top of page
Сартай батыр

Сартай батыр

Сартай 1711 жылы атақты Байжан би Қосқұлақұлының шаңырағында дү­ниеге
келген. Бала кезінен ширақ, атқа үйір болғандықтан, әкесі оған 6 жасында
Шалқасқа атты аппақ қасқа құлынды атап, шеберлерге күміспен көмкерілген
ашамай ер жасатып берген.
Байжан би ұлын өмірді көрсін, айналасын біліп, дербес шешім қабылдап
үйренсін, сергек, аңғарғыш болсын деп, титтейінен жанынан тастамаған.
Сартай сол кездің салты бойынша діни білім де алған.
Байжан би бірде өзінің үзеңгілес досы Бүкірек батырға: «Сартайдан үлкен үміт
күтемін, сондықтан оның қасына жастарды топтастырып, оларды хас батыр
қылып тәрбиелеуді қолға алсақ қайтеді?» – депті. Бүкірек батырдың бұл
ұсынысқа жауабы: «Жастарға соғыс өнерін үйретуді өз мойныма аламын», –
болды.
Бүкірек батыр Жылқайдар, Жыл­қа­ман, Ашабай, Арғынбай, Тайқожа, Елемес,
Аман, Жарас, Аяған, Саурық, Мыңбай, Байрақ, Қожамжар, Дулан, Тайлақ,
Қайрақ сияқты бозбалалардан іріктеліп алынған шағын топты ат жаратудан
бастап, барлық қару-жарақты қолдана білуге, жекпе-жек әдістеріне, топқа
қарсы шығудың айла-амалдарына, жер жағдайына қарай ұрыс салудың жай-
жапсарына үйрете бастапты. Жаттығулар барысында Сартай ерекше көзге
түскен.
Сартайдың үлкен кісілерден естіп, балалар арасында үлгі қылып айтатын
әңгімесінің бірі Орбұлақ шайқасы туралы еді. 1643 жылы Батур қоңтайшы
бастаған жоңғарлардың елу мыңдай қалың қолы қазақ даласына бет алды.
Жәңгір хан қазақтың кең даласынан әскер жиналып, олар келіп жеткенше,
небәрі 600 жауынгермен жаудың жолын бөгей тұруға мәжбүр болды. Жәңгір
хан шайқас өтетін жердің географиялық ерекшелігін асқан данышпандықпен
таңдап алатын. Ол жау қолы өтетін жолдағы ең тар шатқалға, бекініс жасауға
оңтайлы жерге ор қаздырып, жігіттерін садақпен, білтелі мылтықпен
қаруландырып, екіге бөліп, бір бө­лігін – жауға бетпе-бет шабуыл жасайтындай
етіп тастардан қаланған бекініске, ал екінші бөлігін жаудың ту сыртынан оқ
жаудыратындай тұсқа қойды. Аз ғана сарбаз қанша қарсыласса да, қаптаған
жау оларды таптап өтері анық. Сондықтан Жәңгір хан алдымен жоңғарларды
тау шөбі түтінімен улап, жау әскерінің тұтас бір бөлігін сұлатқан. Аузы-басына
ешкінің майын жағып алған қазақ жауынгерлеріне улы түтін әсер етпеді.
Есеңгіреген жоңғарлар ес жиямын дегенше, Жалаңтөс батырдың қолы да
жетті…

Бүкірек батыр өзінің егде жасына қарамастан жаттығулар кезінде балаларға
бар білгенін үйретуге жанын салатын. Бөкенбай, Есет батырларға, Қосым қожа,
Байжан, Бәби, Қармыс, Сырлыбай, Мыңбай билерге шәкірттерін қайта-қайта
мақтайтын. Сартай бастаған жастар ондық, елулік, жүздіктерге бөлініп,
олардың арасынан нағыз «мен» деген жігіттер іріктеліп, онбасы, елубасы,
жүзбасылар тағайындалған.
Бір күні Сартай сарбаздарына: «Қазір бес қаруларыңды тапсырып, қымыз ішіп
алып, таң атқанша демалыңдар, ертең жорыққа шығамыз», – деген бұйрық
берді. Сол түні шырт ұйқыда алаңсыз жатқан әс­керіне, алдын ала төбе басына
жасырылған жүздікті жіберіп, күрт шабуыл жасады. Бірақ түнгі жасау­ыл­дар
жолбарыстай сақтығын көр­сетіп:
– Жау, жау! Аттан! – деп дабыл қаққан мезетте, ұйқыдағы жігіттер атып-атып
тұрып, шапшаң киініп, сапқа тұрды. Риза болған Бүкірек батыр:
– Тоқтаңдар! – деп арыстандай ақырған кезде ғана жас батырлар бұның көп
жаттығудың бірі екенін түсінді.
Нұрмағанбет Қосжанұлының «Сартай батыр» дастанында:
«Ырғыз бен Талдан өткенде,
Ембіге таман жеткенде,
Құлан қуған көп аңшы
Алыстан бұлар көреді…» – деп айтылғандай, Сартай батыр сарбаздарымен
бірге, жауға қарсы шығу мақсатындағы жоспарларды тал­қылау үшін Ұлы
жүзбен Орта жүзден жіберілген адамдарды Мұғалжар тауында қарсы алып,
тиісті жерге дейін жеткізіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.
Сартай елін жаудан азат етуге аттанарда салт бойынша, әкесі Байжан биден
бата сұраған. Әкесі оған:
«Жастайыңнан, шырағым,
Ақылмен топты бөгедің.
Қайырлы болсын қадамың,
Қарағым, болсын дегенің,
Осы жолы жауға аттан,
Қамдан-дағы асыға.
Жауды жалғыз жеңбесең,
Мың балаңды ал қасыңа.
Ғұмыр бойы сол достар
Қорған болар басыңа» – деп батасын берген-ді.
Әкесі Байжан биден бата алып, Әбілқайыр ханның жасағына қосылған кезде
Сартайдың жасы 15-тен жаңа шыққан еді. Бұл 1726 жыл болатын.
«Сартай батыр бастаған
Асылдары қостаған,
Үш жүзден жиып топтасқан

Алашым деп шыңдалған,
«Қазағым» деген мың бала
Аттанды ұлы жорыққа.
Қамшысы бар білеулі
Найзасы бар егеулі,
Саржасы бар кезеулі,
Ұрандап шыққан ұрыста
Біреуі жүзге тең еді» — дегендей, Сартай мен оның әскері сапындағы «мың
бала» толық шыңдалып, елін қорғауға аттанды.
Сартай Байжанұлы батыр ғана емес, Әлім тайпасының биі де болды, талай
дауды басынан өткеріп, өз кесімін айтты. 1817 жылдың 16 тамызында Кіші
және Орта орданың билері Шерғазы Айшуақұлын өз­деріне хан етуді ұсынып
хат жазғанда, олардың арасындағы: «Мен, би Сартай Байжанұлы, өзім­нің
мөрімді бастым» – деген белгі атамыздың 106 жасында да аман-есен, қуатты
қалпында, ел тағ­дырына араласқанын көрсетеді.
Сартай Байжанұлы – халықты отырықшылыққа шақырып, жұртқа қажетті жер
бөліп беру ісін бастағандардың бірі. Батырдың өмірі мен ерлігі туралы ақын
Нұрмағанбет Қосжанұлының «Сартай» дастанында кеңінен айтылған еді. Бірақ
ақын «халық жауы» ретінде ұсталып,1937 жылы ату жазасына кесілген.
Осы орайда азаттық жолындағы күреске Сартай бастап шыққан 12 мен 16 жас
арасындағы бес жүзден астам қазақ баласының ерлігі мен есімін біз құрметтей
алып жүрміз бе деген сауал туады. Сартай батыр есімін ұлықтау мақсатында
ол бастаған «Мың бала» жорығына қатысты ескерткіш орнатылып, оның атына
көше атаулары беріліп, білім ошақтарында ерлігі мен өмір жолы кеңінен
дәріптелуі тиіс.

Айбек АЙТБАЕВ

Ақтөбе облысы.

bottom of page