Patriot-tulga.kz
Құрман Ата ұрпақтарының Шелек өңіріне қоныстануы
Туған ел мен жердiң тарихы кiмдi бей-жай қалдырсын. Мен туып өскен Шелек өңірінде Малыбай, Қорам, Байсейіт, Лабар сияқты жер атаулары бар. Жас кезімізден бұл атаулардың құпиясы тартып тұратын. Шелек өзенінің аты Қаңлы Шелек батырдың атынан қалғандығын, өзіміз атына таңданатын Малыбай, Қорам, Байсейіт, Лабар сияқты жер атаулары Әлмерек бабамыздың ұрпақтарының атымен байланысты екендігін соңғы екі-үш жылда ғана біліп жүрміз. Кейбір өлкетанушылардың зерттеулеріне қарағанда Жетісу жерін ежелден Ұлы Жүздің Үйсін мен Қаңлы тайпалары мекендеген. БТИ-і жоқ заманда қазақ тайпалары тұтастай немесе кейбір бөлшектері кең сахара төсінде не саяси-әскери, не шаруашылық ыңғайымен көшіп-қонып жүрген. Ата-бабаларының тұрған жеріне бірнеше ұрпақ алмастырып кейін қайта оралып жататыны еш таңсық болмауға тиіс. Сондықтан Шапырашты тайпасының бұрын Сарқан бойын мекендегені, Қаңлы тайпасының өте жақын туыс руларының бірі Жетісуды, енді бірі оңтүстікті мекендеуі, Албан тайпасының кейбір бөлігі Сыр бойын сағалауы түсінікті деп ойлаймын. Кәдімгі өзіміз әруағын әспеттейтін Райымбек бабамыздың атасы Ханкелдінің әкесі Сырымбеттің бейіті Сыр дариясының жағасында екендігі де осы ойларға дәлел болса керек.
Құрман Ата ұрпақтарының Шелек өңіріне қоныстануы туралы әңгіме қозғардан бұрын Әлмерек бабамыз туралы айта кеткен жөн болар. Шежiрелiк деректерге жүгiнсек, Жетiсу өлкесiнiң қазiргі өр жағын мекендеген Албан тайпасының Шыбыл, Сары деген бұтақтары болғанын білеміз. Сарыдан — Сүймендi, Сүймендiден — Сүйерқұл, Сүйерқұлдан – Айт, Бозым шығады. Бозымнан Сары, Шобал (Таз), Жаншық өрбидi. Жаншықтан Әлмерек бабамыз туады.
Тарихи деректерде Әлмерек Жаншықұлының қазiргi Жамбыл облысының жерінде Әулие ата маңында 1658 жылы туып, 1754 жылы қайтыс болғаны айтылады. Әрi батыр, әрi шешен, көрiпкелдiк қасиетi бар баба ұзақ жасаған, тоқсан алты жас ғұмыр кешiптi. Тоқсанға таянғанда жұрт оған абыз атағын берiптi. («Жетiсу» энцикло¬педия¬сы, «Арыс» баспасы, 162-бет) Одан қазақтың Хангелдi, Бақай, Малай, Райымбек батырлары бата алған. Осы энциклопедияда Әлмеректен бес бала тарайды делiнген. Алайда оның тiкелей оныншы ұрпағы Әбдуали Әбдi¬кәрiмовтың айтуынша, Әлмеректен сегiз бала туған. Олар: бәйбiшеден – Жәнiбек, Тоқан, Баба, Құрман, Каракiсi, тоқалынан – Едiл, Жайық, Жұмық.
Әлмерек абыз Әулие Ата маңында туған дедік. Бұл Бозым ұрпақтарының Сыр бойынан атамекенге оралып келе жатқан кезі. Әлмерек баба қарт Алматының төменгі етегіне, қазір өзінің бейіті жатқан Әлмерек ауылы төңірегіне қоныстанады. Әлмерек бабаның тұқымы біртіндеп Алматы қонысынан шығысқа қарай Сөгетi жазығына дейiнгi кең аумақты басқа ру-тайпалармен бірге мекендеген. Бұл 1680 жылдар мен 1850-шi жылдардың арасы. Оның ұрпақтары осынау аумақта мал өсiрiп, диқаншылықпен айналысқан.Тастан, балшықтан үй салған. Тұрақты қыстаулары болған. Малшылықпен айналысқандары Асыны жайлау еткен. Диқаншылықты кәсiп еткендерi өзен бойларынан тоған шығарған. Бидай, тары, арпа егiп, бау-бақша өсiрген. Егiн пiскен кезде бидай, тарыны торғайдан қорғау үшiн бүкiл бала-шағасы жұмылдырылған. Олар торғайды үркiту үшiн ағаштан жасалған сартылдақ деген құрал пайдаланыпты. Құрманнан тараған Адыр шешен айтыпты деген мынадай сөз бар:
Сартылдақпен шуылдатып маңды,
Қуып бердiк мал мен торғай, жанды.
Егiстiкке төккен терiм төлендi
Бала жедi қазанжаппа нанды!
Әлмеректен сегіз бала тарайтынын жоғарыда айттық. Перзенттерінің үлкені Жәнiбектiң – Байсейiт, Тоқсейiт, Көшек, Қойлыбай деген төрт баласы болыпты. Үлкенi Байсейiт батыр екен. Ол жоңғардың мыңбасы Шебiктiнi жекпе-жекте қолға түсiрiп, мұсылман жасаған. ХVIII ғасырдың басында қазақтар тек қалмақтармен ғана емес, соқтығыса берген қырғыздармен де шайқасқан кездерi аз емес. Сондай бiр қазақ-қырғыз қақтығыстары кезiнде Байсейiт батыр жекпе-жекте қырғыздың Орманхан деген батырының қолынан қаза табады. Байсейiт жекпе-жекке шыққан, қаза тауып жерленген жер әлi күнге Байсейiт деп аталады. Ол Алматы-Нарынқол тасжолының бойында Шелектен күншығысқа қарай 10 шақырымдай қашықтықта. Сол жерде Байсейiт деген ауыл әлi күнге дейiн бар.
Әлмеректiң осы Жәнiбектен тараған негiзгi ұрпағы Шелектен 7-8 шақырым төмен Қаражота ауылын мекендеген. Күн көрiске ыңғайлы жерде мал өсiрiп, диқаншылық жасаған. Онда да тоған қазған. Сол тоған бүгiнде де Жәнiбек тоғаны аталады. Әлмеректен тарайтын Баба тұқымы Қаражотадан 15 шақырым төменiректе тоған қазып, диқаншылық жасапты. Бабадан елге танымал Қашаған, Тұрысбек сияқты азаматтар шыққан. Сол жердегi елдi мекеннiң аты әлi де Бабатоған. 1881 жылы Ресей мен Қытай арасындағы Петербург шарты бойынша 8 мың түтiн ұйғыр мен 2 мың түтiн дүнген Жетiсу жерiне қоныс аударуға рұхсат алғанда дүнгендердiң шағын бiр бөлегi сол Бабатоғанға апарылыпты. Дүнгендер ол жердi өздерiнше Милянфан деп атаған. Сол екi атау да әлi күнге жергiлiктi халықтың аузында.
Тоқанның қалмақтармен шайқаста ел есiнде қалған Баржық батыр, Адыр шешен, Бәтжан сияқты мақтан тұтар ұрпақтары болыпты.
Шежiре деректерiнде Әлмеректiң тоқалы Кiшi жүздiң қызы болғандығы (аты беймәлiм) айтылады. Одан Едiл, Жайық, Жұмық деген үш бала көрiптi. Едiл, Жайық деп аналары туған жерiн, жағасында өскен өзендерiн сағынған соң қойса керек. Әлмеректiң кенжесi Жұмық та Кiшi жүзден қыз алыпты. Одан Бекбау деген жалғыз ұл болған. Оның туған кезi шамамен 1711 жыл. Бекбау қалмақтармен шайқаста 1730—1740 жылдары қаза тапқан. Шелек өңiрiндегi Асы-Саға мен Ғайрат ауылдарының арасын қосатын ұзын сiлем бар, жұрт оны әлi күнге Бекбаудың жотасы деп атайды. Бекбау осы жотаның бiр жерiне жерленген болса керек.
Әлмерек абыз немересi Бекбауды қатты жақсы көрiптi. Ол қаза болғаннан кейiн Абыз: «Жұлдызды түнiм, күндiзгi күнiм, Бекбауым!- деп маңдайынан иiскеп, қолынан еш қақпадым» деп жоқтап, жез сақалын салалап отыруды мәртебе көрген. Бұл әрi батыр, әрi ақылды ұрпағына берген бағасы болса керек.
Бекбаудан Сатан деген ұл қалыпты, одан Сармырза, одан Қорам туады. Бұл қалмақтармен соғыс әлi бiте қоймаған кез, ХIХ ғасырдың отызыншы жылдары.(«Жетiсу» энцикл. «Арыс» басп. 2004, 416 бет) Қордайдағы нағашы атасы Дулат Кененбай ауылында тәрбиеленген ол атасынан найзаласу, садақ ату, аударыспақ сияқты ұрыс өнерлерiн үйренедi. Ер жеткен соң туған жерiнде қалмақтарға қарсы шағын шайқастарға қатысады. Дұшпанды қуған соң елдi егiннiң тарыдан басқа бидай, арпа сияқты түрлерiн егуге үйретедi. Тоған қаздыртып отырықшылыққа баулиды. Ел арасында Қорамның құтырған бураның мойнын үзгенi, Iле бойындағы ну қамыста құр қолмен жолбарысты жайратқаны туралы аңыз әңгiмелер әлi де бар. Қорам сексенге таяп, 1907 жылдары Шелек селосының оңтүс-тiгiндегi Сарықамыс деген жерде қайтыс болыпты. Сол жер кейiн Қорам батырдың атымен аталған.
Ендi Әлмеректiң бәйбiшесiнен туған кенжесi Қаракiсiге тоқталайық. Қаракiсi 1747 жылы маусым айында Аласа мен Бұғыты тауының ортасында қалмақтармен қатты шайқаста iшiнен оқ тиiп дүние салған. Оның жерленген жерi қазiргi Бартоғай су қоймасының жағалауы. Қаракiсiнiң Лабар деген немересi болған. Ол да елге танымал азамат болыпты. Алматы— Нарынқол тас жолының Қаратұрық ауылынан Шелекке бет алған тұсында қазiр «Лавар» деп жүрген жер бар. Сол Қаракiсiнiң немересi Лабардың атымен аталған.
Шелек өңiрiндегi Сөгетi тауының терiскей сiлемiн, Шелек өзенi таудан жазыққа шығар аңғар аймағын басқа рулармен бірге Құрман балалары мекендеген. Құрманнан: Мәмбет, Үмбет, Қара деген үш бала өрбiген. Қарадан: Елшiбай, Малыбай, Орынтай, Майлыбалта деген төрт бала тарайды. Сөз арасында айта кетелiк, Орынтайдың баласы Түменбай, одан Алпар, одан Саурық батыр, одан 1916 жылғы Қарқара көтерiлiсiнiң басшыларының бiрi Ұзақ батыр туады. Оның бабасы Түменбай жоңғар соғысы кезiнде қазақтың ту ұстаған батыры болыпты.
Малыбайдың әкесi Қара деген кiсi өте батыр, ел билеген кiсi екен. Жұртты аузына қаратқан шешен екен. Шәрiп¬ақын Сыбанқұлов қарияның айтуына қарағанда ол кiсiнiң тұсында қалмақтар ұсақ-түйек қақтығыстар кезiнде жергiлiктi қазақтардан үнемi жеңiлiп қала берiптi. Содан қалмақтар Қараға қатты өшiгiп қалайда көзiн жоюды ойлайды. Сапардан келе жатқан батырды аңдып жүрiп, Асы өзенiнiң тау шатқалынан шығып Шелек өзенiне ұмтыл¬ған сағасындағы жоғарыда айтылған Асы-Саға деген жерде қалмақтың бесжүз адамдық қолы қоршап алып қасындағы жетпiс нөкерiмен қоса өлтiредi. Қара сол жерде жерленген. Iздесе бейiтi табылуы да мүмкiн.
Қараның Малыбай тұқымы Шелек өзенiнiң оң қапталына орналасқан. Шелек өзенiнен тоған шығарып, олар да диқаншылықпен айналысқан. Ол тоған әлi күнге Малыбай тоғаны деп аталады. Сол тоғанды дiрмән еткен ауыл кейiн Малыбай ауылы атанған.
Жалпы Малыбай қаһарлы, батыр кiсi екен. Оның ұрпақтарының iшiнде Ереншiнiң аты бөлек. Ереншiнiң Қаба, Бөбетай деген немерелерi елге танымал болған. Қаба ер жеткен соң би болып Малыбай ауылына билiк жүргiзiптi. Көртоғай мен Сөгетi тауларының арасында Қабасай деген жер осы кiсiнiң атымен аталған.
ХIХ ғасырдың ортасына таман күш жинаған қазақ жасақтары қалмақтарды тықсыра бастайды. Кезiнде Орынтайдың баласы Түменбай батыр қалмақтың Бұрқамбы дейтiн қолбасшысының тәжiн атып сындырып қуған екен. Ендi жаудың соңына Түменбай батырдың немересi, Алпар батырдың ұлы Саурық батыр бастаған қол түседi. Қазақтардан қашқан қалмақтар болса Қытай жерiне өтедi. Саурық батыр Маңғұлкүренiң Қарағанды деген жерiнде қалмақтарды қуып жетiп, Текес өзенiнiң үстiндегi көпiрде Бұрқамбының басын алады. Дұшпанды жеңген соң қазақтар Қарағандыда қоныстанып қалады. Сол Маңғұлкүре, Қызылкүре, Нылқы аудандарында албан тайпасының ұрпақтары қазiрде де мекен етедi. Ежелгi қазақ қоныстары азат етiлген соң 1850—1860 жылдары Әлмеректiң ұрпақтары өрге қарай көшедi. Жаудан тазарған Кеген, Нарынқол өңiрiне қосымша халық керек болды. Шекаралық аймақта селдiремей қазақтар қалың отырса қалмақ қайта батпасы анық. Содан Әлмеректен өрбiген тұқым, iшiнде Құрман балалары да бар, бiртiндеп шығыстағы таулы өңiрге қоныс аударды. Сөйтiп бұл тұқымның көп атасы сол жақта тұрақтап қалды. Стратегиялық тұрғыдан алғанда бұл өте дұрыс шешiм болып шықты. Құрман Ата ұрпақтарының Шелек өңіріне қоныстануының біз білетін қысқаша тарихы осындай.
Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы