Patriot-tulga.kz
Қонайдан жеткен тұяқ
Қазақ мемлекеттігінің тарихында өзіндік орны бар, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Ол өз ғұмырының жарты ғасырдай кезеңін тікелей Қазақстанның өндірістік қуа тын, әлеуметтік тегеурінін күшейтіп, қоғамдық -экономикалық инфрақұрылымын нығайтуға арнады. Қазақстан Республикасының гүлденуіне ерекше үлес қосты. Төменде ұсынылып отырылған мақалада Димаш Ахметұлының өмірбаяндық дерек терінің жұртқа беймәлімдеу тұстары мен балалық шағынан сыр шертіледі.
Дінмұхамед Ахметұлы өзінің өмірбаяндық «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген кітабында: «Қаны таза кісінің дені де, діні де, тілі де сау. Ізгілік жолын сақтап, сөзі ортақ болса одан озар байлық бар ма! Міне, қазақ сондықтан да шыққан тегін зерделеп, өсер ұрпағының ертеңіне ерекше мән берген. Халық үшін қашанда әкесінен ұлының тәуір болғаны жақсы. Жеті атаға толмай қыз алып, қыз беріспей шыбық қиып, ант етіскен ата-баба заңы осындай» деген пікір айтады. Қылышынан қан тамған империялық саясаттың ызғарынан тайсалмай қазақи дәстүрден бас тартпаған текті Димекенді асылдың сынығы деуге негіз бар. Димекеңнің ата-бабасы халқына өте қадірлі, ақылды, елжұрт сыйлап, аузына қараған қасиетті адамдар болған. Ал Жұмабай мен Қонай ел ағасы, жұртын қорғаған батырлар еді. Әкесі – Меңліахмет, ол кісінің
әкесі – Жұмабай, Жұмабайдың әкесі Қонай, Қонайдың әкесі – Азынабай. Дінмұхаммед Ахметұлы өзінің «Өтті дәурен осылай» деген ұла ғатты естелік кітабында өз ата-тегі туралы былай дейді: «Н.Аристовтың деректеріне сүйенсек, Үйсіннен Ақсақал (Абақ), одан Қараша би, одан Бәйдібек туады.
Біздің ата-бабамыз сол Бәйдібектің екінші әйелі Зеріптен туған Жалмамбеттің Ысты деген бел баласынан тарайды. Ал енді өзіме дейінгі жеті атамды қуалап айтсам былай: Жолай Нұрмамбет Азынабай Қонай Жетібай – Жұмабай Меңліахмет Дінмұхаммед . Ата-бабам тегіне тартып, қауға ұстаған кісілер екен. Шаруа баққанмен қара басының қасиетін қадірлей білген. Кісі есігін сағаламай еңбегін емген. Олар осы күнгі Қапшағай өңірінен Күрті өзенінің оң жақ жағалауын, негізінен Іленің сол қанатынан мына Құйғанға дейін жерді қоныс етіпті. Ертеректе бұл жерлер төменгі Іле болысы, Верный уезы, Жетісу губерниясы атанған. Қазір осы бір түгін тартса майы шығатын өңірді Алматы облысына қарасты Балқаш, Күрті аудандары жайлап жатыр ...
Қазақ тарихында кейде кішігірім ата тегіміз ел жұртына танымал,сыйлы да құрметті болған аналарымыздың аттарымен аталып кеткені де белгілі. Мысалы, Қонай атамыз Ысты руынан таралған. Ысты деген ру аты Жалмамбет атамыздың Сыланды атты бір әйелі Оңтүстіктің қайнаған ыстығында қымызды бұз бай (ашытып жібермей) өте жақсы ұстаған көрінеді. Сол кісіден үлкендер келіп: «Сіздің сақтаған қымызыңыз неге бұзылмай, ашымай сақталады?» деп сұраған да, ол кісі: «Сабаны жақсылап ыстап, суық сумен жиі-жиі жуып тұрса бұзылмайды», – деген екен дейді Аталары кейде Сыланды келінінің атын ұмытып қалып, «Әлгі Ысты келініміздің үйінен барып қымыз ішіп келейік» деп айта берген соң «Ысты келін» аталып кетіпті. Кейініректе бүкіл сол ауыл, сол әулет, тіпті ру да Ысты атанып кетіпті деген аңыз бар.
Міне, дәл осы секілді Қатықұлақ атамыздың да ұрпақтары «Қара кемпір», «Сары кемпірлер» деп аталып кеткен дейді көнекөз қарттар. Сөйтіп, Қонай атамыздың да ататегі кейде «Сары кемпір балалары», «Сары кемпірлер» деп аталады. Сары кемпірлер Іле мен Шу өзені аралығындағы кең алқаптарды мекен еткен. Олар Алматы облысындағы Іле өзенінің Сарытауқұм,Іле өзенінің сол жақ жағалауындағы Құйғаннан бастап Балқаш көліне барып тірелгенше, содан кейін Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарының Бетпақ далаға дейінгі жерлерді, Ақбастау,Көкбастау, Қопалы, Аңырақай деп аталатын алқаптарды мекендепті».
Қонайдың әкесі Азынабай жер таласына бола ағайынға өкпелеп, өзіне қарасты 60-70 түтінмен Аягөз арқылы Арқа жеріне, Тобықты еліне қоныс аударады. Бұл сірә, 1840-1850 жылдардың шамасы болса керек. Барған соң қыз алысып, қыз берісіп сол елге сіңеді, Қонайға сол жақтан қыз алып береді. Жиырма шақты жылдан соң онда да кикілжіңдер басталады. Сол тұста Азынабай өз замандасы Құнанбайға барып дау-дамайды басқанымен баласы Қонайға елге қайтудың жөн екендігін ескертеді. «Кірме мен күндестің күні бір» демекші Қонайға да тықыр
таяна бастайды. Кетейін десе тобықтылар: «Бақ деген – көшпелі, қыз алған күйеуге де кетеді, қыздан туған жиенге де кетеді», – деп қыздарын жібермей алып қалуға тырысады. Сонда Қонай: «жанымды алсаңдар аларсыңдар, бірақ қанымды қалдыра алмаймын!» – деп әйелі мен қызын
тастайды да бес жасар Жұмабайын алып, артына ерген жұртымен Жетісуға тартып отырады. Келген соң Алматы өзенінің оң жақ жағалауын жайлайды. Үлкен ұлы Жетібай оқыстан қаза тауып, Қонайдың өзін жол жүріп бара жатқанда Қаскелеңнің тұсында бейіт басында құран оқып отырған жерінде аңдыған дұшпандары өлтіріп кеткен кезде Жұмабай небәрі жеті жаста ғана екен. Ол Азынабайдың ортаншы ұлы Шолақ пен оған әмеңгершілік жолымен қосылған Жетібайдан жиырма екі жасында жесір қалған келіншегі Қырықжылқының қолында өседі. Жұмабай алғырлығымен көзге түседі, діни мектеп бітіріп, балаларға дәріс береді. Түркия арқылы Сауд Арабиясына аттанып,1905 жылы сегіз жыл дегенде әзер қажылық сапардан оралады. Дінмұхаммед Қонаевтың өз жазба-естеліктерінде айтқанындай,1886 жылы өмірге келген әкесі Меңліахмет Жұмабайдың бел баласы. Ол да еліне елеулі, халқына беделді адам болған. Оның оң жақ бетінде алақандай меңі болғандықтан да атын соған қарап қойыпты. Атасы Меңліахметтің ес біліп, ат жалын тартып мінетіндей – он төрт жасқа толған кезінде сол кезде Алматының аты жер жарып тұрған саудагер көпесі Ысқақ Ғабдуләлиевтің қол астына орналастырады. Қазан төңкерісіне дейін Меңліахмет сол Ысқақ көпестің қарамағында жалданып қызмет жасап жүреді. Димекеңнің өзінің естелік кітабында баяндалғандай, ата-анасы мектеп есігін ашып оқыған адамдар болмаған. Алайда, тек етінің ширақтығы, зеректігі мен зерделілігінің арқасында, көргенін көкейге түйе білгендігінің арқасында ел қатарлы өмір сүрген.
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, одан бергі уақытта зейнетті демалысқа шыққанға дейін бәрі де Алматы облысының ауылшаруашылық және сауда саласында қызмет істеген. Меңліахмет ақсақалдың өз бетімен білімін жетілдіріп жүргендігінің нәтижесінде екі тілде бірдей қазақша да, орысша да сөйлей әрі жаза білген. «Абай өлеңдерін, Сүйінбай жырларын жатқа айтып, өзі де түртінектеп бірдемелерді жазып жүретін. Оны біздің үйдегі Зуһра келініне «төте жазуға да, бүгінгі қаріпке де жорға кісі еді» көшіртіп отыратын әдеті бар еді» – деп жазады Дінмұхаммед Ахметұлы өз әкесі Меңліахмет жайлы еске алғанда. Меңліахмет ақсақалмен өзінің тірісінде бірнеше рет дидарласып, әңгімесін өз аузынан тыңдаған Ізбасар аға Балтағұлов ол кісі жайлы былайша ой толғайды. - Ә...сен әлгі Бақанастағы, Балқаштағы Балтағұлдың баласы екенсің ғой. Сенің әкең Балтағұл біздің Ыстыдан шыққан, кәрі құлақты, сауатты кісі екен. Ол Жандосов, Бәрібаев, Тоқаш Бокинмен таныс болған. Кенен Әзірбаевпен де ағалы- інілі болғанын маған айтқан. Сен, былайша атқандай бізге тума боласың. Ал енді, мен көп тарих білмеймін. Өз бала-шағамды айтып берейін: Әмина, Маймуна, Фазиля, Нейля, Гауһар, Роза, Сара деген қыздарым, Дінмұхаммед, Асқар деген ұлдарым бар. Бәрінің жоғары білімі бар. Балалы-шағалы болып кетті. Құдайға тәуба деп отырмын. Ал енді Димашты өздерің білесіңдер.
Ол менің ғана балам емес, қазақтың, бүкіл елдің баласы. Асқар да жаман емес, ол да – академик. Димашты да, басқаларын да өте қатал тәрбиеледім, одан жаман болған жоқ. Өте жақсы оқыды. Мәскеуде оқу бітіріп, Балқашта, Қоңыратта, Риддерде қызмет істеді. Соғыс жылдарының барысында Қазақстан үкіметінің орынбасары, Ғылым Академиясының президенті, Қазақстан Республикасының бірінші хатшысы болды, – деп Меңліахмет ақсақал әдеміше келген мұртын салалы саусақтарымен бір сипап қойып, әнгімесін жалғастыра:
– Ізбасар, саған айтайын. Құдай тағала біздің ата-бабаларымыздың ішінде Қонай атамызға ерекше ықыласы түсіп, ол кісіге аян берген. Олай дейтінім: ол кісінің аты үрім -бұтақтары арқылы тек Қазақстан ғана емес, әлемнің әр елдеріне белгілі. Сол кісінің фамилиясын алып жүргендердің бәрі де, шүкір, жаман емес. Димашты айтпағанда да, Асқар да – Қазақстанның және КСРО Ғылым академиясының академигі. Ал немерелерім Елдар мен Диар да – ғылым кандидаттары,– деп Меңліахмет ақсақал ақ ниетімен ақтарыла сөйлеп еді, – деп еске алады Ізбасар аға Балтағұлов.
Дінмұхамед Ахметұлының әке-шешесі жетпіс жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешкен. Әкесі Меңліахмет 1976 жылы 90 жасына үш ай қалғанда, ал анасы Зәуре апамыз
1973 жылы сексен алты жасында дүниеден озған. Енді Димекеннің балалық шағына оралар болсақ, ол 1912 жылдың 12 қаңтарында бұрынғы Верный қаласында дүниеге келген. Сол бір аумалы-төкпелі аласапыран заманда өмір есігін айқара ашқан қазақтың біртуар перзенті ес біліп, адам санатына қосылған балалық шағынан бастап-ақ талай аласапыран жағдайлар мен ашаршылық,өз халқының аспанына қара бұлт үйірілген оқиғаларға, атап айтқанда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс,1917 жылғы Қазан төңкерісі, одан бергі уақыттағы Голощекиннің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын » солақай саясаты мен ашаршылықтың да куәсі болды. Қарап отырсақ, ұлы адамның балалық шақтың бала дәуірін кешетін кезеңі осындай қилы-қилы кезеңдермен тұспа-тұс келіп, «Ер басына күн туса – ертоқымын жастанар, ат басына күн туса –ауыздықпен су ішер» дегендей, ел басына күн туған қилы заманмен астарлас болды.
Дінмұхамед Ахметұлының жастық шағында, ақыл-ойы толысып, Мәскеудегі Түсті металдар және алтын институтын қызыл дипломмен бітірді. Алғашқы еңбек жолын Балқаш мыс
қорыту комбинатының Қоңырат руднигінде әу баста машинист, содан кейін аға мастер болып бастады. 1937-1939 жылдары бұрғылау цехының бастығы, содан соң Қоңырат руднигінің бас инженері қызметін атқарып жүрген кезеңде өз халқының білімге де, өмірге де құштар, оқыған-тоқығаны көп зиялы ұл-қыздарына қазақша айтқанда бетке шығар қаймақтарына қырғидай тиген зобалаң жылдарды да бастан өткерді. Қабырғасы қайыса іштей тынып, жаны күйзеле күрсініспен болды. Қонаевтың балалық шағы мен Мәскеуде оқыған студенттік кезеңі Қазақ даласын жайлаған нәубет кезеңдерімен тұспа-тұс келген. Республикамыздың, еліміздің өмірінде халықты зорлық-зомбылықпен ұжымдастыру, ел ішінде азып-тозып, халықтың аштыққа тап болуы, «Жұт жеті ағайынды» демекші ел ішінде ашаршылықпен қоса ауыр індет жайлап, бейқам жатқан қазақ халқының бір бөлігі жан сауғалап Қытайға, Ауғанстан, Иран мен көршілес
Өзбекстан, Ресейге жер ауып кеткендігін естіп, жатса – тұрса жаны күйіп, қабырғасы қайысады екен. Ол туралы өмірбаяндық естелік –эссесінде жан-жақты жазады. Жас Дінмұхаммедтің жазған мына бір жолдарын оқығанда еріксіз жүрегіңе күш түсіп, қабырғаң қайысады: «Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген селосында тұратын әке-шешеме келсем, тігерге тұяқ жоқ, ел әбден азып-тозыпты. Аттап бассаң кісі өлімі, зарлаған ана, жылаған бала, 1932-1933 жылдары осы ауданның Балтабай, Маловодный («Құрғақсаз» деп атайтын сияқты) ауылдарында түндігі ашылмай қалған шаңырақта есеп жоқ». Бұл – бірер ауылдың тартқан қасіреті емес, исі қазақтың басына түскен нәубет болғанын Дінмұхаммед Ахметұлы қабырғасы қайыса еске алады. Бүкіл елді жайлап алған нәубеттің бір ұшығын студент кезінде 1933 жылы Оралдың Дектярск кенішіне практикаға барған кезінде көргендігін толғаныспен еске алады: «Құдай басқа салмасын, тап жауы деген желеумен мал- жанынан айрылып, жердің түкпірінен айдалып келгендер сеңдей соғылысады. Не ішер тамағы,не киер киімі жоқ, арып- ашқан, шетінен тірі аруақ. Одан да тіленшінің тірлігі көшілгері. Оның үстіне ертеден қара кешке дейін салпақтап жұмыс істейді. Практикадан Мәскеуге қайтарда теміржолда билет таппай, Свердловскіде табанымыздан таусылып жүргенімізде де, осы бір аянышты сурет алдымыздан кес-кестеп шықтыда отырды. Көрмегеніміз жоқ, – дей келіп, осындай нәубетті жылдарда «Бесеудің хаты» деген атпен барша жұртқа мәлім болған Ғабит Мүсірепов бастаған Дәулетқалиевтің, Алтынбековтың, Ғатаулиннің, Қуанышевтің бастарын бәйгеге тігіп, Сталинге жолдаған хаты, сондай-ақ ержүрек коммунист, үлкен лауазымды қызметте жүрсе де халқының мүшкіл халін ойлап Сталинге, Молотов пен Кагановичке бір емес, төрт бірдей хат жазған, сол кезде РКФСР Халық Комиссариаты төрағасының орынбасары болған Тұрар Рысқұловтың Қазақстандағы жағдайды егжей–тегжейлі баяндай келіп, аштыққа, ауруға шалдыққан қазақтардың ауа көшіп, ата қонысын тастап, жанбағыс қамымен шетелге ауып кетіп жатқанын жазған.
Дінмұхамед Ахметұлы Тұрардың бұл хатының өз халқын нәубеттен арашалап алып қалуға көмегі көп болғандығын айтып, жоғары баға береді. Сөйтіп, әпербақан Голощекиннің орнына Қазақ өлкелік комитетінің басшылығына келген Л.И.Мирзояның орталықтың ығында кетпей, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға күш салғандығын ризашылықпен еске
алады. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев (әкесінін аты Меңліахмет болғанымен құжаттарда Ахмет деп көрсетіліп кеткен) халқының тағдырына бала кезден мән беріп, соны көкейіне түйіп, өмір бойы болашағы үшін аянбай адал еңбек етті. Оның ел ішіндегі ұлылыққа толы қарапайымдылығы жайында аңызға айналған әңгімелер жүрек тебірентеді. Қиын-қыстау кезеңде қоғамға белсенді үлес қосқан азаматтардың еңбегін Димекең ешқашан ұмытқан емес.
Бала кезінде өзіне тәлім берген ұстаздарына кейін жауапты қызметтерде болғанда үлкен қамқорлық көрсетіп отырған. Ол кісі айналасындағы ізгі жандарды ешқашан санасынан өшірген емес. Бұл туралы «Дінмұхамед Қонаев және Алматы» атты жинақта егжей -текжейлі баяндалады. Міне, халқымыздың біртуар, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлының есімін дүниежүзінің жұртшылығы Қонаев деген фамилиясы арқылы
таниды. Сол Қонай – Дінмұхамед Ахметұлының арғы атасы болады. Сондықтан берісі қазақ халқына, Қазақстан атты дүниежүзіне танымал, республикамыздың өркендеп, өсуіне өлшеусіз үлес қосқан Дінмұхамед Қонаевтың осындай қарапайым Қонай деген қазақтың төртінші ұрпағы екенін оқырман қауымның білгені жөн.
Раушан Каршалова,
“Патриот тұлға”