top of page
Ғалым  заңгер

Ғалым заңгер

Әдетте жұрт ғылыммен айналысуды қызықсыз, ғалым мамандығын – табыссыз деп есептейді. Бірақ адам өмірінің қай саласына қарасаңыз да қарқынды қамтып келе жатқан жаңа технологияларды дәл сол ғалымдар жасаған. Ғылымсыз мемлекет бәсекеге қабілетті бола алмайды. Технологияңыз түгелдей ғылымнан тұрады. Сол ғылымды жастарға тартымды ету үшін студенттердің өзін көрсете алатындай және өздерінің ғылыми потенциалын байқата алатындай мүмкіндіктер мен алаңдар құру қажет. Қаражат жағы да қамтылғаны дұрыс. Сонда ғана ғылымға тың күштер мен соны идеялар тасыған өзендей ағылады. «Білім беру саласының үздігі» Нұржан Ришатұлы Мақсатовтың жастар мен ғылым туралы пікірлері міне, осындай.

Нұржан Ришатұлы өз замандастары үлгі алып жүрген озық ойлы азаматтардың бірі. Құқық саласымен айналысады. Кейінгі жылдарда халықаралық құқық тақырыбына тереңдеп бойлап жүр. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосқан Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Нағашыбай Шайкенов сияқты заңгерлердің еңбектеріне жиі бас қояды. Халықтың құқықтық сауатын көтеруге атсалысқанды ұнатады.
Нұржан Мақсатов 1993 жылы Алматы қаласында туған. Жастайынан қоршаған ортаға қамқор болуды мұрат тұтқан. Мектеп бітірген соң «Әділет» жоғары құқық мектебіне заң мамандығы бойынша оқуға түсіп, бітірген соң бірден сол жерде магистратурада оқыған, қазіргі сәтте «заң ғылымдарының магистрі» академиялық дәрежесі бар.
Ол студенттік кезінен ғылыммен айналысып, бірқатар табыстарға қол жеткізді. Ғылыми қызығушылықтары – азаматтық құқық, цивилистика саласы. «Құқық дегеніміз – ізгілік пен әділеттілік өнері» дейді ғой көне грек ойшылдары. Қаншама құқықтық әдебиеттер жарық көріп, БАҚ қаншама бағдарламаларын арнаса да бұқараның құқықтық сауаттылығы әлі күнге өзекті күйде қалып келеді. Құқық пен ізгілік бірлессе әділеттіктен де биіктейді. Сондықтан ол осы салаға барынша құштар. «Менің шынайы даңқым қырық шайқаста жеңіске жеткенім емес, оның бәрін жалғыз Ватерлоо жуып кетеді. Мәңгілік өмір сүретін менің «Азаматтық кодексім» деген екен Наполеон І. Мақсат та сол себепті қарапайым құқық тақырыбын ізденістерінің іргелі зерттеулеріне негіз еткен.
Нұржан Ришатұлы еңбектерін қазақ тілінде жазады, бұл қазіргі жас зерттеушілер арасында сирек кездесетін жағдай. Мемлекеттік тіл өзінің конституциялық мәртебесіне ие болуы керек деп есептейді ол. Кеңес үкіметі ыдыраған соң, заң саласында мемлекеттік тілде еңбектер жоқтың қасы болып қалды. Студенттер мен оқытушылар Ресей әдебиетін қолдануға және орыс тіліндегі еңбектерді аударуға мәжбүртін. Студент кезінде осындай проблемаларға ұшыраған Нұржан еліміздің өскелең болашақ заңгерлеріне арнап азаматтық құқық институттары, мұрагерлік құқық, меншік құқығы, міндеттемелік құқық, шарттық құқық саласындағы әлденеше оқу құралдарын жазды, көпшілігі қазір Қазақстандағы жоғары оқу орындарында қолданыста.
Бүгінде маңызды тақырыптарды қамтыған 30-дан аса еңбегі жарық көріпті. Оның ішінде орта және жоғары оқу орындарында білім алушыларға арналған оқу және практикалық құралдары, сондай-ақ қоғам мен құқықты жетілдіруге арналған мақалалары бар. Бірнеше рет ҚР заң жобаларына қатысты өз жобаларын ұсынды, кейбір ұсыныстары заң жобаларына енгізілді де.
Жас ғалым 2017 жылдан бері Орталық Азия университетінің ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің басшысы лауазамында. 2016 жылы Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының ең жас корреспондент-мүшесі атанды. ҚР заңгерлер қауымдастығына мүше болып қабылданды. Жемісті ғылыми қызметі үшін Еуропа Жаратылыс­тану академиясының мүшелігіне (Эдинбург, 2016 ж.) шақырылды. Халықтың құқықтық сауатын жақсартумен ерінбейжалықпай айналысып жүр.
Цивилист маман «Nur Otan» партиясы атынан халықтың мүжәлсіз топтарының өкілдеріне заң жөнінен ақыл-кеңестер беріп отырады. Қала әкімшілігіне тұрғындардың өтініші бойынша сын пікірлер білдіріп, ұсыныстар жасайды. Сөйтіп жолдарды жөндетіп, қаланың алыс аудандарына байланыс тартқызды, оралмандар құқығын қорғау ісімен де айналысты. Телеарналар арқылы сұхбаттар берді, «Прав­медиа», «Договор24» секілді ақпарат алаңдарында халықтың құқықтық сауаттылығын жетілдіруге бағытталған тегін вебинарлар өткізді. Осындай еңбектерінің арқасында мыңдаған қазақстандық мемлекеттік тілде құқықтық білім алып, өздерін өздері қорғайтындай дәрежеге жетті.
Нұржан Ришатұлы сондай-ақ ол қайырымдылықпен айналысады, Елгезектігі мен жанашырлығы арқасында 200-ден астам адам заңгердің тегін құқықтық көмегіне ие болды. Кәсіби біліктілігі мен дағдыларын жетілдіру үшін Ресей, Украина, Қырғызстан және т.б. елдерде тағылымдамадан өтті. 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатына ие болса, 2018 жылы ғылыми қызметі үшін «Білім беру саласының үздігі» медалін алды.
Ол бірқатар шетелдік дипломатиялық өкілдіктермен де байланыста. Үнденезия мен Пәкістан елшілерінен Қазақстанның халықаралық қатынастарын нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс ноталары мен құрмет белгілерін алған аз адамның бірі.
ТМД елдерінің «Үздік жас ғалым-2020» І дәрежелі дипломының иегері.
Қазіргі сәтте оның «Халықаралық қарулы қақтығыстарда балалардың құқын қорғау» жобасы «Астурия хан­шайымы» сыйлығына ұсынылып отыр. Заңгер бұған қоса қазір «Балалар құқын қорғау туралы» заң жобасын әзірлеумен айналысып жүр. Бір жағынан докторантурада оқиды. Ол шынымен де еліміздің бейнесі мен мақтанышы.
Нұржан қазіргі таңда Әділет жоғарғы құқық метебінде болашақ заңгерлерді даярлаумен айналысуда. Студенттері отандық және халық­аралық жарыстардың жүлдегерлері, көпшілігі түрлі конференцияларға қатысып, қоғамдық жұмыстарға да белсенділігімен көзге түсуде. Осы таңда ағартушылық пен заңшығармашылық қызметтерін қатар алып келе жатыр. Өзі студенттермен бірге жағдайы ауыр, көп­балалы, зейнеткер жандарға айына бірнеше рет «Nur Otan» партиясының бағдарламасы аясында тегін заң көмегін көрсетеді.
2020 жылдан ҚР Парламент Сенатының депутаты Сүлеймен Ляззат Жаңылысқызының көмекшісі қызметін де атқарып келеді. Еліміздегі өзекті мәселердің шешім табуына, кейбір теріс құбылыстардың алдын алуға өз үлесін қосып келеді. Бірнеше заң жобаларының қабылдануына сарапшы-маман ретінде атсалысты. Кейбір заң жобалары бойынша жұмыс тобының мүшесі ретінде заң шығару үдерісіне де белесене араласып жүр.

Жүсіп ЖҰБАТ, «Тұлға»

bottom of page