Patriot-tulga.kz

“Ұлттық тәуелсіз емтихан” орталығының бағалау қызметі
Қазақстан Республикасында 10 жылдан астам уақыт бұрын денсаулық сақтау мамандарының білімі мен
дағдыларын тәуелсіз бағалау жүйесі енгізілді. Ол күні бүгінге дейін табысты жұмыс істеп келеді, оған
республиканың бүкіл аумағында кәсіби клиникалық қызметке рұқсат беретін денсаулық сақтау маманының сертификатын алу мақсатында құзыреттерді бағалау үшін бірыңғай емтихан форматын өткізу кіреді.
Денсаулық сақтау мамандарын тәуелсіз бағалау институтын құру және енгізу мемлекет Басшысының
тапсырмасы бойынша “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде және Дүниежүзілік банктің ҚР Денсаулық сақтауды реформалау жөніндегі жобасы шеңберінде денсаулық сақтау мамандарының емтиханы бойынша жетекші шетелдік ұйымдардың қолдауымен жүзеге асырылды.
2017 жылы «Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі (ҰТЕО) өзін-өзі
реттейтін ұйым мәртебесін алды және денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіби даярлығын
бағалауды және біліктілігіне сәйкестігін растауды, сондай-ақ медициналық колледждер мен жоғары оқу орындары білім алушылары мен түлектерінің білімі мен дағдыларын бағалауды жүргізуге ҚР ДСМ
аккредиттеген жалғыз тәуелсіз ұйым болды.
ҰТЕО миссиясы ел тұрғындарының денсаулығын қорғау және денсаулық сақтау мамандарының құзыреттерін бағалау және әзірлеу арқылы медициналық қызметтердің сапасын арттыру болып табылады. Қазақстанның медициналық кәсіби қоғамдастығы өкілдерінің, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден келген ҰТЕО серіктестерінің тікелей қатысуымен емтихан материалдарын әзірлеу бойынша үш жыл бойы орасан зор жұмыс жүргізілді. Жыл сайын ҰТЕО қызметкерлері
жоғары медициналық білімі бар (дәрігерлер) және орта медициналық білімі бар (мейірбикелер, фельдшерлер, стоматологтардың көмекшілері және басқалар) Денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіби даярлығын тәуелсіз бағалауды, сондай-ақ интернатура, резидентура, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларының 30 мыңнан астам түлектерінің білімі мен дағдыларын бағалауды жүзеге асырады.