Patriot-tulga.kz
100-ші бригаданың жұрнағы көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтан Жиенбаев
Жиенбаев Сұлтан Сүлейменұлы 1921 жылы Алматы қаласында туған — Қазақстан партия, совет қайраткері. 1938 жылдан Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінде оқыды. СССР сауда министрлігі жанындағы жоғары сауда мектебін бітірді. (1953). 1941-1945 жылдары Совет Арамиясы қатарында Ұлы Отан соғысына белсене қатысты. 1945-50 жылдары Түрксіб темір жол басқармасының жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде істеді. 1953-54 жылдары Қазақ ССР сауда министрлігі өнеркәсіп товарлы саудасы басқармасының бастығы. 1954-60 жылдары Қазақстан КП Алматы қалалық комитетінің бөлім меңгерушісі, Алматы қалалық комитетінің бөлім меңгерушісі, Алматы қалалық Фрунзе аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1960-62 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі. 1962-70 жылдары Қазақ ССР сауда министрі. 1970 жылдан Қазақ ССР Министрлер Советі төрағасының орынбасары. Жиенбаев — Қазақстан КП 11-13 съездерінің делегаты. 1961 жылдан Қазақстан КП ОК-нің мүшесі. 7-8 сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты. Октябрь революциясы, 2 рет еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен наградталған.
Қазақ Совет Энциклопедиясы, 4 том, 443 б.
Ардагерлер — күні кешегі елдің ардағы, ердің саңлағы саналған абзал азаматтар. Көпшілігі тау тартып, саптан шықса да санаттан қалмай, жақсылықтың жаршысы, жас ұрпақтың ақылшысы боп арамызда жайнаған туы жығылмай, әлі де алшаң басып жүр. Бұл буынның тағдыр — талайына бұйырғаны аз болған жоқ. Олар кеңестендіру кезеңінің ұрдажық әпербақандығын, ауылшаруашылығын ұжымдастырудың аша тұяқ қалдырмаған асыра сілтеуін, халқымыздың үштен бірін жалмап кеткен ашаршылық нәубетін, сүт бетіне шығар зиялылардың бәрін су түбіне жіберген 37-нің зұлматын көзбен көрді.
Соғыс ардагерлерінің ең жас дегінінің өзі бүгінде сексеннің сеңгірінен асып барады. Он шақты жыл бұрын ғана қатарлары қара ормандай қалың болып көрінетін ақ самайлы ағалар қазіргі кезде көзімізге анда-санда ғана шалынады. Содан кейін де кешегі ел басына күн туған кезде заманының ауыр жүгін қайыспай көтерген қарттарымыздың қадырын бұрынғыдан да айқынырақ сезіне түсетіндейміз.
Еліміздің, жеріміздің көзі тірі киелері іспетті қазыналы қарттарымыз ортамызда жүргенде біздің де асқар биіктеріміздің аласармасы, тіршілігіміздің алтын арқауларының сетінемейтіндігі анық. Алматылық соғыс ардагері Жиенбаев Сұлтан ағамызбен әңгімелесу барысында осы бір ақиқатты тағы бір рет айқын сезінгендей болдық.
Бүгінде сексеннің тоғызына келсе де Сұлтан қарияның еңсесі тік, зердесі мықты. Өнегесі мол өмір белестерін қолмен қойғандай етіп айқын баяндайды.
«Жылдар жылжып, ұрпақтар ауысып, өткенге деген баға да өзгереді. Әйткенмен, кешегі қанды қасап жиһангерлік соғыстағы жеңістің нарқын ештеңе өзгерте алмас. Біз онда өзіміз үшін емес, бүкіл әлемді аман алып қалу үшін шайқастық. Қолдан келместің қисынын келтіріп, жеңіп шықтық», дейді майдан соқпақтарын Мәскеу түбінен бастап Берлинге дейін жалғастырған Ұлы Отан соғысының ардагері Сұлтан Жиенбаев. Ол тағдыр тауқыметін қаншалықты тартса, соншалықты өмірге деген махаббатты өршіп отырған. Оның басынан өткерген қиыншылықтарын, Отанына, халқына жасаған адал еңбектері мен көрген қуаныштарын тізіп жазатын болса, бірнеше томдық кітап жазуға жетерлік. Қазірдің өзінде 30-дан астам очерктер мен мақалаларға, үш фильмге арқау болған оның ұлағатты өмірі жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық. Ол 1941-1945 жылдары фашистік Германияға қарсы соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан. Қанды майданда гитлершілермен бетпе-бет 575 күн соғысқан қазақтың қаһарман перзенті. Отан үшін, Қазақстан үшін, қазақтың келешегі үшін от кешкен, қан төккен майдангер. Ұлы Жеңістің 50 жылдығына, 55 жылдығына, 60 жылдығына арналған Мәскеудегі Жеңіс шерулеріне қатысқан бірден-бір бірегей, қазақ — Отставкадағы полковник Сұлтан Жиенбаев.
Соғыста, еңбек саласында қажымас ерен ерлігі мен еңбектері үшін 25 мәрте Мемлекет тарапынан марапатқа бөленген, оның кең омырауында: бірінші, екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, «»Белградты алғаны үшін» медалі, Еңбек Қызыл Ту, Қазан революциясының, Халықтар достығы ордендері және Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордендері мен көптеген медальдардың жарқырап тұрғанын көрген адамның жанын марқайта түсетіні анық.
... 1942 жылдың 27-тамызы. Алматыда жасақталған 100-ші қазақтың ұлттық атқыштар бригадасының соңғы бөлімдері Мәскеу түбіндегі Бабушкин қаласына келіп жетті. Бес мың адамнан тұратын атқыштар бригадасы бұйрық бойынша белгіленген жаңа орынға жайғасты. Мұнда олар жоспарлы әскери және саяси әзірлікті жалғастыра берді.
Мәскеу әскери округының 1942 жылғы 19-қазандағы бұйрығы бойынша 100-бригада Калинин майданының 39-армиясының құрамына кіріп, 25-қарашада Молодой Туд өзені мен деревнясы маңында басталған алғашқы ұрысқа қатысты. 25-қарашадан 2-желтоқсанға дейінгі аралықта Волга өзенінің жанындағы оң жақ сағасы болып табылатын Молодой Туд өзенінен бастап Оленино селосына қарай шабуыл жүргізді. Бұл село жаудың негізгі бекінісі еді.
«Ржев шоқысы» деп аталған майдан шебіндегі шайқас 100-ші бригаданың 1-ші батальонының старшинасы Сұлтан Жиенбаев пен оның қарулас достарына адам айтқысыз сынақ болды. Одан тірі қаламыз деп ешкім ойламаған еді. Қалды. Бұл тозақтың орасында өзі болған орыс жазушысы К.Симонов «Өлім аңғары» деп бағалап жазған еді ол шеп жөнінде кейін. Одан өткен теңеуді ешкім таппас. Көргенін айтқан ғой. Сол құқайды Сұлтан бастаған сарбаздар да көрген. Төзген. Шыдаған. Жеңіс үшін жандарын пида еткендері қаншама?
— Алғашқы ұрыстар алғашқы батырларды да көрсетті, — дейді бүгінде бригада ардагері, отставкадағы полковник Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаев отты күндерді еске алып. — Қатардағы көптеген жауынгерлер күндіз-түні тынбастан оқ атып, бөлімдердің алға ұмтылуына бөгет жасаған жаудың атыс ұяларына жер бауырлап барып, танк қиратқыш гранаталар лақтырып, күлін көкке ұшырды. Мәселен, сержант Қарабек Бұрышев өз бөлімшесін шабуылға тез көтеріп, неміс траншеяларына бірінші болып кірді. Оның өзі және жауынгерлері автомат оғымен, гранатамен жаудың станокты пулеметін және бір взводқа жуық әскерлерін құртып жіберді. Бұл ұрыста қатардағы жауынгер Төребек Тоқмағамбетов те қажырлы қайрат көрсетті. Бұл екеуі де Алматыдағы №12 орта мектептің шәкірті, талшыбықтай жас жігіттер еді.
Сол сияқты, командирлер мен саяси қызметкерлерден Шәкір Тәжібаев, Жұмаділ Әубәкіров, Қалжан Әлжанов, Қажым Көшеков, Райымжан Әшкеев, Дүйсен Асанбаев, Асқар Дәулетбеков, Есенхан Сәрсембаев, Мұсахан Зәуірбеков, Тұрған Сәбитов асқан ерлік жасады, бұлар шабуылдағы әскерлердің алғы сапында болып, оларды ілгері бастады, рух берді. Бұл ержүрек жігіттердің бәрі дерлік, Шәкірден басқасы, сол ұрыс тұсында ерлікпен қаза тапты.
— Ржев іргесіндегі кескілескен ұрыстардан соң, — деп сөзін жалғастырды Сұлтекең, — 1942 жылдың аяғында, желтоқсанның ақырғы аптасында біздің 100-ші бригада Калинин майданы әскерлерінің сол қанатынан ауысып, аса жедел түрде, небәрі тәуліктің ішінде 250 шақырым жердегі оң қанатына шықты. Мұның өзінше елеулі себебі бар еді. Калинин майданының жоғарыда айтылған қарашадағы шабуылы тұсында үшінші екпінді армия жау қолындағы Великие Луки қаласын қоршап алып, мұнда қарсыласып, берілмей жатқан тоғыз мыңдай адамы бар жау әскерлерімен айқасып жатқан-ды. Оның үстіне неміс әскери командованиесі (генерал фон Засс) Гитлердің бұйрығы бойынша Великие Лукидегі қоршауда қалған гарнизонын құтқарып алу мақсатымен бес әскери құрамасының (үш атқыштар дивизиясы, механикаланған екі танк дивизиясы) күшімен қаурыт шабуылға шыққан-ды. Осындай қиын жағдайда жүзінші атқыштар бригадасы, 360-шы атқыштар дивизиясы және 78-ші танк бригадасы үшінші екпінді армия құрамына келіп қосылып, Великие Луки қаласы түбіндегі қырғын ұрысқа араласты да кетті.
Великие Лукиді азат ету жолындағы ұрыстар аса ауыр болды, күн де, түні де тоқталмай жүргізілген бұл қанды шайқастар он бес тәулікке созылды. Сонымен қатар мұның өзі жүзінші бригаданың жауынгерлік жолындағы ең абыройлы да, ең мақтанышты да кезең болды. Бұл ұрыстар тұсында бригада жауынгерлері жаппай ерлік көрсетті.
Великие Луки іргесіндегі арпалыста әсіресе қатардағы жауынгерлер өздерінің командирлері мен саяси жетекшілері — капитан О.Барманқұлов, капитан Б.Айнағұлов, майор И.Ушаков, аға лейтенант М.Құсайынов, аға лейтенант З.Абдрахманов, лейтенант О.Сырлыбаев, лейтенант Қ.Жанғожин, кіші лейтенант Ы.Исатаев, кіші лейтенант С.Әжіметов, кіші лейтенант Т.Молдашев, старшина Ж.Жамалбеков, старшина А.Байзақов, старшина А.Желдібаев және басқалардың басшылығымен талай ерлік көрсетті. Құралайды көзінен ататын мергендер деп аталып кеткен Ыбырайым Сүлейменов пен Петр Осадченко нысаналап оқтарымен жүздеген фашистерді жайратты. Мұндай ерліктерімен бригаданың басқа да жауынгерлері, олардың ішінде алдымен артиллеристер Мәті Құсайынов, Сүбіхан Шошанов, Қали Құрманғалиев, Жанабай Әлімгереев, Қаби Ыспанов, Қапай Жанғожин, Жүніс Бегімбетов, Хасен Бақтыгереев, Мәулен Исин, Нағымжан Нұрғазин, Қайролла Қаратаев, Ғабдыр Салықов, қазіргі Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ерекше көзге түсті.
Старшина Сұлтан Жиенбаев майданда қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен, әскери қайраткерлер Сақтаған Бәйішев, Әбілқайыр Баймолдин, роталар мен батарея командирлері Әкентай Халимулдин, Темірғали Төлеуов, Іслам Назаров, Жүніс Сыздықов, Асқар Рахматуллин, Манап Шідеров, Жақсымбек Бектұров, Әбдірахман Досанов, Қали Білалов, Нұқаш Ералин, Мәжит Бегалин, Жұмаділ Әубәкіров, Сұлтан Ходжиковтермен бір сапта жүріп соғысты. Ұрыстың аз ғана толастаған кейбір сәттерінде олармен жолығысып, тілдесіп те жүрді. Сондықтан да Сұлтан аға майданда бірге болған бұл қарулы достарын ешқашан ұмытпайды, олардың өршіл рухын жүрегінің төрінде мықтап сақтап келеді.
Великие Луки іргесіндегі неміс-фашист жендеттерімен кескілескен ұрыс, әрине бізге де оңай, арзанға түскен жоқ. Бригаданың бірталай жауынгерлері қаза болды. Әсіресе, Сұлтан Жиенбаев қызмет атқаратын бірінші атқыштар батальоны көп шығынға ұшырады...
... Ұрыс тоқтап, тыныштық орнады. Ұрыс майданынан ең соңғы жаралылар шығарылады. Таңертең дәрігер Зекен Төлегенов Мәншүк Мәметоваға жаралыларды медициналық-санитарлық ротаға апаруды тапсырды. Олардың төртеуі ғана қалған-ды. Бәрінің де жарақаты ауыр. Санитар Қойбағаров жертөлеге келгенде Мәншүк жаралылардың қалай таңылғанын, олардың киімін түгел қайтадан қарап шықты. Жаралылардың ішінде бірінші ротаның старшинасы Сұлтан Жиенбаев бар-тын. Ол соңғы кескілескен шайқастарда жараланды. Ол жертөледегі сабанның үстінде жатыр, беті сұп-сұр, тіршілік нышаны білінбейді. Мәншүк оған жақын келіп, алақанымен бетін сипады. Сұлтанның қабағы дір етіп, шаршаған кейіппен көзін ашты да, Мәншүкке қарап күлімсіреді.
— Жарайсың Сұлтанжан! Комбатқа, біздің бәрімізге де сенсіз қиын болады, тезірек айығып қайтып орал, — деді Мәншүк.
Бурцево деревнясы үшін табан тірескен шайқас өрши түсті. Күні бойы төрт рет қолдан қолға өтті. Шайқас бірде әлсіреп, бірде жаңа күшпен қайта тұтанды. Дегенмен кешке қарай жау деревнядан біржола аластатылды.
Жаралылар көп болды. Мәншүк пен тағы екі санитар олардың жарасын таңып, соғыс алаңынан әрең шығарып үлгерді.
Бір жаралыдан екінші жаралыға жүгіріп, енді біріне еңбектеп жетіп, оларға алғашқы көмек көрсетіп жүрген Мәншүк бір кезде біздің сол қанаттағы пулеметтің үнсіз қалғанын байқады. Бойын жасыра еңкейіп, көбінесе еңбекті жүгірген ол пулеметке жеткенше асықты. Межелі жеріне жеткен кезде пулеметтің қалқанына асылып жатқан пулеметтіні көрді. Денесін аударып көріп еді, ол тірі екен. Мәншүк оның шинелінің түймелерін ағыта бастады. Кеудесінен жараланған екен. Бірақ пулеметші оған бұлдыраған көзбен қарап, әрең естіртіп сыбырлады: «Бауырым, «максимді» ал ... ат ...» сөзін аяқтай алмай, пулеметтің жанында демі үзілді. Мәншүктің көзі жасқа толды. Оның төбесінен бірнеше оқ ысқырынып өтті. Мәншүк өлген жауынгердің әлі жылуы кетпеген денесін шетке тартып шығарып, пулеметке келіп етпетінен жатты. «Лентада патрондар бар ма?» — деген ой есіне сап ете түсті. Ол тексеріп көріп, қуанғанынан: «Бар екен! Бар!» — деп күбірледі. Сөйтті де тізіліп келе жатқан фашистерді нысанаға алды. Нысананы дәлдеп алып, батылдана шаппаны тартты. Пулемет сәл дірілдеп, оқ боратты. Мәншүк бірнеше фашистің бірдей баудай түскенін, ал одан кейін тағы да, тағы да құлағынан көрді. Көп ұзамай фрицтер жүруді, жер бауырлап жатып қалды.
Осы кезде Мәншүктің жанына старшина Сұлтан Жиенбаев келіп құлай кетті.
— Қалайсыңдар?
— Пулеметшілер қаза болды ағатай, менің атуыма тура келді ... — деді Мәншүк.
— Фрицтерді іркіп тұрған сен бе едің? Жарайсың. Енді мен өзім ... міне Әлиев маған көмектеседі, ал сен жүгір, қарындасым ... анау бұталардың арасындағы шұқырда жаралылар жатыр, оларға сенің көмегің керек.
Мәншүк тағы да өз ісіне кірісіп кетті. қанша жаралыға көмектескенін ол санаған жоқ, бірақ ұрыс майданында тағдыр оны тағы да пулеметке кез қылды. Бұл жағдай күн батар алдында болды.
Фашистер жылжып келе жатты. Мәншүк олардың жақын келуін күтті. Ол бірнеше минуттан кейін оларды орып түсіретін үздіксіз оқпен қарсы алды. Оның көзінен өшпенділік оты лаулап, екі беті қызарып кетті. Лента бітті. Сержант жаңасын салуға көмектесті, ал Мәншүк фашистер кейін шегілгенше оларға қорғасын оқты жаудыра берді.
... «Рама» ұшып кетті, ал біраздан кейін жау артиллериясы өз ісін бастады.
— Бәрің де патрондар мен гранаталарды, жанатын қоспа құйылған шыныларды қамдадыңдарма? Қазір фрицтер танкілермен килігеді, — деді Сұлтан Жиенбаев, траншеялар мен окоптарды бойлап келе жатып.
Старшинаның жанатын қоспа құйылған шыны туралы сұрағы Мұстафинді де, Мәншүкті де, басқа жауынгерлерді де абыржытып тастады. Бәрі де өлең етіп, тәтті қиял, ойдан лезде айықты. Олардың көңілінде қобалжу оянды. «Міне, қазір ұрыс басталады... Қалай болмақ?».
Оқиға таңертеңнен басталды, артиллерия гуілі барған сайын күшее түсті: бірде ана жерде, бірде мына жерде, оның үстіне барған сайын окоптарға жақын жерде жау снарядтары, миналары жарыла берді. Жау өшіге шабуылдады. Ол өз шабуылын тәулігіне он рет, тіпті одан да көп қайталады. Бірнеше тәулік бойы жау зеңбіректері қаһарлы да үрейлі гүрсілімен өздерінің ажал сепкен снарядтарын тастаумен болды. Жау артиллериясының гүрсілі боранда да басылмады, құдды балғамен ұрып, пулеметпен атқандай үздіксіз соққылады.
Осы ұрыста аға лейтенант Сәлімжан Құнанбаевтың автоматшылар ротасы ерлігімен көзге түсті, — деп еске алады Сұлтан Сүлейменұлы. Немістерді қанат жағынан айналып өтті де, негізгі күшінен басқы тобын бөліп тастап жойып жіберді. Әсіресе Қасен Сүгіров батылдық пен тапқырлық көрсетті. Ол жау пулеметіне елеусіз еңбектеп жетіп, пулеметшілер тобын жойып жіберді де, сол пулеметтен фашистерді баудай түсірумен болды. Осы кезде Құнанбаев ротасының басты бөлігі жекпе-жек айқаста немістерді жер жастандырып жатты.
Немістің талай танкісінің көзін жойған қарт жауынгер Сұлтан Жиенбаев кезекті шайқас туралы былай деп баяндап берді: «1942 жылдың желтоқсан айы болатын. Великие Луки түбіндегі шайқас еді. Қанды қырғын. Немістер осы кезде бізге он екі рет шабуыл жасады. Қырылып жатқан солдаттар. Бораған оқ бет қаратпайды. Берілген тапсырма бойынша Бурцево деревнясына біз таң қылаң бере жеттік. Бізге рота командирі аға лейтенант Құттыбай Өскенбаев: «Оң жақтан неміс әскерлерінің үлкен тобы келе жатыр. Абайлау керек», — деді. Тройня деген деревняға жеткенде, олар оң жағымыздан шыға келді. Біз олардың алдында, олар біздің артымызда. Аң-таңбыз. Ал алдымыздан немістердің танкілері бірінің артынан бірі, қатты жылдамдықпен жылжып келеді. Артында қарақұрым әскерлері бар. Бұл кезде командиріміз батарея командиріне істің мән-жайын білуге кеткен болатын. Мен алдыңғы танкіге командир келмей тұрып оқ жібердім. Атқан оғым танкіге жетіңкіремей тигенін байқап тұрмын. Жүгіріп келе жатқан командир «ат» деген бұйрық берді. Сонда екінші рет атқанымда алдыңғы танкінің жанармай сауытына тиген көрінеді, танкі жанып жатты. Жанымдағы солдаттар айқайлап, менің тағы да оқ жіберуімді талап етіп тұр. Екінші танкіге оқ жаудыратқанымда, ол да жанды. Ал қалған жау танкілері осыдан кейін кері қарай шегінді. Неміс жаяу әскері зеңбіректерімен тұс-тұстан бізге қарсы оқ жаудыртып жатты. Бұл шабуылда біздің адамдарымыздың жартысынан көбі қаза болып, оқ-дәрінің бәрі таусылды. Машиналарымыз тегіс қираған. Бірақ сонда да, беріспей, асқан табандылықтың арқасында сол шабуылдың бәрін тойтардық».
Міне, осылайша Сұлтан Жиенбаев қан майданның алғашқы күнінен бастап Жеңіс туы желбірегенше соғыстың азапты да қиын-қыстау кезеңін басынан кешірді. От пен оқтың, өмір мен өлімнің тайталасқан ауыр күндерін солдат етегімен қан кеше жүріп өткізді. Ауыр жараланған жараның зардабы жанға батса да, елге келген соң қол қусырып қарап отыра алмады. Мұнда соғыстан кейінгі елдің тұрмысын көтеру, ауыл шаруашылығын, тың көтеру, өнеркәсіпті өркендету, істері сияқты сан салалы жұмыстарды күн демей, түн демей, уақытпен санаспай, ел жағдайын көтеруге атсалысты.
Сол бір жетпісінші жылдардан бастап, сексенінші жылдардың орта шеніне дейін халқымызға қастерліде қадірлі, еліне адал қызмет еткен басты, басқа қызметтерін тілге тиек етпегеннің өзінде он бес жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Министрлер кеңесі Төрағасы Байкен Әшімовтың орынбасары қызметін атқарған ардагер, талай үкімет наградаларының иегері Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаев еді.
Ауыз толтырып айтарлық 55 жылдық еңбек тәжірибесінде талай қызметтің құлағын ұстаған Сұлтан ақсақалдың құрметті демалысқа шыққанына да он алты жыл болыпты.
— Халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Дінмұхамед Қонаевпен талай жыл бірге қызметтес болдыңыз. Біз ол кісіні алыстан білсек, сіз талай маңызды мәселелерді бірге шештіңіз, осы жөнінде бір-екі ауыз айта кетсеңіз?
— Мен Димекеңді сонау 1960 жылдан бері білемін. Жалпы ол кісі өзінің кім екендігін халқына танытып кетті ғой деймін. Республиканың бүкіл тыныс-тіршілігін жатқа білетін. Білімі мен білігі мол, өмірлік тәжірибесі бай биік тұлға, үлкен адам. Өнегелі еңбек жолынан, өмір жолынан өткен кісі. Қайсыбір істі болсын сабырлылықпен ақылға салып шешетін. Сондай тұлғамен де кеңесе отырып, келісіп, жарасып, жақсы жұмыс істедік. Ол халықты жанындай жақсы көрген адам еді, халық та оны қалтқысыз жақсы көрді.
100-ші ұлттық атқыштар бригадасының ардагері Сұлтан Жиенбаев жөнінде Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» Қасым Шәріповтың «Қатардағы Қаһарман», Әбдірашит Бектемісовтың «Майдангер жолдары», Әкентай мен Александра Халимульдиндердің «Мәншүктің жұлдызды сәті» деген шығармаларында жан-жақты айтылып, оның қанды майдандағы ерліктері баяндалады.
Сұлтекең 2000 жылы «Дайк-Пресс» баспасынан «Қазақтың ұлттық 100-ші атқыштар бригадасы» деген кітабын шығарды. Ол жөнінде ардагер былай дейді:
Жеңіс туы желбірегеніне алпыс жылдан астам уақыт өтті, бірақ фашистік ордамен шайқасқан жауынгерлер ештеңені ұмытқан жоқ.
Сан рет бізге Отан үшін өмірлерін қиған жауынгер жолдастарымызды жерлеуге тура келді, біз әрбір ретте олардың жарқын бейнелерін өз жүрегімізде сақтауға ант бердік.
Біздер тірі қалдық. Ал шайқастар даласында қаза тапқандар алдындағы тірілердің парызы туралы ой ешқашан біздің есімізден шыққан емес. Біздің тәндерімізге фашистік миналар мен снарядтардан түскен жаралар баяғыда-ақ жазылды, бірақ біздің жүрегімізге түскен жара-тыртықтар емделуге көнбейді, олар әлі күнге дейін ауырады. Жауынгерлік бауырластыққа адалдықты сақтау, тірілердің қаза тапқандар алдындағы парызын ұмытпау, бейбітшілікті қорғау және өз Отанын сүю — сол үшін мен осы кітапты жазуға көп жылдарымды сарп еттім. Онда Алматы қаласында жасақталған 100-ші қазақ атқыштар бригадасының майдан жолдары туралы баяндалады.
Кітап кейіпкерлері өздерінің шын аты-жөндерімен аталды, ал олардың жауынгерлік ерліктері деректі түрде берілді. Мәңгі өлмеске кеткендердің және жеңістен кейін өмір сүру талайына жазғандардың даңқты есімдері көп.
Қазақ халқының даңқты қызы, Совет Одағының Батыры Мәншүк Мәметова туралы, майдан жолдарын Мәншүкпен бірге жүріп өткен көптеген полктастар туралы да баяндалады.
Бұл кітапта біздің жүзінші қазақ атқыштар бригадасының құрамында Ржев, Великие Луки және Невель түбінде шайқасқандардың жарқын бейнелеріне терең құрметпен бас иеміз. Осы ұрыстарда қаза тапқандарға және тірі қалғанымен, сұрапыл соғыстан кейін ұзақ жасай алмағандарға, сондай-ақ қазіргі кезде де өмір сүріп, өзінің игілікті істерімен өмірімізге сән беріп отырғандарға бас иеміз.
Қарт солдат жанарын алысқа қадап, әңгімесін сабақтайды. Үнінде майданнан оралмаған боздақтарға деген сағыныш мол.
Жас кезімде бейнет, қартайғанда зейнет бер дейді біздің қазақ. Сол секілді адамзат баласы тарихындағы ең жойқын, ең қатыгез соғыстың басынан аяғына дейін жүріп отырған Сұлтан ақсақал қартайғанда бейбіт өмірдің қызығын көруде. 60 жыл бойы бірге ғұмыр кешіп келе жатқан жан жары Нұрания Керейқызы екеуі немере, шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Тіпті, жасы 89-ға келсе де Алланың берген күш-қуатының, күтімнің арқасында әлі күнге дейін таяққа сүйенбей, бақуатты келеді. Бар тілейтін елге тыныштық, бала-шағаға амандық.
Кімге де болса өнеге болуға жарайтын Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаев тәрізді ардагер ағалардың арамызда жайраңдап жүргені қандай бақыт!
Тілеу КӨЛБАЕВ
Тарих ғылымдарының докторы, профессор
ҚР гуманитарлық ғалымдар академиясының академигі
ҚР Журналистер Одағы сыйлығының иегері