top of page
Бақытнұрқызы: 
“Бұлбұл“ әні бағымды ашты!

Бақытнұрқызы:
“Бұлбұл“ әні бағымды ашты!

Ләлә (Мөлдір) Бақытнұрқызы эстрада мен опералық өнерді қатар алып келе жатқан әнші. Ол 2010 жылы «Шабыт» фестивалінің лауреаты болса, 2012 жылғы республикалық опера фестивалінің лауреаты атанды. Ләлә тыңдарман жүрегіне «Бұлбұл» әнімен жол тапты. Ән бұлбұлын 2016 жылы «Жылдың үздік ән­шісі» атағы іздеп тапты. Таланты мен талғамы үйлес­кен тал шыбықтай қазақтың ерекше өнер иесі Ләлә Бақытнұрқызымен төмендегі сыр-сұқбат оқырман назарына ұсынылып отыр.

– Ләлә Бақытнұрқызы, атамекеніңізге оралғаныңызға бірталай жыл болыпты. Осы кезең ара­лы­ғында Сіздің өз тыңдар­маныңыз қалыптасты. Мұның сыры неде?

– Атамекеніме үлкен сағынышпен, қуанышпен келдім. Талай қазақтың маңдайалды өнер иелері шыққан Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіп, оны музыкалық драма мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Өнер жолын қасиетті қарашаңырақ – Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясынан бастадым. Қазақтың бұлбұлы атанған Күләш апамыздың табаны тиген сахнада тұрып ән салудың өзі бақыт емес пе?! Сол ойдың өзі керемет әсер сыйлады. Мұны өзім де жақсылыққа баладым.

Алланың берген талантына сансыз шүкіршілік. Өзімді ешқашан ешкімнен жоғары қойған емеспін. Шамам келгенше айналамдағы үлкендерден үйренуге, солардың ақылына құлақ асуға тырысамын. «Өнер – өлмес, үміт – сөнбес» дегендей, өнерімді қашанда жетілдіруге тырысып келемін. «Шынайы талант – 1 пайыз, еңбек – 99 пайыз» дейді ғой. Осы қағиданы ұстанып, шеберлігімді жетілдірудің арқасы болар ел тың­дайтын әншілер қатарына қосылып келе жатқаным.

– Сізді ән айтуды үш жасында бастапты дегенді құлағымыз шалып еді. Сол рас па?

– Өнерге ден қоюым шынымен үш жасымда басталған. Айтса адам нанғысыз, ата-анам мені өнер атты саланың қыр-сырын меңгертуге өте ертеден баулыды. Өйткені, өздері де өнер адамдары болғандықтан, жетістік тек еңбекпен келетінін жақсы түсінді. Әкем – Бақытнұр Оразақынұлы ақын, сазгер, әнші, ал, анам Ақиқат Дәулеткелдіқызы хореограф, қытайдағы белгілі биші. Әкемнің ел айтып жүрген, белгілі үш жүздей әні бар. Екеуі де өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар. «Өнер көпке де жеткізеді, көкке де жеткізеді», – деп отырады әкем.

– Әкеңізге арнап өткізген концертіңіз есімізде. Концертті әкеңіздің туған күніне орай ұйымдастырдыңыз-ау деймін...

– Иә, дәл солай болды. 2017 жылы әкеме арнап Алматы қаласындағы Студенттер сарайында «Сайра, бұлбұл» шығармашылық кешімді өткіздім. Ата-анам Қытайдан осы концертке арнайылап келді. Әкем қатты қобалжып, көзінен қуаныштың тамшылары тамғанда, ата-анамның үмітін ақтадым ба екен деген оймен өзім да қатты толқып кеттім.

Концерт эфирден өткеннен кейін ел аймақтарынан көп сұраныс келіп түсті. Республиканың біраз аймақтарын аралап концерт қойдық. Жұртшылықтың ықыласы ерекше.

– Ләлә, өзіңізді тыңдарманмен жақындастырған, дауыс диапазоныңызға өте үйлесімді келетін «Бұлбұл» әнін таңдау себебін айтыңызшы...

– Кей адамдар сенбейді, шындығында «Бұлбұл» әнімен мен анамның құрсағында жатқанымнан таныс едім. Анам: «Сен құрсағымда болғанда мазасызданып кеткен кездерде «Бұл­бұл» әнін айтсам, тынышталып қалатынсың. Сонда мен бұл әннің сенімен байланысы барын ұқтым», – дейтін. Ол кезде үйіміздің айналасы бақ болушы еді. Мен дүниеге келіп, есімді біле бастаған кезімде сол бақшадағы бұлбұлдар сайрағанда жа­ным жадырап, құстармен жарыса оларды қайталауға тырысушы едім. Сөйтіп бұлбұлдың сайрауын салуға машықтанып алдым. Мектепте оқып жүрген кезімде байқауларға қатыса бастадым. Әкем сонда осы әнді айтуға ұсыныс білдірді. Байқауға қатысарда бұлбұлдың әуенін ерінбей 80 ретке дейін қайталайтынмын. Бұл әнмен достығымыз солай ертеден бастау алады. Құдайға шүкір, осы әнмен талай халықаралық байқауларда жүлделі орындарға қол жеткіздім.

– Қазақстанда «Бұлбұл» әні негізінен КСРО халық әртісі Бибігүл Ахметова есімімен байланыстырылады. Ол кісімен жолыға алдыңыз ба?

– Әрине, ол кісіні менің өнердегі пірім десем болады. Қазақстанға келіп, Өнер академиясына түскен жылы, 1-курста Бибігүл Ахметқызы шебер­лік сыныбын өткізді. Жоғарғы курс сту­денттері фортепианода «Бұлбұлды» айтқанда көпшілігіне көңілі толмай, қатты сын-ескертпелер жасады. Кезек маған келгенде қатты қобалжыдым. Содан іштей кәлимамды айтып, «Бұлбұлды» әуелеттім. Бибігүл апамыз сүйсіне тыңдап, басымнан сипап, ақ батасын берді. Күләш апамыздан кейін «Бұлбұлды» сайратқан Бибігүл Ахметқызының ізін жалғастырушы­дай сезінемін өзімді. Міне, біраз жыл болды «Бұлбұлды» эстрадалық жанрда айтып келемін. Көпшілік риза. Қайда барсам да осы әнді сұрайды. Күләш, Бибігүл апаларымның бағын ашқан Латиф Хамидидің бұл әні маған да ақжолтай болды. Менің бағымды ашқан «Бұлбұл».

– Сахнаға алғаш шыққан кезіңізден күні бүгінге дейін көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы әдемі киімдеріңізбен ерекшеленесіз. Осы жөнінде айтып өтсеңіз...

– Менің ұғымымда, өнер адамы – өз ұлтының рухани құндылықтарының насихатшысы, қамқоршысы. Сұлулықтың жаршысы. Еуропалық стильдегі әдемі киімдерді қай кезде де киюге болады. Онымен ешкімді таңғалдыра алмайсың. Ал әлемге қазақ деген ұлттың қолөнерін, зергерлік өнерін, тігіншілік өнерін көрсетудің өзі – идеология емес пе?! Өнерін өзіме үлгі етіп алған Күләш, Бибігүл, Роза апаларымыздың үкісі желбіреген тақиясы, оюлы кеудешесі, желбір етек көйлегі өмір бойы жадымызда. Мен де сол кісілер сияқты болғым келеді. Солардың жолымен жүргім келеді. Мен сол себепті де сахнаға көбіне ұлттық киіммен шығамын. Менің сахналық киімдерімді батыс өңірінің тумасы, өте талантты дизайнер Дина Оразова тігеді. Ол кісіге ризашылығым шексіз.

– Ләлә, алдағы шығармашылық жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз...

– Шығармашылық адамының жоспары әркезде көп қой. Өнер мектебін ашқым келеді. Үлкен-үлкен концерттер ұйымдастыру да – болашақтың еншісінде. Өз басым сөзден гөрі істі артық көремін.

Ұлттық нақышта көрермен көңілінен шығатын концерттер бергім келеді. Әлі де ізденіс үстіндемін.

– Ләлә, сырлы сұқбатыңызға көптен-көп рақмет. Басылым атынан әрі күллі оқырмандар атынан Сізге шығармашылық табыс және отбасылық бақыт тілейміз!

Раушан КАРШАЛОВА,
«Патриот тұлға».

bottom of page