top of page
Бағымды ашқан Ақтангерейдің термесі

Бағымды ашқан Ақтангерейдің термесі

– Балалық шағыңызға бірге саяхат жасасақ қалай қарайсыз? Құрты мен ірімшігінің исі аңқып, бұзауы мөңіреп, лағы ойнақтаған мамыражай ауыл естеліктерін жіпке тізіп көрелік...

— Сіз менің бүкіл балалығымды есіме түсірдіңіз ғой... Әрине, қуана-қуана әңгіме етем! Мен 1978 жылы 3-қаңтарда Қызылорда облысы Қазалы ауданында Шөміс ауылында дүниеге келдім. Шөміс станциясындағы мектепте төртінші сыныпқа дейін атам Әли мен апам Зибагүлдің қолында оқыдым.

— О, о, о, апасы мен атасының баласы екенсіз ғой...

— (күліп) Иә, ол кісілердің алдында еркелеп, қалаған нәрсеме қол жеткізіп, апамның айранына тойып, атамның ақылын тыңдап өстік қой. Ол кісілер көршілерімен тату, айналасына сыйлы адам­дар еді. Ауыл маңындағы Қамбаш көліне бір сүңгіп алып, атам екеуміз пішен оруға баратынбыз. Әй, қайран алаңсыз балалық-ай... Атам су қоймасының бастығы болғаннан соң мені “бастықтың баласы” дейтін. Енді бастықтың үйі болғаннан соң, ауылға кім келсе де біздің үйге түсетін. Апамның қазаны ошақтан түспей, ет-сорпасы қайнап, үйден үнемі күмбір-күмбір күй мен әуелеген әннің даусы шығып жататын. Қазір ойлап қарасам бойымдағы бүгінгі қазақилық, намысқойлық, қайтпас қайсарлық, адалдық қасиеттері бала кезімде өз туған топырағымнан жұққан екен. Халық дәстүрлі әнші ретінде таныған Өмірқұлдың талантын туған жерінің киелі топырағы тербеді деп айтсам болады.

Мектепке барғанша Аралдың суын ішіп, дариясының дәмін таттып өстім. Осы кездерде Арал ауданы менің есімде балалық шағымнан жар­қын-жарқын естеліктерімен сақталған, қазір ойлап отырсам Арал­дағы сол шақтарым менің ең алаң­сыз күндерім екен ғой.

Жасыратыны жоқ, көбісі ата-әжесінің қолында өскен бала ерке, сотқар болады деп есептейді. Мен бұл пікірмен мүлде келісе алмаймын. Өзім үйдің кішкентай ханзадасы болсам да, сабақты кілең бестік бағаға оқыдым. Сөзіме дәлел ретінде айтарым, сол уақытта мектептегі ең үздік, ең үлгілі деген оқушыларды «Артек» дейтін лагерьге жіберетін. Сол Артекке өте жақсы оқығандығым үшін 6сыныпта мен де барып қайтқанмын.

— Қазіргі дамыған заман­да­ғыдай ойыншықтың түрлітүстісі жоқ болғандығы түсінікті. Ал сіздер қандай ойыншықпен ой­наушы едіңіздер?

— Асық ойнадық, жапырақтан немесе апамның берген бір қарыс шүберегінен жасап алып жармақ та тептік. Теміртерсектен, ағашшұғаштан мәшине де айдадық. Мәшине демекші бұзылып қалған бала отырғызатын арбаның, велосипедтің дөңгелегінің тетігіне ұзын темір жалғап, қайда барсақ та сол «мәшинемізбен» барып келетінбіз.

— Мен мектеп табал­дырығын алғаш аттағанда оған үлкен ілтипатпен аяқ киімімді шешіп кіріп едім... Ал сіздің оқушылық өмірдегі есте қалған сәттеріңіз бар ма?

— Мектеп – шындығында өмірге қанат қағып, кірпіш болып қаланудағы адам өмірінің ең маңызды, аяулы тұсы. Мен өте үлгілі оқушы болдым. Сабақты да жақ­сы оқып, мектепішілік ісшараның ортасында жүретінмін. Сіз сияқты мектепке аяғымды шешіп кірмеппін, Қожа сияқты мұғалімнің сөмкесіне бақа да салмаппын. Мұғалімдерімнің қатты ренжіп, дауыс көтеріп, ұрысқаны есімде қалмапты. Төртінші сыныпты бітірген соң, өз әкешешемнің қолына келіп, Қазалы ауданындағы Ыбырай атындағы мектепте оқуымды жалғастырдым. Өзімнен кейінгі қарындасым Алтын менің мектепке барғанымды естіп, ол да қалыспай Қазалыдағы мектепке оқуға қабылданыпты. Ауылдан кел­генімде мен баратын сыныпқа ол да барып, екеуміз сыныптас болып шықтық.

Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Әбен Жолтаев ағамыздың ұстаздық ұстанымы, азаматтық келбеті, сабақ беру тәсілі әлі күнге дейін жүрегімде.

Бірақ мені “қандай керемет тәртіпті бала болған өзі” деп қалмаңыз, бала болған соң біз де бірдеңені бүлдіріп қоятынбыз. Бір жолы қарын­дасым Алтынға араша түсем деп Айбек деген баланың мұрнын қанаттым. Сыныптастарымның алдында қатты қысылып, ұстаздарым меннен мұндай сұмдық шыққанына сенбей, “мәселемді майшаммен” қараған болатын. Бірақ сол оқиға біреуге зиян келтірмеу тұрғысында маған өмірлік сабақ болды.

Ұстаздарымның өміріме өте игі ықпалы болды. Гүлғаныс деген апайым Қазалының қай жерінде концерт болса, бізді сонда сүйрелеп, талантымды шыңдап, өнер әлемінің биігіне көтерілуіме тамшыдай болса да өз үлесін қосуға бар жанын салатын еді. Ал Қонысбек ағайым «баяннан» білім берді. Қазір ұлттық аспаптарда еркін ойнауым осы кісілердің еңбегінің жемісі деп білемін. Досжан Жолдас деген ағайым болды. Бізге термеден дәріс жүргізетін. Айтып отырмын ғой, осындай білікті ұстаздардан көп нәрсені үйрендім, олардың жақсы қасиеттерін өз бойыма жылдам қабылдап алуға тырыстым. Оқушы болған кезімде «Дом пионеровке», қазіргі оқушылар сарайына жиі қатынап, Бақытгүл апайдың ұйымдастырған ісшараларына белсене қатысатынмын. Қолымнан келгенше апайымызға көмек көрсетіп, ауыл тұрғындарына арналған арнайы мерекелік кештерді ұйым­дас­тырушы едік. Қазіргі ұйымдастырушылық қабі­летімнің жоғары болуына да сол Бақытгүл апайым себепкер болған шығар, мүмкін…

Әлі есімде, 1992 жылы «Әнші балапан» байқауында Қазалының намысын қорғап, жүлдеге қол жеткіздім. Соның барлығы Бақытгүл апайдың ерен еңбегінің арқасында ғой. Оны айтудан жалыққан емеспін! Жалықпаймын да…

Өнер саласынан бөлек білімді азамат ретінде тәрбиелеген ұстаздарым жоқ емес. Ол ұстаздар ешқашан ұмытылмайды, мәңгілік жадымда сақталады. Зәуреш апайдың, Абен ағайдың , Тазагүл апайдың көздеріне көзілдіктерін тағып алып, сабақ бергені көз алдымыздан әлі күнге дейін кетер емес. Сол кісілердің берген білімі, оқушыларға деген махаббаты ерекше болатын. Сондықтан болар, сыныбымызбен сабаққа баруға асығып тұратынбыз. Сол уақыттағы ұстаздардың ерекшелігі сонда: балаларды өз баласындай көріп, еркелетіп, оларға жақсы көңіл – күй сыйлауға ұмтылып тұратын. Бойында осындай ерекшелігі жетіпартылатын кәсіби өнер саласындағы ұстазым ретінде қазір Сауле Жанпейісованы атай аламын.

— Қазақтың дәстүрлі әндерін домбырамен эстрада жанрында орындап жүрсіз. Әндеріңіздегі көненің үні үйлесім тапқан, қазақылығы басым өнеріңізді немен байланыстырасыз?

— Жоғарыда айтып өттім ғой, атаәжемнің қолында өстім деп. Сол шаңырақта Өтепберген деген ағам жыртермені жақсы білетін. Кішкентай кезімде сол кісі мені тізесіне қойып өлең айтатын. Бірінші сыныпқа барғанда ең алғаш Нұртуғанның термесі «Қанеки, тілім, сөйлешіні» тарттым. Бала кезімде жаттаған Базар жырау, Тұрмағамбеттің термелері әлі күнге дейін санамнан өшкен емес.

Мектепте оқып жүргенімде мектеп жанындағы музыкалық баянсырнай бөлімін қызыл дипломмен бітіріп шықтым. Осылайша музыка құдіреті мені ән әлеміне алып келді. 9-сыныптан соң Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің сырнай бөліміне оқуға түсіп, оның II курсында домбыра бөліміне ауысып кеттім. Оны аяқтаған соң, Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның II курсында оқып жүріп еңбекке араластым. Сөйтіп, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншісі қызметіне кірістім.

— Халықтың бағалысы, бүкіл бір ұлттың мәдениеті үшін аяусыз еңбек ететін өнерпаз, жезтаңдай әнші қандай болуы керек?

— Қазақ халқы өнерге бай. Атабабамыз азаттыққа жетіп, ұрпағын өсіпөркендету жолында небір азапты, қиынқыстау соғысты өткерсе де, қанына сіңген өзіндік ұлттық өнерін сарымайдай сақтап қалды. Қос ішекті домбыраның үніне ілесіп, ән құдіреті арқылы даласын, тарихын, өткенін, бүгінін суреттеген. Өзіміз де сол атадәстүрінен ауытқымай, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезініп, қазақ әндерін бояусыз айтуға тырысып жүрміз. «Оңғар жыраудың термесі», «Ақ­жайнақ», «Жас ғасыр – жаңа замана», «Қанеки, тілім, сөйлеші» атты мен орындап жүрген әндердің көпшілігінде даналық ой айтылады. «Ел үшін туған ер болсаң, Пайдасын ойла еліңнің, Туысқанды тонама, Толуын ойлап алқымның» дейтін әннің мағынасына құлақ түріңізші... Қандай ғажап ә? Әншілердің барлығы терме айтпаса да, адам сезімін, махаббатын әнге қосқан күннің өзінде, әннің сөзі жұтаң болмаса екен деймін. Өзі сөзін жазып алатын ақынсымақтардың әні ән болғанымен, сөзінен мағынасыз, қолданысқа әбден түсіп, дәмі кеткен соң ұсақ сөздер табылып жатады.

Әнші ол — халықтың маңдайындағы жұлдызы. Сондықтан ол әннің сөзіне, әуеніне, айтар ойына мән беруі керек деп ойлаймын.

— Өз Отаныңды сүю, оған қалтқысыз қызмет ету дегенді өз басыңыз қалай бағамдайсыз?

— Біздің мемлекетімізді бағдарын енді байыптап, тәуелсіздігін енді алған жас мемлекет деп жатады. Бірақ біздің салтымыз, әдетғұрпымыз, әдебиет-мәдениетіміз, тіліміз, дініміз тым ертеректе қанат жайған. Қазақ халқының тегі тым тереңде жатыр. Оны тарихтан білесіздер. Ал бүгінгі қабылданып жатқан түрлі бағдарламалар мен стратегиялар жаңа заман үрдісінің қажеттілігі! Атабабамыз ұрпағының өсіпөнетін жерін қорғап, оны бізге аманаттаса, біз шамамыздың келгенінше аянбай еңбек етіп, экономикамызды көтеріп, келесі ұрпаққа табыстауымыз керек. Әрқайсысымыз өз еңбегімізді өз еліміздің өркендеуіне арнап, мемлекет жұмысына жанашырлықпен қарасақ, үміттің ақталғандығы...

– Сіздің өнер жолындағы бағы­ңызды ашқан әніңіз қай ән?

– Менің репертуарымда көбіне дәстүрлік әндер ғой. Үлкен сахналарда айтылатын үлкен әндер деуге болады. Өнерге алғаш қадам басқанда классикалық термелер, халық әндерімен шыққанмын. Бойтұмар ретінде, өнер жолында бағымды ашқан Ақтангерейдің термесі. Оны жалпы жұрт жаттап, қосылып айтқанымен, былай нақышына келтіріп, өрнегін бұзбай орындай алмайды да. Өнерге көзқарасы бар адамдар «Өмірқұлды биікке көтерген қандай ән» десе, осы Ақтангерейдің термесін айтады. Одан кейінгі үлкен биікке көтерген Бейбіт Оралұлының «Елім» әні. Сонымен бірге «Қыздарай», «Сәулемай», кейінгі «Ақжайықтар» да жаман емес. Соңғы кездері халыққа жақын эс­традалық әндерді орындап жүрсем де, мені халық термені эстрадаға түсірген жігіт ретінде таниды, көбіне тойларда солай хабарлап айтып жатады. Бетпердеміз сол.

–Әнші болмағанымда қандай маман иесі болар едіңіз?

— Бала күнімнен көп арман­дай­тынмын. Арманшыл бала болдым. Бала кездегі арманым — ұшқыш болу еді. Биікке самғап, бәрінен биікте, жоғары болғым келген. Әнші болмағанымда, ұшқыш болар ме едім… Қазір ұшқыш болып, биікке самғамасам да, өнер әлемінде, сахнаның биігінде самғап жүргенім анық….

– Тұлға деп кімді айтар едіңіз?

– Сіздің бүл сұрағыңызға Фазыл Ескендірдің “Ешкімге іштарлық көрсетпеу үшін де тұлға болу керек. Тек тұлғаға айналған жан ғана қызғанышсыз кемелденіп, толысады” деген сөзімен жауап берер едім.

– Әдемі сырсұқбатыңызға көп­тенкөп рақмет.
– Шығармашылық табыс тілейміз!

Майра КЕНЖЕБЕК,
“Патриот тұлға”.

bottom of page