Patriot-tulga.kz
Менi жаңа техника жасауға жетелеген Күш – ұлттық намыс!
Сантай Жетесов, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигi:
– Сантай аға, техника ғылым-дарында ғалымдар көп болғанымен олардың iшiнде өнертапқыштары аз, шын мəнiнде жаңалық ашқандары тiптi аз. Ғылым, ол əдетте консервативтiк əлем, оқымыстылар көбiне бiр бағытта, бiр салада жұмыс iстегендi ұнатады, ал, сiз болсаңыз ғылымның бiр ғана емес бiрнеше саласында, су мен жел энергетикасы, қару-жарақ, монорельстiк көлiк секiлдi бiр-бiрiнен мүлдем алыс жатқан, бiр-бiрiмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын салаларында табысты еңбек етiп келесiз. Мұның сыры неде, сұхбатымызды содан бастасақ...
– Менiң бұлай, сiз айтқандай «түрлi жанрларда» жұмыс iстеуiме ғылымның дамуы мен көптеген мәселелер бойынша бiздiң елдiң, оның iшiнде қазақ ғалымдарының елеулi еңбегiнiң болмауы, «неге өзге жұрт iстегендi бiз iстей алмаймыз?» деген қыжыл әсер еттi... Институтта оқып жүрген кезде-ақ мен «студенттiк ғылыми үйiрмелерге» қатыстым. Оқу бiтiрiп, шахтада екi жыл жұмыс
iстегеннен кейiн сол ғылымға деген құмарлық менi Днепропетровск қаласына аспирантураға алып барды. Оны бiтiрген соң осында, Қарағандыдағы бұрынғы политехникалық институтқа, қазiргi тех никалық университетке келiп академик Әбiлқас Сағыновтың қол астында қызмет еттiм. Менiң кандидаттық та, докторлық тақырыбым көмiр өндiрiсiне, шахтаға байланысты болды. Ол уақытта алған авторлық куәлiктерiм де бар. Менiң ұстазым ерекше ұстанымдағы, орысша айтқанда өте принципшіл адам едi. Өмiрдiң басқа жақтарындағыдай, ғылымда да жаңалықты «бунтарьлар» ашады. Жай әшейiн сөлбiрейiп жүргендер ештеңе ашпайды, бiлдiңiз бе?! Мен де мiнезi шатақтау, жұртпен сыйыса қоюы қиын адамның бiрiмiн, кейде «түйе», кейде «биемiн», басшыларыма қарсы келетiн кездерiм де болады, ұстазым Сағынов соған қарамай маған үнемi қолдау көрсетiп отырды.
Менiң қолым қандай да бiр кiшкентай жетiстiкке жеткен болса, ең алдымен сол кiсiнiң көрегендiлiгiнiң арқасы деп бiлемiн.
– Қарапайымдылығыңыз, ұстазыңызға деген адалдығыңыз керемет екен... Сiз бұл жаңалық тарыңыздың алдын ашқаныңызға талай жыл болды ғой, солай емес пе?
– Иә, ол солай. Бiз бiрталай жаңалық ашқан кезiмiзде ескi дүние құлады. Тәуелсiздiктің алғашқы жылдарында талай орыс ғалымдары тарихи отанына – Ресейге кетiп қалды және өздерi ғана кеткен жоқ, осындағы қондырғы атаулыны, ең ақыры Байқоңырдағыларды да түгiн қалдырмай ондаған вагонға артып, әкетiп қалды ғой. Оның несiн жасырамыз?!..
– Рас, айтылмайды, əйтпесе олар бiздiң елімізден аз əкеткен жоқ...
– Және онымен де қоймайды, бiзге «сiздер ешнәрсе ойлап шығарып әуре болмай-ақ қойыңыздар, бiзден дайын дүниенi сатып ала берiңiздер» деп келедi. Әсiресе, қару-жарақ мәселесiнде осындай болды. Бiзге, нақтылап айтсам маған, мұндай ұстаным мүлдем ұнаған жоқ! Қарудың да, оқ снарядтың да бiрталай жаңа түрiн ойлап таптым. Оларды атып та көрдiк, жақсы нәтиже бердi. Принциптi түрде жаңалық жоқ жерде әлемдiк қолданыстағы бар дүниелердi жаңаша қасиеттерге ие болатындай етiп жетiлдiрдiм.
– Тырнақалды жаңалығыңыз қайсысы едi?
– Тырнақ алдысы – гильзасыз оқ ойлап табуым болды. Германиялық «Heckler und Koch» фирмасы – оқ шығарумен айналысатын әлемге әйгiлi компания. Мынау – «Изобретения двойного назначения» деген кiтап. Мiне, мұнда сол компанияның гильзасыз оқ шығаруы жайлы жазылған. Бiрақ маған олар жасаған нұсқа ұнаған жоқ, мен оны басқаша етiп жасадым. Бiр сөзбен айтар болсам, мен оқтың оқ дәрiсiн оның өзiнiң iшiне кiргiзiп жiбердiм. Рас, бiрден ойдағыдай бола қоймады,
бiрақ бiрте бiрте жетiлдiре отырып, ойымыздағыдай етiп жасай алдық. Оқты жасап болғаннан кейiн оны ататын қару керек қой, бiз ендi оққа ыңғайластырып қару жасадық. Оны ППЖ (пистолет пулемет
Жетесова) деп атадық. Оғының күшi ерекше, қалыңдығы бiр метр кiтапты тесiп кетедi. БМП (боевая машина пехоты) дегендi бiлесiз, соның шынжыр табанын үзiп жiбередi. Гильза жоқ болуына байланысты бұл қарудың бойында көптеген өзгерiс бар, соның арқасында Калашников автоматынан
екі есе қысқа (30 см ғана) әрi одан үш есе жеңiл. Сосын «солдаттың қол зеңбiрегiн» – СПЖ-ны («солдатская пушка Жетесова») ойлап шығардым. БМП-ның iшiне 1 зеңбiрек және командирiмен қосқанда тоғыз солдат сыяды. Ал, мен жасаған нұсқа бойынша, әр солдаттың пистолет пулеметiне
қоса өзiнiң жеке зеңбiрегi болады! Салмағы – 3,5 келi ғана! Диаметрi 20 милиметрлiк авиациялық
зеңбiректiң оғымен атыла бередi. Оны тiптi автоматтандыруға да болатын едi, бiрақ, сынақтан өткiзуiне қатысқан сол кездегi ҚР Қорғаныс министрi Мұхтар Алтынбаев «минутына 10 рет ата алады екен, соның өзi әбден жеткiлiктi!» дедi.
– Демек, бұл қол зеңбiректi де, пистолет-пулеметтi де жасап, атып көрдiңiздер ме?
– Иә. Зеңбiрек снарядтарының, әсiресе, қысты күнгi қарлы даладағы жарылған көрiнiсi тамаша!.. Снарядтың 3 түрiн жасадық: кәдiмгi зең бiректiң өзiнiң оқ снаряды түрiнде; iшiне 40 шақты жарықшақ оқ салып, миномет оғы түрiнде; үшiншiсiн «почта-пуля» деп атадық. Ол ненi бiлдiредi? Қазiр әлемде, оның iшiнде қалалы жерлерде
тер роризмнiң қатты өршiп тұрған кезi. Солардың, мысалы ИГИЛ содырларының бiреуiнiң немесе бiрнешеуiнiң көпқабатты үйдегi қай пәтерге орналасқанын анықтадық дейiк. Сiз олардың үйiне кiрген кезiн аңдып тұрып, iшiне арнайы дәрi салынған оқпен терезесiнен атсаңыз, олар дәрiнiң иiсiнен есiнен танып құлайды. Есiгiн бұзып кiресiз де, шетiнен байлап ала бересiз...
– Сiздiң студент кезiңiздiң өзiнде КСРо Қорғаныс министрлiгiне танктiң ұңғысын ракета ұшыруға пайдалану үшiн қолдануды, ал, аспирант кезiңiзде ұшақтардың қанатының геоме триясы өзгерiп тұратын етудi ұсынып хат жазғаныңыздан, екi ретте де ректораттың «өз мамандығыңның мəселесiмен айналыс, əскерилердiң мəселесiнде шаруаң болмасын» деп ескерту алғаныңыздан хабарым бар... ал, өзiмiзде қару-жарақ жасаумен шындап қай уақыттан бастап айналыса бастадыңыз?
– Сол тәуелсiздiк алғаннан берi қарай ғой. Бәрiмiз әншi, әртiс, жазушы болғымыз келедi, сонда Отанымызды қорғаумен кiм айналысады?! Шетелге қашып кеткен В.Храпуновқа Алматы қаласының мэрi болып тұрғанда ұсыныстарыммен кiрсем, ол маған «мен мына әртiс, әншiлердiң мәселесiн шеше алмай отырмын, сiздiң қаружарағыңызбен айналысуға уақытым да, ынтам да жоқ, қажет болып жатқандарын Ресейден қанша керек болса сонша сатып ала саламыз» дегенi бар...
Мiне, мынау «қаламұш» пистолет. Төсқалтаңызға салып қойсаңыз, сыртынан бiр қараған адамға қалам ұштан айнымайтын болған соң ешқандай күдiк тудырмайды...
– Ендi төрт жағына бiрдей оқ ататын танктерiңiз жайлы айтып берсеңiз.
– Рас, оның бiр жағына қарай да, төрт жағына да бiрдей бiр мезетте 40 снарядтан 160 снарядқа дейiн ата алатын түрiн ойлап шығардым. Менiң танкiмнiң iшiне 1 емес, 4 көздеушi оңай сыйып отыра алады және олар бiрбiрiне ешқандай кедергi жасамайды, өзiнiң секторына оптикалық аспабы арқылы оқ жаудырып отыра бередi. Танктердегi қолданылатын оптикалық аспапты (қарауылды) бiз Түркиядан сатып аламыз, Израиль де «бiзден алыңдар» деп жатыр... Танк ататын снарядтардың жалпақ диск түрiндегiсiн де ойлап шығардым. Ол ұшып бара жатып айналып бара жатады және оның тiстерi болғандықтан жолындағы тиген нәрсенiң бәрiн қырқып, қиратып кете бередi. Танктiң жауы миналанған алқап екенi белгiлi. Менiң танкiмнен алдындағы 30-40 метрге қарай кiшкентай картоп секiлдi снарядтармен оқ жаудыра аласыз. Ол оқтар жердегi тығылып жатқан миналарды өзiнiң дүмпуi арқылы жарылуға мәжбүр етедi, соның арқасында алдыңыз минадан таптаза болып шыға келедi... Мұның бәрi жақсы-ау,бiрақ, бiздiң ең осал жерiмiз – Ресей болып тұр. Олар бiздiң ешқандай жаңалығымызды өткiзбей отыр. Және жоғарыда айтқанымдай, «жаңалық табамын» деп несiне әуре боласыз дар, бiзден не керегiңiздiң бәрiн ала берсеңiздершi, бiзден әр оқты 4 теңгеден өз құнымен сатып алыңыздар» деп отыр. «Менiкi – жаңалық қой» десем де тыңдамайды, «бiздiң онсыз да басқа қуатты қаруымыз жеткiлiктi» дейдi...
– Дұрыс қой, нарық бар жерде бəсекелестiк бар, кiм бəсекелесiне жол бергiсi келедi дейсiз? Мұхтар Алтынбаев СПЖ- ны көрiп, риза болды дедiңiз. Ал, бүгiнгi таңдағы нақты жағдай қандай?
– Айтқаныңыз дұрыс, ғылымға кедергi келтiретiндер қайда барады дейсiз?! Бiрақ дәл бүгiн Сәке, әкелiңiз, жасап шығара қояйық!» деп жатқан ешкiм көрiнбейдi. Рас, Ақтөбеден бiр жеке кәсiпкер келдi, алайда, ол да сөзi болмаса iске бара алған жоқ...
– Математик Мұхтарбай Өтелбаев ағамызды да қорғаныс жайы толғандырып жүр екен... Жалпы, ғалымдарымыздың өз еркiмен бұл мəселемен айналысып жатқаны жақсылықтың нышаны ғой. Ендi басқа жаңалықтарыңызға келейiк...
– Мынау – жалпақ турбореактивтiк мотор. Әдетте оның дөңгелек болатынын бәрiмiз бiлемiз. Бiз бұған авторлық куәлiк алып қойдық, болашақта оны да игеру керек қой. Ал, мына жаңалығыма – Астанадан Алматыға жүретiн капсулаға келейiк. Өткен ғасырда ауамен келетiн «редакторлық капсула» деген болған, соған журналист жазған мақаласын салып жiберетiн, капсула барып редактордың алдына топ ете қалатын. Бұл жоба нұсқасына сай жердiң астымен немесе үстiмен қатар тұрған мұнай таситын құбыр секiлдi диаметрi 600-700 мм болат екi құбыр жүргiзсе жетiп жатыр. Құбырдың iшiндегi ауаны сорып алсаңыз, капсуланың алдында вакуум пайда болады дағы, жылдамдық дегенiңiз күрт өседi. Ал, мынау – тiк (вертикальды) оське орнатылған жел генераторы. Бiз көрiп жүрген жел генераторларының осi горизонтальдi болып келедi ғой, солай емес пе?
– Айырмашылығын көрiп тұрмын, артықшылығы қандай?
– Қалқанша клапандары бар дөңгелек шнектiк шиыршықтық (спиральдық) қондырғы жел диiрменнiң төбесiне орнатылады, ол айналдырған генератор төменде энергия жинай бередi. Кәдiмгi
күнделiктi тұрмыста қолданылатын винттi еттурағыш бар емес пе, соның тiкесiнен қойылған түрi десек түсiнiктiрек болар. Бiрiншiден, мұндай генератор бiзден басқа ешкiмде жоқ, бiз оған да авторлық куәлiк алып қойғанбыз. Екiншiден, бұл өте ықшам, бiздiң көзiмiз үйренген алып қалақтардың бұған қажетi жоқ. Үшiншiден, желдiң күшiнiң қатты болғаны да керек емес, жай ғана соққан желдiң өзiнен көп энергия өндiре алады. Тиiмдiлiгi дәстүрлi генераторлардан әлдеқайда жоғары!
– Жел генераторларын өте көп қолданатын Германия, Голландия сияқты европалық елдердiң жерi негiзiнен жазық болғандықтан, жел əдетте бiрқалыпты соғып тұрады. Ал, бiздегi таулы аймақтардағы бағытын күрт өзгертiп, құйындата соғып тұратын жел жағдайында бұл қалай жұмыс iстейдi?
– Бiз ол жайтты да есепке алғанбыз – тамаша iстейдi! Бағыттаушы қалақшалар желдiң соққан жағына қарай оп-оңай, тiптi терiсiне қарай да бұрыла салады. Қалай бұрылғанда да ток бере бередi.
– Мұны жасау қымбатқа түспей ме?
– Жоқ, керiсiнше. Себебi, оны кәдiмгi күнделiктi қолданыстағы металдан жасауға болады. Одан да бұрын дәстүрлi жел диiрменнiң қалағы қисық сызықты болып келетiн болғандықтан, оны жасау қиын. Ал, мына диiрменнiң қалағы төрт бұрышты болғандықтан, оны жасау оп-оңай. Екiншiден, қисық сызықты қалаққа желдiң күшi көп түседi, соның салдарынан ол тезiрек тозады.
– Бес қабатты 50-60 пəтерлiк орташа панель үйдiң төбесiне нешеуiн қойса жеткiлiктi?
– Сағатына 5 кВт энергия өндiретiн генератордың бесеуi ондай үйдi электр қуатымен толық қамтамасыз ете алады.
– Қарағандыда сынақ түрінде болса да үйiнiң төбесiне қойған, пайдасын көрiп отырған көп- пəтерлi немесе жеке үйлер бар ма?
– Әзiрге ондай жаңалық құмар қалталы жан табылар емес. Олар ақшаларын басқа нәрселерге жұмсағанды тәуiр көредi-ау деймiн... Бiзде зауытта жасалған макеттiк нұсқалары ғана жұмыс iстеп тұр.
– Ендi сiздiң гидрогенераторларыңызға келейiк...
– Судан энергия алудың жолы көп екенi белгiлi. Мен мына генераторды ойлап табарда соғыстан соң азат етiлген Донбасстың фашистер суға толтырып кеткен шахталарынан суды қалай сорып, тазартылғаны есiме түстi, сол идея маған түрткi, аяқ тiрейтiн негiз болды. Донбастағы шахталардағы суды сорып алуға мынадай тәсiл қолданған. Суға құбыр түсiрген. Сосын және бiр құбыр түсiргендағы, осы екiншi құбырға жiберiлген қысымы қатты ауаның күшiмен суды алдыңғы құбырдың iшiмен жоғары айдап, 420 метр биiктiкке дейiн көтерген! Ал, алғашқы кеңес су электр стансалары – ДнепроГЭС, Волхов ГЭСтерiнiң су құлайтын биiктiгi 15-20 метр ғана. Судың ең биiк құлайтын жерi Красноярск ГЭСiнде – 100 метр. Демек, суды 100 метрге көтерiп, одан электр қуатын
өндiретiн турбиналар қоятын 20 метрлiк 5 каскад (сарқырама) iстеуге болады ғой, солай емес пе?!
Ал, қаладағы 30 қабат үйдiң де биiктiгi 100 метр. 5 каскадтың пайдаланылған суы төмен қарай бекерге құлап жатқан жоқ па?! Сол босқа ағып жатқан судың энергиясын неге алып қалып, электр тогын өндiрмеймiз?!..
– Мынауыңыз шынында да ешкiмнiң ойына келмеген нəрсе екен... Тек 20 метр биiктiк энергия өндiруге жеткiлiктi ме? Волховтағы 20 метрдiң жөнi бөлек, өйткенi ол жер онша биiк бол мағанмен, судың массасы өте көп едi ғой?
– Дұрыс айтасыз, бiрақ, бұл жердiң өзiндiк қулықтары бар. Суды биiктен тiптiке құлата салмай, винтпен құлату керек. Сұйықтың ағысының екi түрi бар екенi белгiлi – ламинарлық және турбуленттiк. Ламинарлық ағыс та сұйық қабаттары бiр-бiрiмен араласпай, тұрақты жылдамдықпен
ағады. Ол жылдамдық күшейсе немесе жолай кедергi кездессе, қабаттар бiр-бiрiмен араласып, ендi бiрқалыпты тұрақты қозғалыс хаостық қозғалысқа ауысады, оны турбуленттiк деп атайды. Винттiң бойымен суды бұрап ағызса, су осы екi ағыстың орташа күйi мен, үшiншi ағыс түрiмен ағады екен. Сол қозғалыстың алдына қабырға қойсаңыз, судың қабырғадан шығарда жылдамдығы өте күштi болады екен. Мiне, бiз осы жылдамдықты пайдаланамыз! Жалпы, электр энергиясын өндiрудiң ең тиiмдi түрi құлаған судың энергиясын пайдалану екендiгi белгiлi. Ендеше, бiзге кез келген кiшкентай
су қоймасы, құдық, қысқасы су көзi болса жеткiлiктi, соның суын насоспен ауамен жоғары айдап аламыз да, төмен қарай өзiмiзге тиiмдi жолмен құлатамыз, сөйтiп, электр энергиясын ала беремiз! Жоғарыда су қорын жасап алуға 1000 тоннадай су кететiн резервуар қойсақ жеткiлiктi. Төмен түскен суды қайтадан жоғары айдауымызға да болады.
– Ендi сiздiң жартылай трамвай, жартылай автобус жобаңызға келейiк. Əсiресе, осы жобаңыз менi өте қатты қызықтырды. Өйткенi, елiмiздiң қалаларындағы кептелiс дегенiңiз күн санап өте күрделi мəселеге айналып барады ғой.
– Жаңалықтың мәнi мынада – бұл көлiктiң бiр жағы монорельспен жүредi, екiншi жағы резина доңғалақпен жүредi. Керек кезiнде электр күшi, керек кезiнде дизель моторы iске қосылады. Рельстi
бордюрдiң үстiмен салсаңыз жол да үнем болады. Рельстiң өзiнен тағы үнем жасаймыз. Үшiншiден,
екi рельсi бар трамвай жолдарының бұрылыстарында доңғалақ iшкi рельспен азырақ айналады, сыртқы рельспен көбiрек айналады, соның салдарынан рельстiң бiреуi екiншiсiне қарағанда тезiрек тозадыдағы, оны жиi ауыстыру мәжбүрлiгi туындайды. Мына бiздiң монорельстiк жағдайда ол тозбайтын рельске айналады... Бiз бұл көлiк үшiн рельстiң «Жетесов рельсi» деп аталатын арнайы түрлерiн де жасадық. Олар «кәдуiлгi рельс», «құрама рельс», «мықты рельс» деп бөлiнедi. Бiрақ мұны да iске асырайын деп жатқан ешкiм жоқ...
– Дегенмен, дəл осы көлiк түрiн жасау, осы рельстi жасау өз қолымыздан келедi ғой!
– Келгенде қандай! Тек Ақтөбедегi рельс жасап жатқан италиялық компания өзi жасап жатқан рельстен басқа жобаға ауысқысы жоқ. Басын ауыртып қайтедi?..
– Cұхбатымызды сiздiң шыққан тегiңiз, өскен ортаңыз жайлы, неге алматыға емес, Қарағандыға оқуға түскенiңiз жайлы, өмiрден өзiңiз көрген бiр-екi ғибратты оқиға туралы əңгiмемен аяқтасақ.
– Мен – есiмi Сыр бойына әйгiлi Жетес бидiң ұрпағымын. Би атамыздың әкесiнiң аты Мыңбай
екен, оның әкесi Дәкен бабамыз қойы қора тұрмақ, далаға сыймаған бай кiсi болыпты. Соның өзiнде
көктемнiң суық күнiнде түнде тұрып, қоздаған қой болса қозысын шапанының етегiне орап, үйге алып
келедi екен... Соғыс кезiнде менiң туған өлкем – Ақтөбе облысының Бершүгiр стансасының маңайында шахта салынатын болады. Қарағанды шахталарының бiрiнде проходчик (үңгушi) болып iстейтiн озат шахтер Ахметжан Бiржановты жаңа шахтаға директор етiп жiбередi. «Ойбай-ау, мен жұмысшымын ғой, бiлiмiм жоқ!» дегенiне қарамайды, «коммунист адам партияның бұйрығын тал қыламайды, орындайды!» дейдi. Менiң әкем поселкелiк Кеңестiң төрағасы болатын, ол кiсi ауданнан «сiз директорға көмек бересiз, қолдау көрсетесiз» деген тапсырма алады. Екеуi достасып кетедi...
Ахметжан аға елiне 1948 жылы қайтты. Мен 1954 жылы 15 жасымда-ақ мектеп бiтiрiп қойдым,
сол кезде Ахаң «Қарағандыға кел, Таукен институтына оқуға түс» деп шақырды. Кейiн ол политехникалық институт болды, қазiр – Техникалық университет. Бiздiң Бершүгiрдегi шахтада атақты жазушы Iлияс Есенберлин 1954–55 жылдары бастық болып iстедi. Күндiз директорлық қызметiн атқарса, түнде тырп етпей отырып, кiтап жазады екен. Қолжазбасының көптiгi сонша, екi қапшық, бiр шабаданға салып, өзiмен тастамай алып жүретiн көрiнедi. Бiздiң елден Алматыға көшкен кезде әкете алмағанын әкемiзге сенiп, «мен барып жайғасқан соң поштамен салып жiберерсiз» дептi. Әкем аманатын орындады. «Бiр-екi жерiн оқып көрiп едiм, бас көтере алмайтындай қызық екен» деушi едi әкемiз... Менiң Раиса есiмдi қарындасым бiр ұлының атын жазушының құрметiне Iлияс деп қойды. Ал, институтта оқып жүргенде маңдайымызға Алашорданың жетек шiлерiнiң бiрi, Ленинмен Қазақ автономиялық республикасының шекарасы жайлы асқан бiлгiрлiкпен, табандылықпен келiссөз жүргiз ген, қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры, математика оқулығының авторы Әлiмхан Ермековтiң дәрiсiн тыңдау бақыты бұйырды. Сабақты орысша да, қазақша да бiрдей түсiндiре беретiн. Тiлi өте бай, шұрайлы болатын. Ол кiсi 1957 жылы ақталды ғой. 1970 жылы қайтыс болғанда бейiтiнiң басында ол кiсi оқытқан студенттердiң атынан мен сөз сөйледiм... 1967 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының президентi сайланатын болып, оған үмiткер екi адам болды, бiрi – менiң ұстазым, 1954 жылдан 1987 жылға дейiн Қарағанды политехникалық институтының ректоры болған Әбiлқас Сағынов, екiншiсi – геолог, 1966 жылы КСРО Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атанған Шахмардан Есенов едi. Есенов – ғылым кандидаты, Сағынов – ғылым докторы. Президент болып Ш.Есенов сайланды. Және оған Әбекең ренжiген жоқ. Айтайын дегенiм, жиынға сол кездегi республика басшысы Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаев келдi. Димекең алдыңғы қатарда тұрған кiсiлермен, iшiнде Әбiлқас аға да бар, қол алысып амандасты. Мен Әбiлқас Сағыновтың арт жағында тұрғанмын. Қолымда Әбекеңнiң сызбалары. Сөз сөйлеген кезiнде керек болып қала ма деп маған берiп қойған болатын. Димекең маған қарай бұрылып, қолын ұсынды. Қандай қара пайым дылық десеңiзшi!.. Димекеңнiң қарапайымдылығына кейiн тағы бiр рет куә болдым. Ол кiсi екiншi Алтын Жұлдызды алғанда мен iссапармен Мәскеуде едiм. Сондағы Қазақстанның Тұрақты өкiлдiгiнiң ғимаратында орналасқан қонақүйге түскенмiн. Кешке келсем, мен және тағы бiр азамат екеумiз қалыппыз, қалғандарын қаланың өзге қонақ үйлерiне жiберiптi. Маған «Димекең осындай қуанышқа байланысты 3 қабаттағы залда банкет берiп жатыр» деп ескерттi. Оған республиканың, облыстардың басшылары шақырылған екен. «Жұлдызды» жуу» тойы тып-тыныш, өте сыпайы түрде өттi... Тағы бiр «жуу» жайлы естелiкпен әңгiмемiздi аяқтасақ аяқтайық. Мен «Жетесовтiң пистолет-пулеметiн» екiншi рет сынақтан өткiзiп, соны атап өтiп жатқанбыз. Қасымызда ғарышкер Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкiров бар. Маған сөз кезегi келгенде: Алтынбайдың Мұхтары, Оңғарбайдың Тоқтары, Атып көрдi бәрi де, «Жетесовтiң» оқтарын! – дедiм. Ду қол шапалақ...
– Болашақта мұның бəрiн өзiмiзде жасап шығара тынымызға, оларды шетелге сатып,
миллиондаған пайда табатынымызға менiң еш қандай күмəнiм жоқ. Сiздiң де күмəнiңiз болмасын! Құдай өзiңiз ге қуат берсiн, жаңа техника түрiн ойлап табудан шаршамаңыз!
Сұхбаттасқан:
Өмiрзақ АҚЖIГIТ.