top of page
Ұзақ батыр

Ұзақ батыр

Халық Саурықтың ұлы Ұзаққа тірі ке­зінде-ақ батыр атағын беріп қойған. Оның қандай себептері бар еді? Басқаша айтқанда, Ұзақтың «батыр» атануына қан­дай негіз бар.

Ұзақтың ата-тек шежіресін тарқатып көрсек: Әлмерек – Құрман – Қара – Орынтай – Түменбай – Алпар – Саурық – Ұзақ. Арғы ата­сы – Әлмерек. Бү­кіл қазаққа белгілі әу­лие әрі батыр. Ра­йымбек батырға бата бер­­ген бір тайпа ел­дің батагөй ақылшысы. Одан бергі атасы – Құрман. Былайға жұрт «қабырға жетпес қара Құрман» деп атап кеткен. Келесі атасы – Түменбей. Бұл да қол бастап, ел қорғаған батыр. Оның аты­мен аталған жер-су аттары Қазақстан кар­та­сында бел­гіленген. Кеген ауылының шығыс жағындағы «Түменбай бұлағы» ежел­ден бар және сол бұлақтың қасындағы ауыл осы кісінің атымен құрылғалы бері аталып келеді. Сонда бейіті жатыр. Бергі атасы – Алпар. Бұл да орыс отаршыларына да, Қоқан қысымына да, Қалмақ шап­қыншылығына да қарсы шайқастарда ат үс­тінде өткен ер еді. Өз әкесі – Саурық. «Отар ел болмаймыз» деп Тазабектермен бірге көтеріліске шыққан, жер бермейміз деп Колпаковскийдің отрядына қарсы соғыс ұйымдастырған батыр болатын.

Осындай әулеттен шыққан Ұзақтың батыр болмасқа қандай реті бар еді?

Ұзақты бесікке ­бөлеген әулетті алсақ, бір атадан, яғни Алпардан та­ра­ған ынтымағы жа­расқан он төрт аға­йынды (Іріпбай, Саурық, Сәске, Шал­данбай, Оспан, Қияс, Маймақ, Қоқымбек, Жазықбек, Шалтабай, Көккөз, Қиял, Сүйін, Итбек) бір ауыл болып шаңырақ көтеріп, көш түзеген. Өзі де бес ағайынды (Түнқатар, Ұзақ, Құдайберген, Кекіл, Қожаберген) бола­тын. Солардың орта­сында тәлім-тәрбие алған Ұзақтың ба­­уыр­мал, елшіл, қауымшыл, бірлікшіл болатыны сондықтан. Есейе келе ел мен жер үшін бәрі бірдей атқа қонатын әкелерін көрген Ұзақ халықшыл болмай тұра алмады.

Ұзақтың әкелері өзге рулас, тай­палас ел­дің сөз бастаған шешендерімен тонның ішкі ба­уындай бірге жүрді. Мысалы, Қо­жеке, Жан­пейіс, Диханбай, Жанғабыл, Тазабек, Ердене, Қожагелді, Қожамқұл, Қанай, Қашған, Жәмеңке сияқты ел ба­сында жүрген игі жақсылардың елдік мә­селелерде жұдырықша жұмылуы елге үлгі болды. Дегенмен Ұзақ батырдың даңқын бұл қасиеттер де толық аша алмас еді. Ұзақтың батыр атануына бастысы – саяси-әлеуметтік себептер негіз болған еді.

Патшалық Ресей қазақ халқына ге­но­цидтік саясатты бірте-бірте жүр­гізіп келе жатты.1864 жылдан кейін-ақ отарлау саясаты үдете жүр­гізілді. 1867 жылы патша үкіметі қазақтың барлық жерін өз игілігіне алғаны жөнінде құжат қабылдады. Арнайы жабдықпен «Жер қоры» құрылды. Бұл қорға қазақтың кенді, шелді, шұрайлы жері түгел тар­тып алынды. 1889 жы­лы арнайы заң шы­ға­рылып ол жерлерге Ресейден жер аударылған орыс мұжықтары қо­ныс­тандырылды. 1891-92 жылдары келім­сектер көбейді. Бұл процесті үдете түсу үшін патша үкметі 1904 жылы «Село тұрғындары мен диқан мещандарының өз еркімен қоныс аудару туралы» тағы да заң шығарды. Осы заң­ның аясында қазақтан тар­тып алынған жерлерге келім­сектерді орналастыру үшін «Қо­ныстандыру қоры» құрылды. 1906-12 жылдары бұл өлкеге ауып келгендер саны бұрынғыдан да артты. Жергілікті тұрғындар өз атамекенінен айрылып, амалсыз орыс мұ­жығына жалданатын болды. 1913-15 жыл­дары Ба­йынқол, Текес, Қақпақ, Са­рыжаз, Шәлкөде, Қырғызсай, Жала­ңаш, Кеген өңірлерінде ең құнарлы егістік пен ша­бындық казак-орыстарға күшпен кесіп берілді. Қарқара жайлауы саудагерлердің, орыс көпестерінің малын жайып тұру­ға алын­ды. Қарқара жазығы кө­пестерінің иелігіне қа­рады. Жерді түгел алған соң ол жердегі елді қайтпек? Елді құлдыққа салу, көбнеме, жерден бездіру керек. Ол үшін саяси езгіні күшейтті. Әуелі қазаққа саяси билік берілмеді. Өзіне-өзі қожа болудан қалды. Онымен қоса өз мүлкіне өзі ие болудан айырылды…. Осының бәрі тұла бойында атадан дарыған елдік намыс, ұлттық рух, батырлық ождан, азаматтық ар тулаған Ұзақты тыныш жатқыза ма? Жоңғарлардан әріде Әл­мерек, беріде Түменбай аталары азат етіп берген жерге енді орыс келімсектері қоныстанған соң қазақ елінің, жерінің азаттығы үшін күрескен Саурық әкесінің асыл арманы аяқсыз қала ма?! Ата-бабалар аманатындай болып санасына сіңген азатшыл рух Ұзақты атқа мінгізді. Ол бірде-бір ұлыққа мойынсұнған жоқ. Күрескерлік рух Ұзақ арқылы Қарқары елінде оқтын-оқтын бас көтеріп жатты.

1894 жылы 14-мамырда Ресей патшасы жар­­лық шығарды. Бұл жарлық негізінде ауа­­­дан басқаның бәріне салық төленетін бол­ды. Барлық табиғи байлық империяның қазы­насына берілді. Мұны сауатты, көзі ашық Ұзақ қабылдамады.Салық төлеуден ашық бас тартты. Сондай әрекеті үшін 1896 жылы 26-ақпанда екі жылға бас бостандығынан айрылды. Босағаннан кейін де Ұзақ ай­наласына пат­ша жарлығын орындамау үгітін жүргізеді. Сол себепті қамамақ болған полиция өкілі Прусаков пен Беделбай деген болысқа қарсы шыққаны үшін (сот хаттамасында «өл­тірем» деп кездік ала жүгіргені үшін) 1899 жылы қаңтарда екінші рет түрмеге жабылды. Осылайша патша манифестін орындаудан бас тартып, өзгелерді үгіт­тегені үшін Ұзақ екі рет сотталып, 1902 жылы желтоқсан айында ғана бос­тан­дыққа шығады.

Елі үшін ер боп туған азаматтың ба­тыр­лық болмысы әйгілі ұлт-азаттық көтері­лісінде анық ашылады. 25-маусымда патша жарлық шығарады. Бас-аяғы тоғыз күннің ішінде, яғни 6-шілдеде 16 болыс Албан елінің бас көтерерлері Ақбейітте жиналып, мәмілеге ке­леді. Жиынның басында Жәмеңке мен Ұзақ тұрады. Жәмеңке тізгінді үнемі Ұзаққа беріп отырады. Өйткені, Ұзақ бұған дейін сан сынақ­тан өткен, азаттық күресте шыңдалып, көсем деңгейіне көтерілген, көтеріліске дейін-ақ «батыр» аты елге жайылып кеткен, көп үшін істеген әр ісі халық жүрегіне мықтап орныққан, әр қазақтың сеніміне кірген тұлға болатын.

Сол 6-шілдеден 11-шілдеге дейін бүкіл Ал­бан елі еңкейген кәрі, еңбектеген баласына де­йін дүр сілкініп, өре түрегеледі. Бәрінің жүрегіне қуат беріп, қолына қар ұстатқан Ұзақтың «бала өлгенше, шал өлсін» деген қанатты сөзі еді.

11-шілдеде елдің кесімді жауабын айтуға барғанда, ұлықтар әуелі Ұзақты ең жақын серт­тестерімен алдап апарып абақтыға жабады. Содан кейінгі өмірі Қарақол қамағында өтеді. Осы ажал аузында жатқанда да Ұзақтың және оның серіктерінің ауызбірлігі, серттен таймастығы ұрпағына үлгі болып қалды. Жәмеңкеге у беріп, ол хал үстінде жатқан сәт­те де Ұзақты үлкен мінез, биік парасат көр­сеткенін Мұхтар Әуезов шынайы суреттеп берген болатын. Сот сұраққа қанша рет алса да, айтқанынан қайтпаған Ұзақтай батырдың бейнесі көзімен көрген көтерілісшілердің ес­теліктерінде сан рет айтылған. Солардың ішін­де Ұзақтың өмірінің соңына дейін жанында бол­ған Әубәкір Солтанбекұлының естелігінен үзінді:

Ұзақтың сотқа берген жауабы:

«Қара жұмысқа бала бермейміз! Өлсек ел үшін өлеміз! Ел-жұртты кім жылатса, соған қарсымыз!»

«12-тамыз күні бізді түрменің тесігінен ата бастады. Алдыңғы жақта отырған алты адам оқ тиіп бірден құлады. Мен, Ұзақ, Жаңабай, Кәрібоз және бірнеше адам түрменің есігін бұзып, сыртқа шықтық. Атып жатыр. Түрме алдында Жаңабайға оқ тиді. Маған үш оқ тиді. Қатты жараландым. Ұзақты алып кетейін деп едім, Ұзақ:

«Мені таста, алып жүре алмайсың. Елге сәлем айт. Арман жоқ». – деді.

Мінеки, елі үшін туған, елі үшін өмір сүрген, елі үшін өлген Ұзақ батыр тұлғасы ұрпақтар санасында жаңғырып тұрады.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

bottom of page