top of page
Қазақ биінің аққуы

Қазақ биінің аққуы

Гүлзира Рақымжанқызы Қытай Халық Республикасында дүниеге келіп, өмірін бимен байланыстырған өнерпаз. 2007 жылы атамекенмен қауышқан соң ол өзінің бойындағы талантын қазақ сахнасының абыройын аспандатуға бағыттады. Ұлттық би өнеріне жаңа леп болып қосылды. Қазақ өнерінің қайраткері атанды. Төмендегі сұхбатта биші өз өмірі мен би өнері туралы ойларымен бөліседі.

– Ертеректе ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй мұрамызда шек жоқ. Ал қазақ халқында биден қалған мұра аз. Жаңа ұрпақ осы биді қолға алғаны жөн», – деген екен. Сіз өз өнеріңізбен Мұхаңның өсиетін орындауға атсалысып ке­лесіз. Қалай ойлайсыз, бұл өнер­­дің қуанышы басым ба әлде қиыншылығы басым ба?

– Сергей Есениннің әйелі болған әйгілі америкалық биші Айседора Дункан «Би – аяқтар поэзиясы» депті. Әрине, бидің қуанышы мол, қиын­шылығы да аз емес. Бірақ мен үшін би ең алдымен өнер. Ол да өзінше бір поэзия.

– Гүлзира, Сіз айтқан Айседо­раның «Би – қимылдар әлеміндегі жоғарғы парасат» дегені еске тү­седі. Сіз міне, он бес жылдан бері өнеріңізбен көпшіліктің ыс­тық ықы­ласына бөленіп келесіз. Биі­ңізден ерекше бір жылылық, құш­тарлық, терең сезім аңғарылады. Ғажайып пластика мен ұшқынды мимика ұштасып, қозғалыстың әр тактісі әдемі ырғақтылықта жа­ныңа қуаныш сыйлайды. Көрер­мен сол үшін де Сіздің өнеріңізді ерекше қадірлейді. Бұл еңбектің арқасы ма, әлде бала күннен биге деген талант пен құштарлықтың арқасы ма?

– Иә, бала күнгі арман да, талант та, еңбек те бар шығар. «Еңбек – адамның екінші анасы» демекші, жетістіктің шарты 1% талант болса, 99% еңбек қой. Талантпен қоса еңбектену де өте маңызды. Кішкентай кезімнен биге құмар болдым. Әлдебір әуен шықса болды соған бейімделіп билеп тұратынмын. Бұған ата-анаммен бірге туыстарымыз да «міне, тума-талант, на­ғы­зы биші» деп қолпаштап жататын. Содан қанаттанып мектептегі іс-шараларда, ағайын-туыстың той-томалағында өнерімді ортаға салып, көпшіліктің алғысын алып жүр­дім.

Бойымдағы өнерімді байқаған ұс­таздарым да менен көп үміт күтті. Бір күні көркемөнер пәнінен сабақ беретін Патбол деген ұстазым ата-анама: «Қыздарыңыздың би өне­ріне деген таланты ерекше. Атам қазақ: «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген. Іле Қазақ автономия ауда­нын­дағы Күйтін қаласында жақсы өнер мектебі бар. Гүлзираны соған беріңіздер», – деп ұсыныс айтты.

Ата-анам да көзі ашық адамдар. Туған атам Қапыш деген кісі өте өнерлі жан болатын. Маған өнер­паздық сол кісіден дарыған болуы керек. Әкем: «жарайды, қызым, таудай талабың жансын» деп мені 3-сыныпта оқып жүрген кезімде Күйтін қаласындағы өнер мектебіне алып келді. Ұстаздарым би өнерінің тек дарындылық емес сонымен бірге үлкен еңбек екендігін сонда ұғындырды.

Ол мектептің деңгейі біздің Қазақстандағы Ж.Елебеков атын­дағы эстрада училищесі секілді жо­ғары еді. Ұстаздары мықты. «Ұстаз есік ашады, ары қарай өзің жүресің», – дейді қытайлар. Мен де жаным сүйетін би өнерінің қыр-сырын жетік меңгеруге барымды салдым. Тоғыз жылда бишілік біліммен қатар орта білімді де сол жерден алып шықтым. Бишілік дип­ломым қолыма тигесін екі жылдай Бұратал мәдениет үйінде қызмет етіп жүрдім. Талай өнер додаларына қатысып, алдыңғы қатардан көрініп жүрдік.

– Шығармашылығыңыздағы елеулі кезең әлбетте Қазақстан­мен байланысты. Сіздің атамекендегі өміріңіз қалай басталды?

– 2007 жылы отбасыммен Қытай елінен атамекенімізге қоныс аудардық. Алматы облысының Талдықорған өңіріндегі Ескелді би ауданына келіп табан тіредік. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елің­де ұлтан бол» демекші, жай­саң қазақ елі құшақ жая қарсы алып, жұмыспен қамтамасыз етті. Кел­­ген бойда Ескелді би аудандық Мәдениет үйінде бір жылдай биші болып еңбек еттім. Тегін би үйір­месін ашып, ұлттық би өнерін на­си­­хаттауға кірісіп кеттім. Екі жыл­­­дан кейін Алматыда өткен рес­публикалық байқауда қазақ өне­рін­де өзіндік орны бар Майра Ілиясова апайымыздың көзіне түсіп, ол кісі­мен жақын араласып кеттік. Майра апайдың жеке шығармашылық кон­церттерінде «Қыздар-ай» то­бы­­­мен бірге өнер көрсетіп жүр­дім. Әсіресе Шығыс Қазақстан облы­сының ауыл аймақтарына барып, қайы­рымдылық концерттерін қой­ға­нымызда халықтың шынайы қо­шеметіне бөлендім.

– Атамекенге көшіп келгенде әрине, Қазақстандағы ұлттық би өнерінің деңгейін көрдіңіз. Оны қалай бағаладыңыз?

– Мені таңғалдырғаны Қазақс­тан­­да классикалық би үлгілері ай­­­тар­лықтай дамыпты. Алайда бір­­қатар ілгері басушылықтар бол­ға­­нымен ұлттық би деңгейін көтеру­де атқарылар шаруалар әлі де көп екен. Би де музыка сияқты белгілі бір музыкалық жүйенің заңды­лық­тарына бағынады. Батыс Еуропа халықтарында бидің негізі қол мен дененің қатысуымен аяқ қозғалыстарынан қалыптасады. Ал шығыс халықтарында би аяқ­тың қатысуымен қол және дене қозға­лыстарынан өріс алады. Оның жар­қын мысалы «Қаражорға».

Мен өзімше ұлттық билеріміздің дамуын зерттеп көргенім бар. Сон­да көптеген қызықты жағдайларға кезіктім. Қазақтың ұлттық билерінің деңгейін көтергендердің бірі Ысқақ Быжыбаев деген өнерпаз екен. Ол 1936 жылы СССР халықтары би­лерінің Бүкілодақтық фестивалінде екінші орын, 1940 жылы бірінші орын алыпты. Ол домбыраның сүйе­­­мелдеуімен «Насыбайшы», «Мас­­­­­қарампаз қара жорға» билерін билеген.

Қазақ билері көбіне фольклорлық би жанрына жатады. Бұл сезімді бел­­гілі бір қимылдар тілімен беретін өзіндік әлем.

Қазақ билерін сахнаға шығару 1934 жылы Қазақ музыкалық теат­ры құрылған соң қолға алынған ғой. Өз басым халық биін кәсіби сахнаға шығарған Шара Жиенқұлова мен Әубәкір Ысмайыловты өзіме үлгі тұтамын. Шара апамыздан кейін Гүлжан Талпақова, Дәурен Әбіров, Зауыр Райбаев айтарлықтай үлес қосқаны анық. Ғасырлар түкпірінен бізге жеткен «Өрмек биі», «Қоян биі», «Аю биі», «Насыбайшы», «Ортеке», «Тепең көк», «Қоян-бүркіт», «Қара­жорға» бүгінде халқымыздың би өнерінің негізгі үлгілеріне айналды. Осы жағынан Қазақстанда құнды жұ­мыстар жасалыныпты. Бірақ осы саланы жүйелі түрде дамыта беру қажет.

– «Тал отырғызатын ең ың­ғайлы кезең бұдан 20 жыл бұрын еді, одан кейінгі ыңғайлы шақ –бүгін» депті бір шығыс ғұламасы. Атамекенде өз «талы­ңызды» отыр­­ғыза алдыңыз ба?

– 2009 жылдан өнер ордасы Алматы қаласындамын. Шығар­ма­­­шылығымды шыңдап, би өнерін дәріптеп, түрлі іс-шараларда өнер көрсетіп жүрмін. Арасында ана болып та үлгердім. Жұбайымның қол­дауымен «Аққу», «Ләйлім» атты бей­­­небаяндарым жарыққа шықты. Сөй­тіп халықтың ыстық ықыласына бөлене жүріп, қазақ би өнеріне өз үлесімді қосып келемін. 2013 жылы «Республикалық аймақтар аламаны» байқауында ұстазым Нағима Тайырқызының «Үкілі ару», «Қызғалдақ» билерімен көпшіліктің назарына іліктім. Қазылар алқасы өнерімді жоғары бағалады. Мен «тіккен талдар» сол деп ойлаймын.

Өткен жылы «Қазақ өнерінің қай­раткері», «Мәдениет майталманы» атақтарын иелендім. Республикалық телеарналардан бейнебаяндарым беріліп жүр. Жұртшылықтың қабыл­дауы өте жақсы. Құдай қаласа, әлі де еңбектенемін, қазақ би өнерін дамытуға бар күш-жігерімді саламын.

– Би жанрының түр-түрі бүгін­де әлем бойынша кеңінен танылып, қолданыс аясын кеңейтуде. Әсіресе эстрада, хип-хоп, брейк данс, т.б. көптеген түрлері өте танымал. Ал қазақтың ұлттық билерін қалай танымал етуге болады?

– Эстрадалық жанрдағы немесе хип-хоп, брейк данс, т.б. билер көше билері болып саналады. Хип-хоп, брейк-данс 1970 жылдары АҚШ-тың кедей аудандарында пайда бол­­ған. Бұл билерді қаражат көзіне ай­налдыру 1990-2000 жылдары кең өріс алды. Аталмыш билер белгілі бір ұлттың мәдени бөлшегі емес, дене қозғалысы арқылы көпшіліктің көңілін аулау және ақша табуды көздеді. Ал классикалық би саналатын балет ХҮІ ғасырдың аяғында Италияда пайда болса, джаз, рок-н-ролл ХХ ғасырдың орта шенінде пайда болды. Классикалық билер – өміршең. Олар ғасырлар бойы жал­ғасын тауып келеді. Ал ұлттық билер әлі халық болып қалыптасып үлгермеген тайпалық кезеңдерден бастау алады. Жартастардағы пет­роглифтерде билеп жүрген адам­дар бейнеленген. Оның тарихы тереңде. Ұлттық билер – кез келген ұлттың мәдени бөлшегі. Ұлттың мәдениетін байыту әрі сақтау үшін ұлттық мәде­ниетімізді жаңғыртуымыз қажет. Ұлттық өне­рімізді Еуропа төрінде алғаш рет насихаттаған Әміре Қашаубаев болса, күні кеше ғана Димаш бауырымыз күмбірелеген қазақтың қара домбырасымен АҚШ пен Еуропаны аузына қаратты.

Өнер адамының қай-қайсы­сы­ның да жүрегі «ұлтым» деп соқса, қазақ өнері көкте шарықтары сөзсіз. Мен де Димаш бауырым секілді ұлттық биіміздің мәртебесін аспан­датқым келеді. Эстрадалық немесе заманауи жанрдағы билермен әлемді таңғалдыра алмаймыз. Ал ұлттық ерекшелігімізбен және өте жоғары сападағы өнерімізбен топ жара алатынымыз сөзсіз. Қазақтың ұлттық киімдері де керемет әдемі. Талай концерттерде шетелдік әр­тістер талай таңданыс білдірген болатын.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қаражорға» жиын-тойдың сә­ні­не айналған еді, қазір біраз ба­сы­лып қалған секілді. Ұлттық биден елді жалықтырып алмай, бірақ оған деген көрерменнің қы­зығушылығын қалай оятуға болады?

– Қаражорға – бiртұтас желiге құрылған, бiрнеше бөлiмнен тұратын, берiк композициялы, нағыз буын биi. Қаражорға биінің жиын-тойдың сәніне айналғаны, оған деген көрерменнің қызығу­шылығының бар екенін дәлел­дейді. Әлем заңы бойынша әр нәрсенің өз уақыты бар, қы­зы­ғу­шылық заманға қарай тоқ­таусыз өзгеруде. Халықтың қы­зы­ғу­шылығын ояту үшін би түрін көбейтуіміз керек. Сонда халықтың қызығушылығы оянады деп ойлаймын.

– Ұлттық билеріміздің бұқара­лық ақпарат құралдарында насихатталуына көңіліңіз тола ма?

– Шыны керек, көңілім қатты тола бермейді. Ұлттық би жанры тек қана ансамбльдерде, үлкен іс-шараларда ғана көрсетіледі. Жас ұрпақтың бойына сіңіп, қалыптасатындай үгіт-насихат көптеп жасалса екен деймін.

– Ұлттық би өнеріне деген көп­шіліктің сұранысы қалай?

– Талғамы жоғары көрермен сапалы туындыны өз деңгейінде баға­лай алады. Жеке өзімнің шығар­машылығым туралы айтар болсам, түрлі қойылым түріндегі билерімді көпшілікке ұсынғанда өте жақсы қабылдады. «Тың дүние, өте әдемі би» деген пікірлерді жиі естимін. Бір орында тұрып қалмай, іздену, кәсіби деңгейімді одан әрі көтеру бас­ты мақсаттарымның бірі. Қазақ би өнеріне сұраныс бар, әлі де бола береді деп ойлаймын. Себебі, ол өнер – ұлттық мәдениеттің бір бөлшегі. Қазақ билерінің өзіндік ерекшеліктері, заңдылықтары бар. Ол тек қазақи болмысымызбен өміршең. Би өнері ішкі рухани әлемді ашады, адамды сұлулыққа тәр­биелейді, игі қасиеттерді оятады, адамгершілік идеяларды насихат­тайды.

– Сіздің орындауыңыздағы «Аққу», «Үкілі ару» «Ләйлім» би­леріңіз өте сәтті шыққан екен. Талай концерттерде көрермен өте жақсы қабылдады. Билеріңіздің хореографы кім?

– Кез келген өнер адам үшін әр туындысы сәтті шыққанынан асқан бақыт бар ма? Осы тұста менің өнерімді бағалап жатқан, ыстық ықыласына бөлеп жатқан халқыма, көрермендеріме үлкен алғысымды білдіремін. Халықтың ыстық ала­қанынан шыққан қошемет кез кел­ген өнер адамын өсіретіні хақ. Еңбегім бағаланып жатқанына бек қуаныштымын.

«Ұстаз талантты болса,

Шәкірті талапты болады» демекші, менің әр биіме өз үлесін қосып, кез келген сәтте қасымнан табылып, анамдай болып кеткен ұстаздарым бар. Арнайы атап өтуге тұрарлықтай жандар. ҚХР -да бірінші дәрежелі халық әртісі, өнер қайраткері, би майталманы, режиссер, қазіргі таңда хореограф, билерімнің авторы Нағима Тайырқызына және студенттік кезімде институтта сабақ берген, ҚХР халық әртісі атағын алған режиссер, хореограф, педагог Зейнеп Әлімтайқызы ұстаздарыма алғысым шексіз. Олар қазақ би өнері үшін бар ғұмырын арнаған ұлы тұлғалар. Майя Плисецкая «Мен жүзге дейін билегім келеді», –депті. Сол айтпақшы мен де сахнада жүзге келгенше жүргім келеді. Сезіммен билесең көрермен көз алмайтыны рас.

– Нақышына келтіре билеумен қатар «Адам көркі – шүберек» демекші, көздің жауын алатын жоғары талғаммен тігілген тамаша костюмдеріңіз назар аудартады. Олар кімнің қолынан шыққан?

– Көп рақмет жылы лебізіңізге. «Терек – жапырағымен, әйел –көй­легімен сәнді» дегендей, әрине, биден бөлек сахналық костюмге де үлкен жауапкершілікпен қараймын. Себебі, биге арнап костюм тігу үлкен біліктілікті, жауапкершілікті және көп уақытты талап етеді. Басқа өнер саласындағы әріптестеріміздің көйлектері бір төбе, биге арналған арнайы көйлек тігу қиынның қиыны. Себебі қимыл-қозғалысқа ыңғайлы болуы керек. Кейбір көйлектерімнің дизайнына өзім атсалысатын кез­дерім бар.

Қазақстанда сахнаға алғаш «Аққу», «Қаражорға», «Үкілі ару» билеріне арналған костюмдерім Жанна Полатова деген керемет ісмер апайымыздың қолынан шыққан. Қазіргі таңда талантты, оның ішінде елге танымал «Arunaz atelier» сән үйінің негізін қалаушы Назым Ермекқызы, «Bibotta» сынды дизайнерлермен жұмыс жасап жатырмын. Болашақта басқа да дарынды талантты жас дизайнерлермен жұмыс жасау жоспарымызда бар.

– Жеке концертіңізді өткізу жоспарыңызда бар ма?

– Әрине, Алла қаласа жеке шы­ғар­машылық есеп беру концертімді халыққа ұсыну ойда бар. Ол үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мән-мағынасы бар, айтары мол, жаңа дүниелермен таңғалдырып, тарихта қаларлықтай етіп өткізу үлкен армандарымның бірі. Десе де, бұл ерен еңбекті, уақыт пен үлкен күшті, ауқымды қаржыны талап ететіні айдан анық.

– Қазақ бишілерінен кімді үлгі тұтасыз?

– Үлгі тұтар жанды айтар болсам, қазақ би қимылдарын іріктеп методикасын құрған Шара апамыз қазақ би өнерінің қайталанбас жарық жұлдызына айналып, хал­қымыздың тек өзіне ғана тән қазақ биін классикалық деңгейге көтерген, би өнерінің падишасы екені бәрі­мізге аян. Мен осы кісіні өзіме үлгі тұтам. Ал замандастарымнан Шұғыла Сапарғалиқызын жоғары бағалаймын.

– Ұлттық биді басқа заманауи жанрлармен жаңартып ұсын­ған­­ға қалай қарайсыз?

– Ұлттық билерімізді жаңартып жаңа қырынан көрсету оңай жұмыс емес. Бұзылмайтын заңдары, өз­гертуге келмейтін тұстары болатын­дықтан «артық қылам деп тыртық қылып» алуға болмайды. Біз өзіміздің ұлттық биімізді құрметтей білуіміз керек. Қазақ билерін жаңғыртып, барынша дәріптеуіміз қажет. Десе де, заман талабына сай жаңа қырынан бір-екі биімді көрермендеріме ұсыну жоспарда бар және де соған дайын­дық үс­тіндеміз.

– Өнеріңізді қолдап, қолпаштап көмек беретін жандар кімдер?

– Менің дәл жетістіктерге жетіп жүргенім өзімнің отбасымның, ұстаз­дарымның, өнердегі әпкелерімнің арқасы деп білемін. Өз ісінің маманы, өте жоғарғы әлемдік деңгейдегі музыкалық продюсер және менің барлық әкімшілік-ұйымдастыру жұ­мыс­­тарымды жүргізетін директорым Тұрсынхан Еркежанның орны бөлек. Бірге жұмыс істейтін ұжы­мымды айтпай кете алмаймын. Осы тұста оларға шексіз алғысымды білдіре кеткім келеді.

– Мазмұнды да мәнді сұхба­тыңызға көптен көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Раушан КАРШАЛОВА.

bottom of page