марапаттарға ие болды. «Қазақ өнерінің қайраткері» атанды.

Ерзат Мұхтарұлы Рахимов 1951 жылы 10 желтоқсанда бұ-рынғы Семей облысы, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында дүниеге келді. Өнердің бар қуатын бойына сіңірген жас суретші студенттік кезеңнің өзінде тамаша жетістіктерге жетіп жүрді. Еңбек жолын театр сахнасынан бастады, театрда қойылым суретшісі болу – ең қиын әрі жауапты іс. Жаңа спектакльді көрермен алдына шығару, оның декорациясын, эскизін әзірлеу – қойылым суретшісінің мойнында. Ерзат Мұхтарұлы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылым суретшісі болып спектакльдерді көркемдеп әрлеп, сахнаға шығару жұмыстарымен ұзақ жылдар айналысты.

Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында да «Рәбиғаның махаббаты» сияқты тағы басқа бірқатар спектакль-дерді сахнаға шығаруға атсалысты.

Студенттер Ерзат Мұхтар ұлының Т.Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтының оқу театрында сахналанған О.Бөкеевтің «Қамшыгер», Федорико Гарсио Лорканың «Қасіретті қатындар», Н.В. Гогольдің «Ревизор» т.б. дипломдық спектакльдерді қандай көркемдік шеберлікпен, тапқырлықпен биік деңгейге көтергенін аңыз қылып айтады. Сурет өнерінің қырсырына қаныққан Ерзат білімін тереңдетіп, шеберлігін арттыру мақсатында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркем-графика факультетін, сурет және сызу пәні бойынша бітіріп алды.

Институтта оқып жүрген жылдары оның суретшілік таланты мамыр айындағы гүлдердей ашыла түсті. Туған жері Аягөздің табиғаты ерекше әсем, айрықша көркем болса, Алатаудың келбеті тіптен ғажап болып суретшіні шабыт биіктеріне бастады. Өмірге, әсемдікке салыстырмалы көзқараспен қарауға талпынды. Әсіресе пейзаж жанры құнықтыра түсті. Суретшінің көзқарасын өзгерткен табиғаттың тылсым күші оның лирикаға толы ішкі жан дүниесін тереңнен тербеп, бірінен соң бірі ғажап пейзаж туындылары дүниеге келді.

Сол шабыттан туған «Талғар өзені», «Бурабай», «Ботаникалық бульвар», «Алатау», «Есентай» («Весновка»), «Шыбынды жай-лау» атты шығармашылық туындылар мамандардың өз-дерін тамсандырып жатты. Ойы озық, ізденісі терең адам өнердің әрқилы бағыттарын меңгере беретіні белгілі. Ерзат Мұхтарұлының бойында керне-ген шабыт, шексіз ізденіс бар. Сол күш-қуат оны портрет салуға да құлшындырды. Осы салада да ол өзіндік жекеше толғаммен, қайталанбас қолтаңбасымен аса бір шеберлікпен бірқатар дүниелер туғызды. Айталық, «Анамның келбеті», «Немерем» т.б. картиналар осылай дүниеге келді.

Портрет жанрына қалам тербеген суретші тереңнен тербейтіні мәлім. Осындай ізденістер біртіндеп тарихи тақырыптарда толғануға итермеледі. Тарихты таңдаған суретші жоңғар қалмақтарына қарсы Отан соғысы тақырыбын айналып өтпесі анық. Ерзат Мұхтарұлы да қазақтың хас батыры Қаракерей Қабанбайдың ерліктерін қыл-қаламмен әсерлі сомдай алды. «Орқазған жайлауындағы батыр бабаларымызға қойылған ескерткіш» туындысы бояуларының қанықтығымен, композициялық ұтымдылығымен ерекшеленіп тұр. «Бабалар мұрасы», «Дала аруы», «Ақ ботам» жанрлық шығармашылық жұмыстарын айта кеткен жөн.

Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Ерзат Мұхтарұлы шығармашылық еңбек жолында 50-ден астам елеулі туындылар жазыпты. Бірқатары республикалық, ортаазиялық көрмелерге қойылып, көрерменнің ыстық ілтипатына бөленгені де рас. Суретші өнер әлемінің ғажайып құдіреті мен тылсым сырларын терең меңгеріп, өз шығармашылығында ойдың тұнығын ұсынып, жүрек қылын шертетін шебер. Ол шәкірттерін табиғаттың тылсым, ғажайып сырларға толы бояуларын, әр пенде байқай бермейтін қайталанбайтын құбылыстарын танып, білуге үйретеді. Түрлі реңктердің әлемін ашады. Сондықтан да шәкірттерінің ұстазына құрметтері шексіз.

Еліміздің оқу-ағарту ісіне сіңірген еңбегі үшін дәріскер «Білім беру саласының үздігі» құрметті атағымен марапатталды, ұлттық өнерімізге сіңірген еңбегі үшін «Қазақ өнерінің қайраткері» құрметті атағымен марапатталды, профессор атанды.

Суретшінің қайраткерлігі сан қырлы. Республикамыздың әр өңіріндегі мұражайларға экспозициялық-экспонаттар ретінде өзінің авторлық туындысы болып табылатын жобаларын ұсынды. Атап айтсақ, 2004 жылы Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы әдеби мұражайына, Шұбар ауылындағы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Алдабергеновтің тарихи мұражайына, 2005 жылы Қабанбай ауылындағы Қаракерей Қабанбай бабамыздың атындағы тарихи-этнографиялық мұражайға, Есік қаласындағы археологиялық «Алтын адам» мұражайына, Шәуілдір қаласындағы «Оты-рар» археологиялық қорық мұражайына қойылған тақырыптық шығармалары қылқалам шеберінің үлкен талантын дәлелдейді.

Ерзат Мұхтарұлы өз кәсіби шеберлігін шыңдауды бір сәт те толастатқан емес. Ол 2010 жы-лы Ортаазиялық қолөнер шеберлерінің фестиваліне қатысып, өз туындыларын халықаралық деңгейде көрермен назарына ұсынды. 2011 жылы Қазақстан егемендігінің 20 жылдығына орай өзінің жеке шығармашылық көрмесін өткізді.

2013 жылы қазақ бейнелеу өнерінің алтын бесігі О. Таң-сықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер коллед-жінің 75 жылдық мерейтойына арналған көрмеге қатысты.

2014 жылы «Шаршы» атты шығармашылық топтамасын сүйікті көрермендеріне тарту етті.

2015 жылы «Қазақ хандығы-ның 550 жылдығына» орай көр-меге ең таңдаулы туындыларын ұсынып, көрермен қауымды тағы бір өнердің құдіретті күшіне тәнті етті.

2020 жылы Абай Құнанбаев-тың 175 жылдығына орай ұс-таздар арасында ұйымдасты-рылған «Бабалар аманаты» көрмесіне қатысты.

Ерзат Мұхтарұлы біртіндеп шәкірт дайындаудың маңыздылығына ден қойды. Ұстаздық парызы жетектеп мектепке әкелді. Оқушылардың әсемдікке деген талғамдарын ояту үшін, олардың назарын өмірдегі сұлулыққа аударып, оларды байқауға, сезуге, қабылдауға, сүйіне білуге жалықпай үйретіп келеді. Өнер саласын терең меңгерген, әр сабағын өмірмен байланыстырып, жаңашылдықпен әрі жауапкершілікпен атқаратын ұстаз шәкірттер үшін мақтаныш. Енді сол ұстаздың ерен еңбектерінің жемістеріне тоқтала кетейік.
Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен «Ұлттық журналистік зерттеу орталығы» қоғамдық қорының және Бостандық ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен білім беру ұйымдары арасында өткен «Мемлекеттік рәміздер – елдігімнің мақтанышы» байқауында Ерекеңнің шәкірттері жеңімпаз атанды.

2018 жылы Халықаралық балалар суреттері мен плакаттар көрмесінде оқушылары алдыңғы қатардан көрінді. Қарап отырса, жарты ғасырдан астам еңбек жолында тәрбиелеген шәкірттері аудандық, қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда сан мәрте бас жүл-делерге ие болыпты.

Ерзат Мұхтарұлының өнер саласына сіңірген еңбегі орасан, ол әлі де еліміздің өнер тарихына қосар құнды туындыларын дү-ниеге келтіретініне, талай да-рынды шәкірттер тәрбиелейтініне шәк жоқ.

Серікхан МӘДІҒАЛИЕВ,
Қазақстан білім беру ісінің қайраткері,
Евразия дизайнерлер одағының мүшесі.

bottom of page