top of page
Қангелді батыр

Қангелді батыр

Қазақ тарихындағы көрнекті көсем әрі белгілі тұлғалардың бірі
Сырымбетұлы Қангелді. Жетісу жерін жоңғар басқыншылығынан азат ету
күресіне белсене араласқан белді батыр, сонымен қоса Ресей мен Қытай
мемлекеттерінің арасында елшілік қарым -қатынас жасап, өзінің дипломаттық
мәмілгерлігімен көзге түсіп, елеулі үлес қосқан саяси қайраткер.
Дүйсенбай Сығаев,
тарихшы
Ататегі Албан тайпасындағы Алжан руынан.Оның ішіндегі белгілі батыр,
білікті би атанған Сырымбеттің кенже баласы болып келеді. Қангелді батырдың
атақонысы – Жетісу өңірі.Оның туған және өлген жылдары жайында әртүрлі
жазылып жүр. Мәселен,мына даталарға көз жіберсек: 1660-1753, 1688-1731,
1692-1770 және 1688-1753 жылдар аралығында ғұмыр кешті деп
көрсетілген.Біздің пайымдауымызша соңғы цифрлар біршама дұрыс сияқты.
Алдымен әңгімені Қангелдінің нағашы жұрты кім, қалай туып өсті дегеннен
бастайық.Сырымбет батыр үш қатын алған деседі.Ең кіші әйелі жөнінде ел
аузында екі түрлі пікір бар. Бірі – Кіші жүз жеріндегі бір дауды шешу үшін
Сырымбет би сонда барып, кетерінде Барақ сұлтанның қызына үйленіп қайтады
десе, екінші әңгімеде Дулат еліндегі Барақ батырдың қызы екен деп айтады. Біз
кейінгісін қабылдай отырып,әңгіме желісін ары қарай өрбітсек дейміз.Бұл
халық арасында былайша дәріптеледі.
Бір күндері Сырымбет би өзінің замандас тең-тұсы Барақ батырдың
ауылында екі-үш күндей жатады.Жаз кезі, күн ыстық. Қашанғы киіз үйде
қамалып отырсын, бір мезгіл далаға шығып бой сергіту үшін өзен бойындағы
саялы ағаштың көлеңкесін паналып тұрады.Сол ауылдың сүйкімді сұлу әрі
ақылды қызы бар екен, Сырымбеттің көзі қызға түсіп жүрген ғой. Осы кезде қыз
су алуға өзенге келеді. Оңашада қыздан сыр тартып: "Қарағым,атастырған жерің
бар ма, жоқ болса құда түсіп, сені бір балама әперсем, оған қалай қарайсың?"
дейді. Қызда оңайдан емес көрінеді, бір жағы көңілінен шықса керек,
"Жаманның қойнына жатқанша, жақсының аяғына жат" деген емес пе, әкем
рұқсат берсе, балаңызды білмеймін, өзіңізге тиер едім" – депті күтпеген жерден.
Келесі жолы қызды өзіне айтыра келгенде, әкесі Барақ батыр қарсы болмаған.
Бұл Сырымбет бидің үшінші әйелі еді. Үйленген соң жыл уағына жетпей
арыстай ұл босанады. Қараса бала екі қолының уысына қан ұстап туған, соған
орай атын – Қангелді қойыпты. Әйел баласын туған соң марту басып туыттан
қайтыс болады.
Бұдан кейін анасыз жетім қалған Қангелді қашан ат жалын тартып мінгенше
нағашыларының қолында болған. Өжет,өткір алған бетінен қайтпайтын қайсар
болып өседі. Оның үстіне бәлкім тентектігі шығар, ауыл балаларына соқтығып

мазасын ала берген соң, нағашы атасы Барақ батыр мал бағасың деп, түйе
соңына салып қояды. "Есі бар тентек есейе келе түзелер" демекші,далада
жалғыз жүріп түйе баққан соң үлкен ой түсіп бұрынғы ерсі қылықтарын тастап,
енді ел әңгімесіне, үлкендер сөзіне аңсары ауа бастаған. Бірде Барақ батыр ауыл
ішіндегі бір дауды шешпек болғанда, Қангелді атасының қасына келіп әңгіме
тыңдап отырып алады. Атасы: "Әй балам, түйелеріңді көріп қой, алысқа ұзап
кетпесін" – деп ескертеді. Қангелді түйені көріп тез келеді де, ел әңгімесіне
құлақ түреді. Үшінші мәрте жұмсағанда біраз уақыттан соң қайта келіпті. Атасы
тағы: Әй көп отырып қалдық ғой, түйеңе барсаңшы!" десе, "Ата, түйелерді
кетпес қылып келдім, алаңдамаңыз"–депті. Бір кінәраттың болғанын білген
атасы жатқан түйелерге келсе, бастауық деген бір-екеуін шөгерген де, артқы
тілерсек сіңірін қиып, шынында тұрмастай ғып тастаған екен. Содан Барақ
сұлтан баладан секем алды ма, өзінің әкесі Сырымбеттің қолына әкеп береді.
Бұл бірталай елге таныс әңгіме болғандықтан, Болат Әлдибековтің "Алжан-
Шажа шежіресі" (68-бет) деген кітабында да осы тұрғыда жазылыпты.
Ол уақыт та "Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында"
дейтін жаугершілік заман. Қангелді ес біле келе қазақ-қалмақ, енді бірде қазақ-
қырғыз арасындағы атыс пен шабысты көріп өседі. Кішірек бала кезінде-ақ
жауға деген өшпенділігі ерте оянып, ел қорғайтын ер-азамат екенін сезінген
секілді. Соның айқын көрінісі Қангелдінің атағын алғаш шығарған қырғыздар
дейді. Сырымбет байдың жылқысын қырғыздар әлсін-әлсін айдап қашып
тыныштық бермепті. Соның қарымтасын қайыру үшін Сырымбет біршама
жасақ жинап қырғызға аттанбақшы болады. Ержетіп қалған 12 жасар Қангелді
мен де барам деп көнбейтін көрінеді. Алған бетінен қайтпайтын қайсар мінез
баланы қалайда қалдыру мақсатымен Жоли деген туысына табыстап:
"Көнбегендей болса аяғына кісен салғызып отырғыз да, біз қашан ауылдан ұзап
кеткенше үйден шығарма!" –депті. Әкесіне өкпелеген Қангелді өтірік ұйықтаған
болып теріс қарап жатып алған. Түнге қарай бір атты мініп, қолына сойыл алып
жалғыз өзі жауға аттанады. Әкелері қай жақтағы қырғызға және қайда кеткенін
білмеген ол, жақын маңдағы қырғыздың біраз жылқысын ауылға айдап келіпті,
содан бастап Қангелдінің атағы шығады. Бұдан кейін енді қас батырларға тән
ат және бес қаруын сайлау қамына кіріседі.
Бұл уақытта әкесі Сырымбет батыр дүние салған. Әкелері өлісімен бар малға
ағасы Бәйіт бас ие болып, Сырымбеттің бар байлығын басып қалған-ды.
Басқаларынан басым түсіп, өзгелеріне дестік бере қоймаған сыңайлы.
Қангелдіні онша ұнатпаған, адуынды алғыр Бәйітке қосылып, шешелері бөлек
алдыңғы әйелі болғандықтан Алтынбике балалары да сыртқа теуіп, қағып-түрте
беретін көрінеді. Оған жасып, жабығатын Қангелді ме, қайта қайраттанып
жігерлене түседі.
Жасынан қас батырларға еліктеп өскен Қангелдіге жүйрік, жақсы бір ат керек
болып ағасына келіпті. "Сырымбет менің де әкем, малынан маған да енші
бермейсің бе, көп жылқының қажеті жоқ, өзім таңдаған бір-екі ат берсең болды"

дегенді айтып рұқсатын алады. Әуелі жылқышылармен ақылдасып, күн бойы
топ жылқыны аралап көреді. Олар көрсеткен жылқылардың бірде-біреуі
Қангелдінің талғамына татымайды. Сонда кәнігі жылқышылардың бірі айтады:
"Мына бір жүні түспеген жаман жабағы күрең тай қалай, байқап көрші? Бүкіл
жылқыларды шыр айнала шауып кейде желіп жүреді, қашан көрсең. Осы саған
ат болуға жарап қалар. Баптайсың, күтесің, үйіңде өзіңмен бірге жүріп
үйретесің"–депті. Тегеуірінді текті жылқының тұқымы екенін Қангелді байқаса
керек, жетелеп үйіне әкеледі. Күрең тай келесі жылы құнан6 одан дөнен шығып,
піштіргеннен кейін тіпті есейіп, еңгезердей ат болады.Айтса айтқанындай-ақ,
қолға үйрете келе кереметтей келісті тұлпар болып шыға келген.Сан талай
жорықтарда жолы болып, батыр барған жерінен олжалы оралып жүреді.
Қысқарта айтсақ, Қангелді батыр қартайғанынша мініп жүретін ел аузындағы
"Қарт Күреңіміз" осы.
Енді Ж. Айдархановтың шежіресіндегі мына бір деректі қарасақ.
Халық арасындағы тағы бір әсерлі әңгімеге құлақ түрейік. Бәйіт атамыз аса
ауқатты, қанша мықты болса да онша шығымы жоқ, ынысапсыз бай болған,
–дейді, Ахметкерім қария. Бірде Бәйіт байдың көп жылқысының бір бөлігін
қырғыздар түре қуып айдай жөнеліпті.Ағасына жасынан ренжіп өскен Қангелді
көріп тұрып артынан қуғысы келмейді. Ондағысы "Алса Бәйіттің жылқысын
алды, менің немді алады" деген ой. Үндемей үйге кіріп жатып алғанда жеңгесі
(Бәйіттің әйелі) келеді. Жігерін жанып, намысын ояту үшін "Әй,батыр,бұл не
жатыс, ағаңа өкпелегенде не тындырасың. "Жаманның малы кетсе,жақсының
даңқы кетеді" деген. Қырғыздар Бәйіттің емес, Қангелді батырдың жылқысын
айдап келдік деп мақтанып күпінбей ме, соны неге білмедің"– дегенде,орнынан
қарғып тұрып, мамада байлаулы тұрған күреңіне жайдақ мінген бойда соңынан
шаба жөнеледі. Қаншама адам мен қару-жарық асынып келген жауға жалғыз өзі
не істей алсын, сонда да болса қуып жетіп: "Әй,жылқыны алған қайсыларың,
тым болмаса аты-жөндеріңді айта кет!" –деп дауыстапты.Сонда бір қырғыз атын
тежеп, артына бұрылып: "Немене,маған құда түсейін деп пе едің, маңқа қазақ.
Атымды білгің келсе Сару Талпақпын" депті. Қангелді: "Бір жылға дейін
жылқыларды баға тұр. Сару Талпақ болсаң келесі жылы осы уақыт
талпайтармын",– деп кері қайтыпты. Келесі жылы суық күзде Қангелді батыр
қол жинап қырғызға аттанады. Жасағының ішінде Емеген дейтін күн
жайлатқыш жігіті бар екен... Қырғыз ауылына жақын қалғанда Емеген алдымен
қар боратып, артын әлей-дүлей ақ түтек боранға айналдырған ғой. Түнге қарай
Емеген өзі Сару Талпақтың киіз үйінің жапсарынан сығаласа, қырғыз манабы
биік құс төсегінің үстінде жүресінен отыр екен. Қасындағы әйелі неге
жатпайсың десе, жатайын десем болмай жүрегім тұрып отыр, қаупім – Қангелді
келетін сияқты дегенді естиді де, Емеген көрген білгенін Қангелділерге айтып
келеді. Енді сарбаз біткен ауылды қоршап, қасында Емеген, Қаржау бар
бірқанша адаммен үйге кіреді де Талпақты төсегінен басады. Қангелді үстіне
қарғып мініп қанжармен бауыздамақ болғанда: "Төсегімді қандама жерге түсір,

отымның басын былғама, далаға шығар"– депті. Жігіттер далаға сүйреп
шығарғанда дайын тұрған Қаржау батыр қылышымен басын қағып түсіреді.
Сонымен Сару Талпақты өлтіріп, ауылын шапқан. Талпақтың ұлдарының
ішіндегі жалғыз қызы Ботагөзді, сонымен қоса былтырғы әкеткен жылқының
санын түгендеп ауылға алып қайтады. Елге олжалы оралғанын естіген Бәйіт
қуанып қолпаштаудың орнына інісі Қангелдіден сауға сұрапты. Бәйбішесіне бір
құшақ отын көтертіп: "Осы уақытқа дейін бір бала көрмей, ырым етіп отырмын,
алды ашылған күңінің біреуі ғой, Ботагөзді маған берсін, онда да еншісімен
жұртына тастап кетсін" деген сәлем айтқызады. Қангелді бауырының айтқанын
айна-қатесіз орындайды. Бұрын Бәйіттің әлденеше әйелдері бола тұрса да әлі
ешқандай нәресте көрмеген екен. Ботагөзді алғаннан соң біздің арғы атамыз
Бақы туыпты. Одан кейін басқа әйелдері де шұбыртып бірінен соң бірі бала
көтере бастайды, –дейтін еді Тараубайұлы Ахметкерім ақсақал. Басқа адамдар
аталарының әңгімесін айтқанда, кәдімгідей арқаланып кетуші еді, бұл кісі ондай
емес. Бір ерекшелігі оқиғаны ойдан қиыстырмай "Бәйіт атамыз нысыпсыз бай,
онша шығымы жоқ, алды ашылған күңін жұртына тастап кетсін" деп шындықты
бұрмалай таза сөйлейтін тақуа, өте діндар кісі болатын. Демек, "Отын олжа, су
қорлық" демекші, қашан да болса отынның жолы үлкен. Бәйіт те тегін адам
емес қой, ұрпағы үшін ырым етіп, үлкен әйеліне бір құшақ отын арқалата ма.
Шежіре бойынша Қангелді батырдың үш әйелінен оншақты бала бар.
Кейбіреуі өспеген, тұқым жоқ. Негізгі көрнектілерін атайтын болсақ олар:
Тілеуке, Түке,Мөңке-Тұрсын, Дөңке, Мендеке, Қойбас, Айбас және Емеген.
Қангелді батыр алдыңғы төрт баласын қалай сынап және болашағын болжағаны
туралы әңгіме халық арасына кең тараған.Осыны Әлінұр Мейірбеков
жазғандықтан көркем тілді жазушы ағамыздың өз сөзімен бергенді жөн көрдік.
"Әйтеуір бірден-бірге, атадан балаға ауызша тарап, түпкі тамырын үзбей келе
жатқан тағылымды сөз ғой. Сол сөздерге қарағанда, Қангелді батырдың өз
кіндігінен төрт ұл туыпты. Бәрі аман өсіп, азамат қатарына қосылғанда ол
балаларын сынамақ болыпты. Әбден суық күз түскенде, қара қой сойғызып,
оларды ет пен сорпаға тойғызыпты. Сонан соң далаға, киіз үйдің сыртына
төсеніш жайғызып беріп: –Ал,ұйықтаңдар, – депті. Балаларының ойында дәнеңе
жоқ, жата-жата кетеді. Батыр ерте тұрады екен. Күн шықпай, таң бозарғаннан
кейін түзге шығып, ұйықтап жатқан балаларын байқап көреді. Сөйтсе,үлкен ұлы
Тілеуке үстіндегі жамылғысын кіндігіне дейін ысырып тастап, төсін
жалаңаштап жатқан екен дейді. Кеудесінің қалың қара қылшық түгіне бір елі
боз қырау тұрып, буы бұрқырап жатыпты. Соны көргенде: "Жүрегінде оты бар,
жалтақтамай жауға шабатын жалаң төс батыр боларсың" – деп сүйсініпті. Онан
кейінгі шым бүркеніп жатқан Мөңкесін: "ешкімге залалы жоқ, момын шаруа
баққан бай болар"– депті. Бір бетін ашып,бір бетін бүркеп жатқан Дөңкесін
көргенде, түгі бетіне теуіп, қатты ашуланады. Түке болса басы мен кеудесін
кіндігіне дейін қалың бүркеп алып, белбуардан төмен жағын тыржалаңаш ашып
тастаған екен дейді. Соған қарап тұрып" Ұятын қымтап, әбиірін жаппаған, бұл

кімге абырой әпереді, бір ар-намыстан безген болады да",– деп түңіліп,сол
жатқан жерінде басын шауып тастау үшін үйдегі қаруына ұмтылады, керегенің
басында ілулі тұрған қылышын қынабынан суыра бергенде, бәйбішесі басын
көтеріп: – Батыр,сәл сабыр ет, күш сенікі, сүт менікі, екеуміз тең сынасақ
болмай ма? – деп аз-кем аялдатады. Аялдағанымен ашуы тарқамаған батыр
түйіліп тұрып:";Ал сына! Не айтар екенсің сен",– депті. Бәйбіше сыпайы:
–Батыр, бәрін дұрыс сынағансың, – дейді жылы жымиып, – тек ашудың ырқына
еріп, Түке жөнінде әнтек кеткен сияқтысың. Бұл баланың басын алма, қайта
таңдап жүріп,жақсы жерден қыз алып бер.Тұқымы асыл туады, ұрпағынан
батыр шығады, – дейді. Қангелді батыр қайта ойланып, қылышын қынабынан
суырмайды. Кейін бәйбішесінің айтқаны келіп,Түкеден Райымбек батыр туады"
("Аспантау" кітабынан,69,70-бет.)
Біз бұған дейін ел жадындағы әр түрлі аңыз-әңгімелер мен танысып келдік,
енді тарихи құжаттарға жүгініп көрейік. Жалпы Қангелді хақында біршама
мұрағат материалдар бар." Қангелді Сырымбетұлы заманында айтулы батыр
болған. Ұлы жүздің ақылман билікті адамдармен аралас-құралас жүріп, қол
бастаған. 1717 жылы Аягөз, Тесіктас жерінде жоңғарлармен болған
шайқастарда ерлігімен ерекше көзге түседі. Аңырақай соғысына қатынасқан,
және жекпе-жекке шығып жеңіс туын жоғары ұстаған батыр. 1723 жылы жоңғар
басқыншылары қазақ жеріне баса-көктеп кіріп, Көкше теңізді айнала Арқаға
қарай лап қойған болатын. Шымбас маңындағы шайқасқа Жетісудағы Ұлы жүз
қазақтарынан жеті мыңдай қол қатысады. Осы үлкен топқа басшылық
еткендердің бірі–Қангелді батыр "(Қазақ батырлары, 2008ж , 321-бет)
"... Кейін 30 мың жасақ ішінде 17 сарбазды іріктеп алып, Абылай
сұлтанмен бірге Жоңғар қақпасына дейін барғанда осы Қангелді батыр екен"
дейді, академик Кеңес Нүрпейісов," Шежіреден тарихқа, аңыздан ақиқатқа"
деген мақаласында.("Егемен Қазақстан" газеті. 09.12.1993.ж)
Ал Қазақ энцклопедиясы томдарында былай деп жазылған.
"Қангелді батыр 1733 жылы Ұлы жүздің атақты адамдары Қодар би, Төле би,
Сатай батыр және Бөлек батырлармен бірге орыс патшасы Анна Иоанновнаға
1730-40 жылдары елші жіберіп, Россияның қол астына алуды өтінген..."; десе,
келесі томда:" 1734 жылы 20-сәуірде император Анна Иоанновна оларды
Россияның қол астына қабылдау жөнінде грамотаға қол қойды. 1742 жылы Ұлы
жүз руларының төрт старшыны Россияның қол астына қарау жөнінде ант
берді" делінген. (ҚСЭ., 9-том, 426-бет және 11-том, 374-бет.) Енді бұған
қосымша ретінде тағы бір дерек. "1733 жылы орыстың патша әйелінің атына
жазылған алғашқы хатты Аралбай батыр мен Оразгелді батыр жеткізеді. 1734-
жылы тағы да патша атына жазылған екінші хатты Петерборға Қангелді мен
Төле бидің немере інісі Айтбай екеуі тікелей апарады."(Бұлда Қазақ батырлары
кітабынан алынды 322-бет.)

bottom of page