top of page
Ғалым  жолы - өнеге!

Ғалым жолы - өнеге!

Қазақ ғылымына өзіндік үлесін қосып, қоғамды дамытуға белсене атсалысып жүрген қыздарымыз аз емес. Солардың ішінен ауыл шаруашылығы саласының бірегей маманы, көптеген ғылыми жаңалық ашып, бірнеше жұмыстарына авторлық патент алған, көрнекті ғалым Қанағат Қайырбекқызы Баймағамбетованың есімін атар едік. Бүгінде алпыстың асуына көтеріліп отырған ғалымның өмірі жастарға өнеге.


Қанағат Қайырбекқызы 1961 жылдың 11 қыркүйегінде Алматы облысының Үшарал елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Баймағамбетов Қайырбек Жақыпбайұлы 1938 жылы Алматы зооветеринарлық институтының аспирантурасында оқып жүрген кезінде совет-фин соғысы басталады. Жоғары оқу орнында оқып жүргендерге соғысқа бармауына бронь болса да, комсомол ұйымының хатшысы болғандықтан, басқаларға үлгі көрсетіп, 1939 жылы өз еркімен майданға аттанады. Фин соғысынан кейін көп ұзамай совет-герман соғысы басталып кетеді. Тоғыз жыл әскерде болған, от пен оқтың арасынан аман шыққан Қайырбек 1947 жылы соғыстан аман-есен оралғасын бейбіт тіршілікке етене араласып кетеді. Семей, Алматы, Қарағанды, Талдықорған облыстарының атқару комитеттерінде, ауыл шаруашылық басқармаларында жауапты басшылық қызметтер атқарады. Ал анасы, Қорғасынова Рымжан Қорғасынқызы болса, өмір бойы ұстаздық қызметпен айналысты. Тарих, география пәндерінен сабақ берді, мектепте тәрбие ісінің меңгерушісі және парторг қызметтерін атқарды. Екеуі бес баланы өмірге әкеліп, жақсы тәрбие берді, барлығы да мектепті алтын медальмен аяқтады.

Осындай өнегелі отбасынан шыққан Қанағат Қайырбекқызы да 1976 жылы Талдықорған қаласындағы зооветеринарлық техникумға түсіп, оны «ауыл шаруашылық өндірісінің бухгалтері» мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Талапты жас оқуын жалғастыруды қалады. 1979 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылық институтына түседі. Оны бітірген соң ары қарай ғылыммен айналысуды жөн санап, 1985 жылы В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түседі. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Рахым Алмабекұлы Оразалиев ғылыми жетекшісі болып бекітіледі. Ұстаз бен шәкірт ғылыми жұмыс тақырыбы төңірегінде талай-талай ой бөлісті. Ізденіс бағыттарын айқындады. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде Қанағат Қайырбекқызы 1989 жылы «Селекция және тұқым шаруашылығы» мамандығы бойынша ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап шықты. 2007 жылы ғалымға «агрономия» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілді.

Қанағат 1989 жылдан В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында күздік бидай селекциясы бөлімінде аға лаборант, агроном, кіші ғылыми қызметкер және ғылыми қызметкер болып істеді.

1991-1993 жылдары отбасылық жағдайына байланысты Талдықорғанға қоныс аударып, Талдықорған педагогикалық институтында бастапқы оқыту педагогикасы кафедрасында оқытушысы қызметін атқарды. 1993-1994 жылдары Талдықорған зооветеринарлық техникумында «Агрономия» мамандығы бойынша сабақ берді. Білгір маманның іскерлігі мен ғылыми ізденісіне риза болған басшылық Қанағат Қайырбекқызын В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұсынысы бойынша әрі білгір мамандардың тапшылығына байланысты Талдықорған қалалық ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институтының экологиялық селекция және дәнді дақылдардың тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырды. Бұл ғылым ордасында ғалым 1994 жылдан 2002 жылға дейін қызмет етті. Бұл жылдарда Қанағат Қайырбекқызы ғылыммен бірге ұстаздық қызметті қатар алып жүрді. Тіпті қалалық №12 орта мектепте биология пәнінен сабақ бергені де есте. Ғалым өз саласына адалдық танытып, өмір бойы ізденіп, теория мен практиканы ұштастыра білді.

2002-2004 жылдары В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының күндізгі бөлімінде докторантурада білімін жетілдірді. Кандидатық жұмысына жетекшілік еткен ҚР ҰҒА академигі, РФ ауыл шаруашылық академиясының академигі, Украинаның аграрлық ғылымдар академиясының академигі, белгілі ғалым Рахым Алмабекұлы Оразалиев шәкіртіне тағы да қолдау білдіріп, ғылымдағы ізденісіне серпін берді. 2010 жылы Қанағат Қайырбекқызы «Бидай селекциясының эколого-генетикалық негіздері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Нәтижелі еңбектің арқасында 2011 жылы биология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне қол жеткізді.

Қанағат Қайырбекқызы өзі еңбек еткен, ғылыми дәрежелерге қол жеткізген ұжымға үнемі алғыс сезімін арнап отырады. Өйткені ол В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында лаборанттықтан басшылық қызметтерге дейін көтерілді. Бүгінде алпыстың асуына белең алған ғалым институттың ғылыми кеңесінің мүшесі. 2019 жылы Ауыл шаруашылық академиясына толық мүшелікке өтті, академик атанды.

Италияның халық батыры Джузеппе Гарибальди: «Бидай дәнінің құндылығы оның өнімділігімен, адамның құндылығы өзінің айналасына тигізетін пайдасымен өлшенеді» деген екен. Қанағат осы екі құндылықты да өзіне нысана етіп алды. Алғашқысы – бидай өнімділігін арттыру болса, екіншісі – осы еңбегі арқылы Отанына, халқына қызмет ету.

Аталмыш салада қырық жылға тарта еңбек ету барысында ғалым дәнді дақылдар селекциясын зерттеудің барша әдіс-тәсілдерін мұқият зерттеп шықты. Өз бетімен тозаңданатын дақылдарды іріктеу теориясын зерттеді, дәнді дақылдардың кейбір түрлерін өсіру технологиясын меңгерді.

2006-2008 жылдарда ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің екі ғылыми жобасына жетекшілік жасаушылар қатарында болды. Ондағы мақсат – жаздық әрі жұмсақ бидай сортының абиотикалық және биотикалық факторларға төзімді және жоғары өнімді жаңа түріне қол жеткізу еді. Бұл жұмыстар «Солтүстік, Батыс және Шығыс Қазақстанда құрғақшылыққа төзімді, жыл сайын тұрақты түрде гектарынан 25-30 центнер тұрақты өнім беретін бидайдың жаздық жұмсақ әрі қатты жоғары сапалы сорттарын селекциялау» және «Солтүстік Қазақстанның орманды алаңқай аймақтарында гектарынан 35 центнерге дейін тұрақты өнім алуға мүмкіндік беретін жаздық жұмсақ бидайдың өнімді түрлерін селекциялау» деп аталатын екі жобаның аясында жүзеге асырылды. Иоганн Вольфганг Гёте: «Құрғақ дәннің өмірі елеусіз өтіп кетеді» дейді ғой. Қанағат болса ғылыми ізденістер жолында артында ұрпаққа пайдалы із қалдыруға ұмтылды.

Ғалым 2009-2011 жылдары ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің «Қазақстан Республикасының түрлі аймақтарындағы бидай өнімділігінің генетикалық потенциалын арттыру» ғылыми жобасының жауапты орындаушысы болды. Сондай-ақ осы жылдары Биотехнологиялар институты мен ҚР Биотехнологиялар жөніндегі ұлттық орталығының өсімдіктер биологиясының генетикасы мен селекциялау зертханасында «Бидайдың өзектік таттануы сияқты аса қауіпті індетке бойбермейтін тұрақты гендерін идентификациялау және селекциясына молекулярлық генетикалық маркерлер енгізу» жобасы жетекшілерінің бірі болды.

Қанағат Қайырбекқызы көптеген ғылыми ізденістерге қатысып, белсенділік танытып келеді. 2018-2020 жылдары шетелдік өнімдерді өсіруге байланысты ғылыми жобаларға қатысты. Қазақстанның бес экологиялық аймағында: Қостанай облысының Қарабалық ауыл шаруашылық тәжірибе стансасында, Ақтөбе, Орал, Шығыс Қазақстан зертханаларында бидайды жан-жақты селекциялау жұмысына белсенді қатысты. Нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы мемлекеттік комиссиясына «Қарабалық-9», «Степная-62» күздік бидай сорттары ұсынылды.

Қарап отырсақ, ғалымның тынымсыз еңбегінің арқасында мемлекеттік комиссияға 25 өзіндік және авторлармен бірлескен жұмыстары ұсынылыпты. Оның ішінде «Эритроспермум-350», «Әлия», «Алмакен», «Самғау», «Өскемен», «Самад», «Жігер-2014» деген жеті сорт Қазақстан мен Қырғызстанда қолданысқа енгізілді. Жаздық және күздік жұмсақ бидай сорттары бойынша 17 жұмысқа авторлық патент алды, кейбір бидай сорттарына авторлас болды. 152 ғылыми еңбек, бір монография жазыпты. Бұған ғылыми еңбектер туралы халықаралық деректер базасында импакт-факторлы екі мақаласы жарық көргенін де қосайық. Ғалым жинақтаған білімін шәкірттердің бойына сіңіруге де еңбектеніп жүр. «Үшқоңыр», «Өскемен» ғылыми орталықтарында тыңдаушыларға аталмыш сала жайында дәріс береді.

Қанағат Қайырбекқызының ғылыми еңбектері мемлекет тарапынан ескерусіз қалған жоқ. ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР Ауыл шаруашылық академиясының Құрмет грамотасымен, Ресей Жаратылыстану академиясының А.Нобель медалімен, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ғалым әлі күнге өзіне ыстық В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында еңбек етіп келеді. Байқаса, ауыл шаруашылығы саласындағы тынымсыз еңбегіне де қырық жылдан асыпты. Бүкіл саналы ғұмыры ғылымға арналды десек артық айтқандық емес. Бірақ бұл нәтижелі, берекелі ғұмыр ғой!

Белгілі орыс жазушысы Л.Н. Толстой “Ғылымның мақсаты – адамдарға қызмет ету” деген екен. Қанағат Қайырбекқызы бұл қағиданы берік ұстанып, ел игілігіне адал қызмет етіп, еңбегінің зейнетін көріп отыр. Ғалымға әлі де ғылым көкжиегінде қалықтай беріңіз дегіміз келеді меретойы тұсында!

Ғалымның ұлы Арман да ана жолын жалғап ауыл шаруашылық маманы болды. Өткен жылы Алматы қаласындағы “Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің” “Өсімдіктерді қорғау” мамандығын мемлекеттік грантпен үздік оқып, магистратурасын аяқтады.

Қазақ ауыл шаруашылық аграрлық саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан Қанағат Қайырбекқызының отбасына барлық ағайын-туыстың атынан амандық, саулық, еңбектеріне мол табыс тілейміз!

Раушан КАРШАЛОВА,
Ләззәт БАЙМАҒАМБЕТОВА,
Алматы қаласы.

bottom of page